Дәстүрдің жаңғыруы
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы – халқымыздың ұмытылған және жоғалған мәдени құндылықтарын қайта жаңғыртудағы үлкен үлесін қосуда. Осы бағдарламаға көңілі толған Мәдениет Иманжанұлы да өзінің көп көңілін бөлуде. Алдында оның СҚО, Сәбит Мұқанов ауылында су құбырын жүргізу кезінде табылған жылқы малының темір тұсамысын біздің музейге тапсырғаны туралы жазған болатынбыз.
Наурыз мейрамы қарсаңында ол музей қорына әртүрлі асық түрлерін әкелді. Бұл кісінің айтуы бойынша асықтар тек қана қой мен ешкінің буын сүйектерінен алынса, ал САҚА-асық – ірі қара мал мен жылқы малының тұяқ топайларының бірнеше сүйектерінен тұратынын айтуда. Оның тұжырымдамасы бойынша балалардың ойнауға арналған асық сүйектерге – қой, сиыр және түйе малының буын сүйектерінен алынған асықты – асық деп айтады. Ал тізілген асықтарға дәл тигізіп, атуға не соғуға арналатын асықты «Сақа»-асық деп, және ол тек қана жылқы малының белгілі бір буын сүйегінен жасалатындығын мәлімдеді.
Ақсақалдың айтуынша, осындай сақамен бай отбасының балалары ғана ойнаған. Сақаны қолданбас бұрын бүк және шік жағындағы дөңес жерлерін қашап, жылтырата өңдеген, кейде сәні мен салмағын келтіру үшін шік жағына ойық жасап, ішіне алтын немесе күміс құйған. Осы бағалы металдар күннің көзіне жарқырағанда алтын сақа екені алыстан ерекше көрініп тұрған дейді. Ойын баласының ата-аналары өз байлықтарын осылай да көрсетпекші болған екен.
Мәдениет ағаның айтуынша, бала кездерінде үлкен ағалары асықты асықпен атуға тиым салған екен, себебі ырым бойынша қой малының да киесі мен қасиеті бар деп ұққан (қой малының пірі – Шопан ата), бұлай ойнау ағайынды ел-жұрттың, ағайындылардың ара жігін ашып, бір-біріне қарсы қояды деген түсініктер қалыптасқандықтан бұлай ойнауға рұқсат бермегендігін еске салып, бізге мәлім етті.
Кеңес үкіметінің кесірінен қазақ 20 ғасырда неше түрлі қиын қыстау замандар мен аштықтарды бастан кешірді, атап айтсақ Азамат соғысы жылдары, Кіші Қазан төңкерісі, 1921-22 жж. ашаршылық, 1929-33 жж. екінші ашаршылық, 1941-45 жж. ҰОС, 1954 ж Тың игеру және т.б. Осылардың барлығының кесірінен кейбір мәдениетімізге орны толмас ойсырап қалатындай кемшілік әкелді деп өткен тарихымызды еске алды. Бастан кешірген осындай қиын замандардың кесірінен қазақтардың кейінгі буынында осы ұлттық ойын түрлерінің толық нұсқасына өзгерістер еніп, сақаның қандай асық-сүйегінен жасалатындығын да ұмыта бастады деп өзінің көңілі толмайтындығын білдірді.
Ол кісінің есте қалғанынан айтқаны, бала кезінде жылқы малы соғымға сирек сойылатындықтан ірі қара мал сүйегі топайдан сақа-асықты да жасап ойнаған күндерінің болғандығын айтты. Топай асықтың бүк және шік жағы балтаменен шабылып, жылтырата қашап, тегістегенде, жылқы сүйегінен жасалатын сақа-асыққа да ұқсатып ойнағанын айтты. Ақсақалдың айтуынша кейінгі кездері «Асық ату» ойындарын теледидарлардан көріп жүргенін, және онда, онсызда кішкентай асықтарға қорғасын құйылғандығын көріп, бұл ойын шарты бойынша дұрыс емес және ойын шартының бұзылғаны болып есептеледі дегенін білдірді. Осындай бағдарламаларды көргеннен кейін ұлттық асық ойындарына деген көңілі толмай, дұрыс нұсқасы мен ережелерін тарихи-өлкетану музейінде дәріптеп, дұрыс насихаттау үшін асықтарды бір апта бойы еңбектеніп дайындап, музейге арнайы көрсету үшін әкеліпті.
Бұл музей қорына тапсырылған түрлі асық сүйектерінің үлгілері болып табылады. Мәдениет ағаның бұл ережелерді айтып көрсеткені біз үшін жаңа ақпарат болып табылып, одан әрі зерттеуді қажет етеді. Ақсақал осы жайлы өзі мақала жазып, газет беттеріне жарияламақ ойы да бар екен. Өзінің тарихы мен мәдениетіне немқұрайлы қарамайтын осындай ағаларымыз – халқымыздың рухани байлығын сақтай білген көне көздеріміз болып табылады.
Дата создания: 05.04.2018 18:00
Дата обновления: 16.04.2018 11:19
Количество просмотров: 3249