Мобильная версия Версия для слабовидящих Карта сайта

Мы снова открыты для вас!

Рады сообщить, что в нашем музее успешно завершены ремонтные работы, и теперь мы снова готовы принимать посетителей.

Приходите и наслаждайтесь искусством, историей и культурой!

Ждем вас с нетерпением!

Есіл-Шағалалы өзендерінің аралығындағы қола дәуірінің ескерткіштерін зерттеу

АОТӨМ археология ғылыми-зерттеу

аға ғылыми қызметкері

Жасұлан Укеев

«Рухани Жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатындағы «Есіл: бастау көзінен тармақтарына дейін» атты жобаның аясында «Есіл-Шағалалы өзендерінің арасындағы қола дәуірінің ескерткіштерін зерттеу» жұмыстары қолға алынды. Осы жобаның зерттеу бағыттарын жүзеге асыру мақсатында Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі Солтүстік Қазақстан өңірлерін қадағалайтын тарих ғылымдарының докторы, археология профессоры В.Ф.Зайбертпен бірлесе отырып 2018 ж. 8-17 маусым аралығында Ақмола және Солтүстік-Қазақстан облыстарының шекарасындағы, Есіл-Шағалалы өзендерінің аралығындағы орналасқан археологиялық ескерткіштерге зерттеу жұмыстары жүргізілді.

2018 жылдың археологиялық маусымындағы қазба жұмыстары барысында алдынала, шартты түрде қола дәуірінің Петров мәдениетіне (б.з.д. XVII–XVI ғғ.) тиесілі қорған зерттелді. Қазба жұмыстары барысында қоладан жасалған бірнеше жәдігерлер табылды. Олардың қатарында моншақтар, ілгіштер, бойтұмарлар, қола кресттер, пышақтың бөлігі мен мойынға тағатын қола гривна және өрнектелген үш қыш ыдыс табылды.

Бұл археологиялық объектінің сыртқы тас қоршаулары мен құрылысына қарағанда қола дәуірінің Андронов қоғамдастығына қарасты Петров мәдениетіне тиесілі болды.

Петров мәдениеті б.з.б. XVII-XVI ғасырларда Солтүстік, Солтүстік-Батыс, Орталық Қазақстан өлкелерін, Оңтүстік Оралдың сырты мен Батыс Сібірдің оңтүстігіндегі орманды-далалы алқаптарды мекендеген қола дәуірі тайпаларының мәдениеті.

Алғаш қазба жұмыстары жүргізіліп, көрнекті деректер табылған Солтүстік Қазақстан облысындағы Петровка ауылы маңындағы зират бойынша аталған. Бұл ескерткіштерді 1970 жылы Г.Б. Зданович зерттеді. Біршама жақсы зерттелген үлкен қоныстарының қатарына Амангелді-1, Боголюбово, Новоникольское-1 (Солтүстік Қазақстан облысы), Кеңөткел-5 (Ақмола облысы), Семиозерное (Қостанай облысы), Екпін-1 (Қарағанды облысы) жатады. Петровка, Бірлік-1, Бірлік-2 (Солтүстік Қазақстан облысы) сияқты ірі зираттардан құнды деректер алынған болатын [1].

Бұл мәдениеттің тайпалары металл өндірумен, жер және мал шаруашылықтарымен де айналысты. Жалпы Андонов тайпалары Ботайлықтардың көне мәдениетін өздеріне мұра етті. Олар жылқы шаруашылығымен айналысуды ботайлықтардан үйрене отырып, көне мал шаруашылығын дамытуда өздерінің үлестерін қосты. Еуразия даласының тұрғындары қозғалысқа түсіп, дүниежүзі тарихында көші-қон дәуірі басталады, үнді-арилықтардың, алтай және орал халықтарының жылжуы әскери, мәдени және шаруашылық саласында бір-бірлеріне өздерінің ықпалын жасады. Қола дәуірінің адамдары жер шаруашылығымен айналыса отырып Есіл, Тобыл, Ертіс сияқты өзендердің бойында шағын елді-мекендер болып қоныстанды. Андронов мәдениетінің қоныстанған территориялары өте үлкен болған, Қазақстанның барлық территориясын, Өзбекстан мен Ресейдің жартылай территориясын және де Еділ өзенімен шектесетін сруб мәдениетінің өзге де аймақтарын алып жатыр. Андрон тайпаларының басты ерекшелігі олар алыс мемлекеттерге дейін коныс аударған, қазіргі уақытта олардың іздері Үндістан мен өзге де мемлекеттерде кездеседі. Өйткені сол заманның дамыған технологиясы, дамыған жылқы шаруашылығына байланысты болды. Жылқының рөлі, Ботай мәдениетінен бастап, қола дәуіріндегі түрлі ғұрыптарда көрініс тапты, оның рөлі әскери салада тез дами бастады [2].

