Мобильная версия Версия для слабовидящих Карта сайта

«Кестені көңіл сызады, қол тігеді, көз сынайды»

АОТӨМ этнография ғылыми-зерттеу

кіші ғылыми қызметкері

Айым Нұрмақанова

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің 100 жылдық мерейтойы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы орайында «Кесте тігу өнері» атты кілем шығармашылығының үздік үлгілерін ұсынбақ. Кестенің сыры түрінде, кілемнің сыры түгінде демекші, кесте – сәндік қол өнерінің бір түрі.

Кестелеп тігу өнері біздің заманымыздан бұрынғы VІ-V ғасырларда қалыптасып, дамыды. Кестенің алғашқы үлгілерін Пазырық және Ноинұлан (б.з.б. V ғ.) қорғандарынан табылған құрал-жабдықтардан (түскиіз, түскілем, киім-кешектер, жауынгерлердің сыртқы су қағарлары, шекпен, қамзол, желең) көруге болады.

Яғни ғасырлар бойы дамыған кесте өнерінің даму жолын археологиялық қазбадан табылған бұйымдар дәлелдейді. Өнер зерттеуші М.Грязнов 1929 жылы Таулы Алтай өңірінің екінші Пазырық қорғанында өткен археологиялық экспедиция қазба жұмысына жетекшілік еткен болатын. Қазбадан табылған кілемшелердегі (түскиіз) сюжеттік композицияда өсімдік тектес өрнектер кестеленіп тігілген. Кесте- мата, тері, киіз, т.б. материалдар бетіне әр түрлі боялған жіптермен, жібек зерлермен сурет, өрнек салып тігу арқылы жасалады. Ежелден халық арасына кең тараған. Кесте инемен, бізбен және кесте машинасымен тігіледі. Кейде кестеге моншақ, інжу, маржан, т.б. асыл тастар тағылады. Кестені материалдың бетін түгел бастыра немесе гүл шоғырына ұқсатып та әшекейлейді. Бұйымды тұтастай бастыра әшекейлеу үшін шалыс, жатық, терме, жөрмеу тәсілін қолданады. Кестенің біз кесте, баспа жылтыр, тамбурлы кесте, албыр кесте (екі ізді), кенебе ине, т.б. түрлері белгілі. Біз кесте дөңгелек немесе төрт бұрышты етіліп кергіш ағашқа керілген матаның бетіне түсірілген ою-өрнек бойынша қармақты бізбен өткермелеп шалу арқылы кестеленеді.

Сонымен бірге матаның кесте түсер тұстарының жібін суырып тастап немесе қалың мата бетін алдын ала ойып алып та тігеді. Кесте тігу өнері қазақ халқына өте ертеден таныс. Байырғы сақ, ғұн, үйсін өнерінде кестені зерлеп, маржандап, торлап, түктеп тігу тәсілдері кездеседі. Қазақ салтында үй жиһаздарын (түс киіз, киім жапқыш, төсек жапқыш және үзік-туырлықтар), киім-кешектерді (кимешек, тақия, қамзол, кеудеше), аяқ киімдерін (кебіс, мәсі, биік өкше етіктер), қол орамалдар мен ер-тұрмандарды, т.б. тұрмысқа қажетті заттарды безендіру үшін кесте көп пайдаланылған. Алтындап, күмістеп тігу сән-салтанат бұйымдарына тән. Бұл үшін көбінесе барқыт, плюш, атлас, қырмызы сияқты бағалы маталар пайдаланылады. Мұндай тігістерге өзіне арналып жасалған алтын және күміс жіптер қолданылады. Кейде алтын, күміс түстес жіңішке жиек сулары (зер) пайдаланылады. Алтындап тігуде, көбінесе, бедерлі, бедерсіз басып тігу әдісін қолданады. Алтындап тігу кестесіне маржандап тігуді де аралас жүргізеді. Алтын жіппен тігу түркі халықтарының бәріне тән өнер. Алтын кестелі тон, шапан, айыр қалпақ, кемер белбеу, сал шалбар, қамзол, сәукеле әдемілік әшекейінің ең асылы және бағалысы болып есептеледі. Қазақстанда құрылған "Түскиіз” (Алматыда), "Өнерпаз” (Таразда), "Өрнек” (Өскеменде) секілді фабрикалар қазақ халқының өнеріне тән стильдегі бұйымдар жасайды. Олар өмір талабына сай, жаңа түр-мазмұнға ие болуда. 1926 ж. Парижде өткен дүниежүзілік көрмеде Р.Барлыбаева кестелі түс киізі үшін халықаралық сыйлық алды.

Жалпы кестелеу өнері туралы Ә. Марғұлан, М.Муканов, А.Сейденбек, Ш.Тоқтабаева және т.б зерттеген. Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің қор бөлімінде 23 кестеленген түс киіздер бар. Олардың ең алғашқысы 1989 жылы музей қорына тапсырылған.

Қағба тәрізді жасалған түс киіз. Өте керемет туындылардың бірі. Түс киіз 9 "П" әріпі тәрізді қағбадан тұрады. Ертеде 9 саны киелі деп саналған. Бірінші бөлігінде қызыл түсті матаның үстіне кестеленген гүлдерді көруге болады. Ал, келесі бөлімдерінен бір-біріне параллель жатқан әсемделген ақ, сары гүлдері бар. Түс киіз түрлі-түсті жіптермен әсемделген. Шетіндегі әртүрлі безендірілген гүлдерді көруге болады.

