Мобильная версия Версия для слабовидящих Карта сайта

Музей тарихи құндылықтар ордасы

Анар Ільясова – Атбасар тарихи-өлкетану

музейінің меңгерушісі

«Музей-өткен уақытпен жүздесе отырып, бүгінгі өмірге тарих парасатымен қарайтын орын. Бұл ғасырлар таңбасымен табы қалған жәдігерліктер мен заттарға ой көзімен қарауды, заманалар айнасына қарап ел мен елдік жолын пайымдаудың айрықша мүмкіндігі дер едік».

Н.Назарбаев

Музейдің адамзат тарихындағы алатын орны ерекше екені белгілі. Қазіргі кезде музейлердің алдында болашақ үшін мәдени мұраны сақтау және мәнді құндылықтарды замандастар үшін көрсету, насихаттау мәселелері тұр. Мәдени құнды көне заттарды көрсету, жалпы адамзаттық мәнін ашу арқылы музейге келушілердің адамгершілік, рухани өсуіне әсер ету. Ағарту мақсаттарын әрбір музей өз саласына сай музейлік орта жағдайында іске асыруда.

Музей жұмысының басты бағыттарының бірі бұл- ғылыми-зерттеу және жинастыру жұмыстары болып табылады, яғни музей қорын толықтырып отыру. «Рухани жаңғыру» бағдарламысы, «Рухани қазына» кіші бағдарламасын іске асыру аясында жыл сайын музей қызметкерлері дәстүрге айналдырған «Музейге жәдігер сыйла» акциясын және тарихи-этнографиялық экспедиция ұйымдастырып отырады. Қазіргі таңда музей қорында он мыңнан астам жәдігер сақталуда. Былтырғы жылы акция барысында елу жеті жәдігер және этнографиялық экспедиция барысында жиырма үш жәдігер музей қорына тапсырылды. Жылдың басында акция жарияланып 5-қарашаға дейін жалғасын тапты. Жоспар бойынша қыркүйек айында этнографиялық экспедиция- 2019 ұйымдастырылып сексен бір жәдігер музей қорына келіп түсті. Елді мекендер және қала тұрғындарымен музей қорын толықтыру мақсатында үнемі жұмыс жүргізілуде.

Атбасар өлкесінің сан ғасырлық тарихы бар. Мұның өзі мақтан етер салты мен дәстүрі ежелден қалыптасқан, аттың жалында желмен жарысып, ұлан далада еркін күн кешкен, батырлығы мен батылдығы аңыз болып тарап, жыр болып өрілген қазақ халқының бүгінгі ізбасар ұрпағына, музей қызметкерлерінің мақсаты осы тарихты насихаттап кешегі мен бүгінгінің арасын ауыздан ауызға көшкен аңыз әңгімелерді жинастырылған жәдігерлер арқылы жеткізу.

Музей қызметкерлерінің жинастыру жұмыстары кезінде өлкетанушы, Атбасар тарихи –өлкетану музейінде 20 жылдан астам уақыт директор қызметін атқарып, осы салада зор үлесін қосып, еңбек еткен Саулет Шакайұлы Балгазинның материалдар топтамасы толықтырылып, былтырғы мен биылғы жинастыру жұмыстарының нәтижесінде, қорытынды бойынша Саулет Шакайұлына арналған «Заманауи» залында көрме ұйымдастырылды.

Тарихи – этнографиялық экспедиция-2019 барысында көптеген құнды жәдігерлерге ие болдық. Қазақ қол өнерінің көркемдік ерекшелігінің негізі болып киіз басу өнері саналады. Сондай жұмыстардың бірі-Атбасар тұрғыны 1939 жылы туған Клара Сәлімгерейқызының анасының туындысы, қой жүнінен жасалған киіз, оған оюлап, өрнек салудың табиғи ыңғайлылығын пайдалағаны байқалады.Киіз ақ жүннен жасалған, сары, қызыл түсті боялған жүннен «қошқар мүйіз» оюы басылған, жиектері жасыл түсті боялған ұсақ оюлармен көмкерілген, киіз-жәдігердің ою салу тәсілі бірден көзге түседі. Киіз -1950-ші жылдары қойдың күзем жүнінен басылған үй тұрмысында пайдаланған бұйым. Клара Сәлімгерейқызы 1959жылы тұрмысқа шыққанда киіз анасының берген қыз жасауымен келген. «Бала кезімізде осы киіз басқанды көзімізбен көргеніміз бар. Киізді басуға қол еңбегі жұмсалады. Қойдың күзем жүнін бірыңғай (ақ, қара) бөліп алып, тулаққа салып сабайды, үстіне ыстық су бүркіп шиді орап,арқанмен буады, қырлап тағы ыстық су құяды. Сосын дөңгелете ерсілі-қарсылы тартады. Біршама дайын болғанда шиден алынып, білекпен басылады. Киіз басудың жұмысы көп, есімде қалғаны осы» деп есіне алады Клара апай.

