Белгілі ақын, қазақ поэзиясының жезкиігіне айналған Кәкімбек Салықов 82 жасқа қараған шағында дүниеден озды
Белгілі ақын, қазақ поэзиясының жезкиігіне айналған Кәкімбек Салықов 82 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Ол 1932 жылы 22 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Шал ақын ауданының Еңбек ауылында туған. 1947 жылы Көкшетау қаласындағы №21 мектепте орташа білім алып, 1950 жылы Сырымбет тауы бөктерінде Казгородок қазақ орта мектебін бітірді. 1955 жылы Мәскеудің түсті металлургия және алтын институтын бітіргеннен кейін Жезқазған кенішінде кен мастері, участке бастығы, Қ.И.Сәтбаев атындағы кен-металлургия комбинаты парткомының хатшысы, Қазақстан КП қалалық комитетінің бірінші хатшысы, Жезқазған комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарды.
1975 жылдан КОКП Орталық Комитетінің аппаратында инспектор болып қызмет істейді. 1984 жылы Өзбекстан КПОК-нің бюро мүшесі, Қарақалпақ облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, одан кейін Кеңестер Одағы Жоғарғы кеңесінің экология комитетінің төрағасы, Жоғарғы кеңестің Президиум мүшесі қызметтерін атқарды.
Алғашқы өлеңдер жинағы – «Сыр» 1977 жылы жарық көрді. Сол жылы «Жезкиік» атты жыр жинағы орыс тіліне аударылып жарияланды. 1981 жылы «Қырғызстан» баспасы оның «Нұрлы күндер» кітабын қырғыз тілінде, 1983 жылы Ғафур Ғұлам баспасы «Жезкиік» жинағын өзбек тілінде шығарды. «Букетовке реквием», «Эдельвейс», «Ғасырға тең бір мезет», «Че Гевара» атты поэмалары орыс тіліне аударылды.
К.Салықов — «Дала», «Қырандар», «Гәкку», «Жезкиік», «Еңлікгүл», «Тәттімбет», «Домбыра», «Қарақалпақ», «Кенесарының соңғы сөзі» секілді көптеген поэмалардың авторы. Соңғы жылдары оның «Ойтолғақ» (2001), «Сырғалы сонеттер» (2001), «Күзгі шуақ» (2004), «Күзгі сарын» (2005), «Сенсің ел данасы» (2006), «Әлемнің сегізінші ғаламаты» (2006), «Мағжанға тағзым» (2008) кітаптары жарық көрді. В.В.Маяковскийдің «В.И.Ленин» поэмасын, А.С.Пушкиннің өлеңмен жазылған «Евгений Онегин» романын, М.Ю.Лермонтовтың, Ю. П. Полонскийдің, Р. Ғамзатовтың, Алдан-Семеновтың, С.Норовчатовтың, В.Савельевтің, Я.Коластың, М.Львовтың, моңғол және өзбек ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Б.Жұманиязов, Н.Тілендиев, Ә.Бейсеуов, Е.Хасанғалиев сияқты композиторлар ақынның көптеген өлеңдеріне ән шығарды. «Жезкиік», «Сағыныш», «Аққу әні», «Үш арыс», «Бір ауыз сөз», «Оқжетпес», «Көкшетау», «Жамбыл ата» сынды туындылары халық әніне айналып кетті.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне үш мәрте (IX, X, XI) депутат болып сайланған, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының иегері (2001), Халықаралық Қ.Сәтбаев қорының президенті, Қазақстан Республикасы «Экология» академиясының академигі болды. Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Парасат» және Халықтар Достығы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.
Дата создания: 28.03.2022 16:15
Дата обновления: 28.03.2022 16:20
Количество просмотров: 1024