Көшпенділердің дала философиясы деуге де болады. Адам әлемге қақпа арқылы келіп, қақпа арқылы кеткен. Өмірі де осы қақпа арқылы өткен. Әрдайым төрге ілген және де түс киіз ілініп тұрған жер, құтты орын болып саналған.

Астыңғы бөлігінде қазақтың ұлттық оюлары бар. Шебердің аса бір талғаммен жасағаны көрініп тұр. Музей қорындағы ерекше жәдігерлердің бірі. Яғни, мұндай жәдігерлер жоқтың қасы деуге болады.

Дөңгелекшелер мен толтырылған түс киіз. Бірінші бөлігі қызыл атлас торымен толтырылған. Ал, екінші бөлігінде түрлі-түсті түйе табанды көруге болады. Жиектері тоқыма баумен бөлінген. Ортаңғы бөлігі табақ тәріздес дөңгелекшелермен толтырылған. Дөңгелекшелердің іші гүлдермен сонымен қатар қошқар мүйіз оюымен әсемделген. Дөңгелекшелер «күн» және «ай» деген мағынаны білдіреді. Түс киіздің астыңғы бөлігі әсемделмеген. Түс киізді үстіне түлкі, қасқыр терілерін және де қамшы, домбыра ілетін болған. Түс киіздің алдына сандық немесе төсек ағашты қоятын болған. 90 жылдардың соңында Баян –Өлкей аймағынан келген қандастарымыз музей қорына тапсырған.

Сонымен қатар, музей қорында тағы бір керемет түс киіз бар. Түс киізді 1993 жылы Бакрамов Шокан Бариұлы музей қорына тапсырған. Оның ұзындығы 2,20х1,50см құрайды. Бұл түс киізді Монғолия елінің тумасы Бөкей Сабиля жасаған. 1993жылы Қазақстанға көшіп келген.

Бұл түс киіз кенебе кестелеу әдісімен жасалған. Бірінші жиегі қызыл барқыт. Содан соң қара фондағы кестеленіп жасалған ою-өрнекпен құмырадағы гүлді және бұғыларды көруге болады. Геометриялық әдіспен жасалған. Орталықта орналасқан бір-біріне қарама-қарсы тұрған екі бұғы орналасқан. Жүн мата, фабрикалық өнім. Бұл бұйымды алтайлық қазақтар жасаған. Көбінесе түс киізге адамдар қоршаған ортаны, жан-жануарларды бейнелейтін болған. Бұл жерде шебердің өнеріне көзің тоймайды. Аса бір ерекше таңданыспен жасалғаны көрініп тұр.

Келесі украиндық үлгідегі қара түсті матаға кестеленген кілем. Итмұрын, құралай гүлдері кестеленген. Бұйымның шеттерінде ашық-көгілдір жіппен ирек тәрізді өрнектер жүргізілген. Шетіндегі алқызыл, қызыл үлкен гүлдері бар. Сонымен қатар ұсақ көк түсті құралай гүлдерін көруге болады. Кенебе әдісімен жасалған. Ұзындығы 196см, ені-182 см. Құралай гүлі туралы көптеген аңыздар бар. Жігітпен еріксіз ажырасудан жылаған қалыңдық туралы айтады. Қыздың көз жасы аспан әлеміне жетіп, жер бетіне құралай гүлі өсті делінген. Жігіт қайда жүрсе де, қолына гүлді алып «Мені ұмытпа» деп ішінен қайталған екен.

Бұл затты Савченко Елена Трофимовна музей қорына тапсырған. 1920 жылы туған, Ставрополь өлкесінің тумасы. Оккупация жылдары тұтқынға түсіп, Германияға фермаға жұмысқа жіберген. Германияда қызы туған, көп ұзамай қайтыс болады. Соғыстан кейін Қырғызстанға көшіп кеткен. 1964 жылы Ақмола облысы Астрахан ауданы Зеленое ауылын көшіп келген. Қызы Цальцалко Зинаида Дмитриевнамен бірге тұрған. Елена Трофимовна күндіз савхозда жұмыс істеп, түнде кестелеумен айналысқан. Кілем 1969 жылы жасалған. Жұмыс үш айдың көлемінде жасалған.

Халық бұрын ғылым мен білімге қолы жетпесе де, сұлулықпен әсемдікті таңдайда, талғай білген. өз тұрмысы мен мәдениетінде қолөнерді мұрат тұтып жетілдіре білген. Шеберліктің небір сән саласын асқан ұқыптылықпен көкірегінде қастерлей сақтап меңгеріп біздің дәуірімізге ұштастырған.

Халқымыздың сонау арғы кезеңдердегі мәдени өміріне көз жүгіртіп көрсек ерте заманда да он саусағынан өнері тамған іскер шеберлердің жасаған бұйымдары таңғажайып шежіре болып шертіледі. Олардың қолтаңбалары түскен өшпес салтанатына айналуда.

Мемлекетіміздегі қолөнер шеберханаларының өнімдерінің саны мен сапасының жақсаруы оның бірден-бір айқын көрінісі деуге болады.

Сондықтан халқымыздың келешегі үшін, оның өсіп-өркендеу, дамуы үшін жас ұрпаққа жақсы тәрбие беріп, өнер мен білімді үйреніп, мәдениетін көтеру қажет.

Яндекс.Метрика

A+AA-