Біз үшін ең қасиетті ұстаным-өз қанымызды, өз тамырымызды есте ұстау, осы күнге қандай қиындықтармен жеткенімізді ұмытпау. Осының бәрін айқын сезіну үшін, бір сәтке болса да, өткенге ой көзімен бір мәрте барлау жасасақ та жетіп жатыр. Сондай әулеттердің бірі осы Смайл әулеті. Смайл әулеті өз заманының ортасында танымал, аймағына сыйлы болыпты. Атбасар өңірінен шыққан, қырық жыл араб елінде Мекке мен Мединада оқып білім алған Бейіс хазірет Тәктенұлы (1849-1917) Смайылдың Адам деген жалғыз ұлынан туған немересі Тақтилаға үйленеді. «Бейс хазірет пен Тақтиладан Ғазиза есімді жалғыз қыз және Қазез, Қайырбек атты ұлдары дүниеге келген. Қайырбек ерте қайтыс болады. Ал Қазезден Майра (Атбасар ауданы, Мариновка ауылында тұрады), одан Мәдина туады. Қайын атам Нәжмиден хазіреттің қызы Ғазизамен бас қосады. Олардан жолдасым Рамазан, Қайнел есімді қыз туған. Қайнел өте керемет сұлу, көркіне қараса көз тоймайтын жан болса керек. Үйіне адамдар көп келеді екен. Сонда қонаққа келіп отырған үлкен бір қария жас қыздың ажарлы жүзіне қарап «мына бойжеткен қандай келбетті» деп сұқтаныпты. Содан Қайнел он алты жасында көз тиіп өмірден өтіпті. Ғазиза енеміз қайтыс болған соң қайын атам Нәжмиден екінші рет Зейнекамал деген әйелге үйленеді. Одан Сабыржан, Сабырбек деген ұлдары, Үміт, Ырысты деген қыздары бар»- дейді Майра апай кешегі өткен аға ұрпақ жайлы әңгімесінде.

Майра Шаяхметқызы мен Шұға Орсаққызы ұлы аталары Смайлдың ағашты шауып және иіп қолдан жасаған тал бесігін музейге әкеліп әңгімелеп берді. Бесіктің жасалғанына 142 жыл болған. Бір ғасырдан астам уақыт өтсе де бесіктің алғашқы қалпы өте жақсы сақталған. Бұл бесікті Смайл 1877 жылы немересі Шәріп Адамұлы дүниеге келгенде құрастырған екен. Бесіктің жапқышы, төсенішы, екі тартбауы, жастығы, сәбиді орайтын жаялығы бар. Нәресте дәретке отырғанда пайдаланылатын шүмегі, қойдың жілік сүйегінен ойып сол заманда жасалған. Бесіктің ағаштары бір-бірімен қайыс арқылы дәнекерленген. Ал бесіктің жабдығын Шұға Орсаққызы өзі дайындаған екен. Бесік ағаштары мен шүмекті 19 ғасырдың ортасынан бізге жеткен құнды жәдігер деуге болады. Ұлы бабасы Смайл жасаған бесікке бірінші болып бөленген Шәріп ақсақал 1968 жылы 91 жасында қайтыс болды. Одан кейін балалары мен немере, шөберелері осы бесікте құндақталып өскен. Көненің көзі деп бесікті Смайлдің шөбересі Сабыржанның баласы Нұрлан (Смайлдың неменесі болады) музейге арнайы алып келіп тапсырды.

Жағалауына талай ғасыр ел қыстап, қилы-қилы аңыз қалдырған, мың бұрала сылаңдай аққан Есіл өзені Ақмола, Атбасар жерін қақжара өтеді де осы аймақтағы бірнеше ірілі-ұсақты өзендердің суын өз арнасына жиып алады. Адамзат алғаш пайда болған кезден-ақ өзін қоршаған ортаға үйлесе өмір сүруге талпынған. Аңшылық – адамзаттың ең көне және ең алғашқы күнкөріс қарекетінің бірі болғанымен, уақыт өте келе кәсіпке ұласып, орта ғасырдың соңына дейін шаруашылықтың негізінің бір түріне айналды. Халқымыздың бағзы замандардан тартып, қақпан құрып, тор жаю арқылы тұз тағыларын ұстап азық етіп, қолға үйретіп келгені мәлім. Қақпан сонау темір дәуірінен бастап пайда болған. Ол кезде қақпан арқылы аң аулаған. Қақпан асыл болаттан соғылады. Қақпанды шынжыр арқылы жерге айналсоқ орнатады. Ұлтымыз қақпанды аю қақпан, бұғы қақпан, қасқыр қақпан, теке қақпан, елік қақпан, суыр, борсық, сусыр қақпан, қоян қақпан, қарға қақпан сияқты түрлерге бөлген. Ал біздің қорға келіп түскен осындай құнды қақпанның бір түрі, бұл қасқыр қақпан қаламыздың тұрғыны Елубек Арыстан ұлы Жайсанбай тапсырды. Ол кісі былай деп атасын еске алады «Қақпанды атам Жайсанбай сонау 1930-шы жылдары пайдаланыпты. Қақпанмен қасқыр, түлкі, қарсақ тағы басқа аңдарды аулапты. Жайсанбай атам 1908 жылы Терісаққан ауылында дүниеге келген. 1981 жылы 73 жасында қайтыс болды. Өмірінің соңына дейін аңшылықты тастамады. Соғыс жылдары атам танк шығаратын зауытта еңбек етті. Ашаршылық жылдары осы қақпанмен аң аулап ауылды асырапты» деп әңгімесін аяқтады. Қақпан тот басқанымен жақсы сақталған.

Осы жерде Атбасардың тағы бір тарих кезеңіне тоқталуға тура келеді. Тарихы тереңде жатқан Атбасар шахарында ескінің көзіндей болып тұрған бірнеше ғимараттар қазіргі күннің өзінде қаланың келбетіне сән келтіруде. Бүгінде қаланың ескі бөлігіндегі көшелердің бойымен өте қалсаңыз 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында салынған бірқатар ағаш үйлердің тұрпатын аңғарасыз. Степан, Александр, Иса Беловтар, үш ағайынды көпестер болған. Александр қазіргі музей ғимараты орналасқан үйде тұрған, және 1919 жылдың 27 қарашасында осы Александр Беловтың үйінде революциялық комитеттің мәжілісі өткізілген, Степан мен Иса Беловтар Школьная көшесі, қазіргі С.Омаров көшесінде 39 үйде тұрған.

Кешегі мен бүгінгінің арасын ауыздан ауызға көшкен аңыз әңгімелер, тарихи деректер, өнерде бейнеленген кескіндер, толғаулы жырлар жалғастырып жатыр.Осыған орай тағы бір қызықты жәдігерлердің бірі бұл көпес Беловтың баласына жазған, баласы әкесіне жазған біздің заманымызға дейін жеткен хаттары. Бұл хаттар музейге келіп түскен бір чемодан толы ашық хаттар мен фотосуреттер арасынан табылды. Чемодан- байырғы қала тұрғыны Резников Александр 1942 жылы туылған, бір чемодан фотосуреттер мен фотоальбомдар,открыткалар музей қорына тапсырды. Александр Михайловичтың әкесі Михаил Носовтың жинағы. Ол кісі 1911 жылы туып 1984 жылы дүниеден өткен. Михаил Носов әуесқой –фотограф болған адам. Суреттердің көбі 50-70 –шы жылдарда түсірілген. Осы альбомдар жинағының арасынан атақты, Атбасар аймағына есімі танымал көпес Степан Беловтың баласымен бір біріне1913-1916 жылдар аралығында жазған хаттары табылды.

Ол кездері хаттар Ашық хат болып келеді. Хат Степан Григорьевич Беловқа баласы Сергейден Белебеев уезінен (Башқұрстаннан) Атбасар қаласына 5 қыркүйек 1913- жылы жазылған. Ашық хаттың мәтіні мынандай: «Дорогой папа еду в Питер. Пишу тебе из Уфы. Еду через Москву, в Москве новерное день проживу. Крепко тебя целую. Привет всем Сергей.»

Келесі хат баласының әкесіне жазған тағы бір хаты 17 тамыз 1914 жылғы Щучинск ауданынан Атбасар қаласына, бұл хатта былай делінген. «Дорогой папа. Доехал благополучно. Живется в Боровом хорошо. Пью кумыс. Ем ягоды, катаюсь и так далее. Слово держу не пью. Жду Граню. Он обещал на обратном пути заехать в Боровое. Пока До свидание. Крепко целую. Твой Сережа. Привет Маме, Клаве, Филе.». Келесі хат әкесі Степанның баласы Сергейге Белебеев уезіне тамыз айында 1916 жылы жазған хаты. Бұл хат Батыс майданының әрекет ету әскеріне 144-ші полевая почтовая конторасына 4-ші Сібір казак полкіне Хорунжий Сергей Степанович Беловқа. Хат мәтіні:

 

 


«Получил от тебя две открытки и вместе с тобой разделяю тоску по дому. Вчера получил от Грани письмо. Пишет что ждут неприятностей со стороны киргиз, было бы все благополучно. Я сижу все время с книгами, интересуюсь о военном. Погода отвратительная, все время не переставая льет дождь, наверное у вас тоже. Пиши. Ждем тебя с нетерпением.».

Бір ерекшелігі хаттардың сырт жағы Бурабайдың суреті, және екі ашық хаттар Томск қаласында шығарылған.Үшінші ашық хат Челябинск облысы, Орал қаласында шығарылған, онда Таганай тауының суреті. Таганай-Оңтүстік Оралының тау жоталарының топтамасы, бұл ашық хаттар 19-20 ғасырлар кезінде бастырылып шығарылған және «Община святой Евгении» баспасының белгісі бар, кейін бұл баспа Санкт-Петербург қаласында «Қызыл крест» деп өзгертілген 1897- ден 1920 жылға дейін баспа болып жұмыс жасайды.

Халықпен жұмыс барысында, музей қызметкерлері діни ортылықтарымен тығыз жұмыс жасайды. Тағы бір көне жәдігерлердің бірі сызбашының циркульдер жиынтығы. Бұл циркульдер жиынтығы Ресейде 1830 жылы Трындиндер фирмасы шығарған. Циркуль жиынтығының тарихы: Мәскеу қаласына отбасылық Трындиндер фирмасының негізін салушы Сергей Семенович Трындин Владимир губерниясынан 18 ғасырдың соңында қоныс аударған болатын. Ол сонда жүріп Мәскеудегі Император Университетінде физикалық приборларды дайындауды оқып үйренеді. 1780 жылы Мәскеуде физикалық және математикалық приборларды жасауға және жөндеуге арналған шеберхана ашады. Одан кейін 1809 жылы Трындин алғаш рет «оптикалық» дүкен ашқан болатын. Осы тұстан бастап көпес Трындинның отбасылық кәсіпкерлігі өркендей бастайды. Сергей Семенович шаруа крестьяны Евдокия Нестероваға үйленген еді. Олардан Матвей, Абрам және Егор есімді ұлдары дүниеге келеді..

Сергей Трындин өмірден өткен соң ісін балалары жалғастырады. Ұлдары Абрам мен Егор шеберхана мен дүкенге өздері ие болып әкесінен қалған мұраны және бастап кеткен ісін одан әрі дамытады. Көрмелер ұйымдастырып физикалық және математикалық құрал жабдықтарды шығаруға тоқталады. 1831 жылы Абрам Мәскеу қаласында ұйымдастырылған көрмеде тұңғыш рет күн сағаты, циркуль футлярымен және барометр, термометр тағы да басқа приборлар ұсынады. Осы көрменің қорытындысында Трындин кіші күміс медальмен марапатталады. 1869 жылы фирма «Е.С. Трындина С-вья в Москве» деп аталатын Сергей Семеновичтің немерелері Сергей мен Петр Егорович жасаған приборларымен әлемге таныла бастады. Біздің заманымызға дейін жеткен Трындиндар жасаған құнды жәдігерлердің бірі, музей қорын толықтырды. Бұл құнды жәдігерді сыйға тартқан провославтік шіркеудің игумені, ресейлік-Агафадор-Криштопа Валерий Витальевич. Шіркеу игумені әуесқой – коллекционер. Бұл жәдігер Валерий Витальевичтың әкесінен қалған, от басының ерекше құрметтейтін заты.

Біздің де музей әлемі, оның дамуы, келушілерге беретін білім, тәрбиелік, ағарту бағытындағы жұмысының жалғасын табуда.

Атақоныс ақиқат

Бабадан жеткен балаға

Мәңгі-бақи борыштар

Ұланы Ұлы далаға-

деп өлкетанушы, музей құрастырушы Клара Әмірқызы айтып кеткендей, өсіп келе жатқан ұрпаққа осындай асыл мұраларды насихаттап жеткізу біздің мақсатымыз.

Яндекс.Метрика

A+AA-