Археологиялық экспедицияның бірінші күнінен бастап тарих ғылымдарының докторы, археология профессоры В.Ф. Зайберттің жетекшілігімен Есіл-Шағалалы өзендерінің аралығындағы көне археологиялық объектілерге алдынала барлау жұмыстары жүргізілді. Есіл өзенінің бойына жүргізілген барлау жұмыстарының барысында қола дәуірінің қорғандары мен қорымдары анықталып, шартты түрде Есіл қорымы деп аталатын қорғандарға зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Есіл өзенінің сол жағалауындағы, батыс бөлігіндегі орналасқан қола дәуірінің қорымдары ішінен көзге көрнекті үлкен қорған белгіленіп, қазба жұмыстарын жүргізуге арнайы таңдалып алынды. Есіл қорымы өзен жағалауына жақын жердегі биік қырда орналасқан.

 

Қазба жұмыстарының жалпы көрінісі

Бұл археологиялық объекті қола дәуірінің жалпы Андрон мәдениетіне тиесілі, бұл өңірде өмір сүрген тайпалар металлды, жер өңдеуді, мал шаруашылығын жақсы игерді. Қазба жұмыстары орнында андронов дәуіріне тән, ортасындағы сүйекті жерлеу үлгісі көрсетілген. Әдетте бұндай жерлеу орындарында екі адамды жерлеу, ер мен әйелдің сүйектері жиі кездеседі. Бұл отбасылық белгіні көрсетудегі символдық мәні болған, ер адам оң жағымен бүктеліп жатса, әйел адамды сол жағымен жатқызылған. Осы арқылы алғашқы қауымдық құрылыс кезеңіндегі оң жағы әрқашан оң әрекетті, оң қол – биліктің негізгі атқаратын қызметін көрсеткен. Андрондық тайпалар бұрын соңды өмір сүрген Ботайлықтардың мәдениетін жақсы игеріп өздеріне мұра етті, олар жылқы малын жақсы өсіргендіктен Ботайлықтардан жылқы малын өсіруді үйренді. Сондықтан андрондықтар өз дәуірінде жылқы малын қолға ұстаумен қоса арбаға жегуді де қолға алып өз үлестерін қосты [3].

Таңдап алынған қорғанның биіктігі 0,5 м, диаметрі 9 м құрайтын болғандықтан, жалпы тас қоршауларының өте аласа болуына байланысты шартты түрде қола дәуірінің ерте кезеңі – Петров мәдениетіне тиесілі деп алынды.

Жалпы қорғанның топрақ үйіндісі жақсы шымдалған, қорғанның беткі шым қабаты алына бастағанда, ұсақ шиыршық тастармен көмкерілгені көрінді, сонымен қоса тас қоршаулардың құрылысы да анық көріне бастады.

Қорғанның шығыс бөлігіндегі топырақ аралас шиыршық тастаран тұратын екінші қабаты алынды. Тазалау барысында қорғанның оңтүстік-шығыс бөлігіндегі бүйірінен орналасқан тас қоршаулардың құрылысы анықталып, пайда бола бастады. Бұл тас қоршаулардың шағын болғанына қарағанда жерлеу шұңқыры немесе құрбандық шалу шұңқыры болса керек деп болжанды. Қазба жұмыстары барысында қорғанның барлық бөліктерінің шым қабаттары алында.

Қыш ыдыстың бөлігі

 

 

Қыш ыдыс бөлігінің табылған жері

Шым қабаттың бірінші бөлігі алынған соң, қорғанның оңтүстік-батыс бөлігінен алғашқы рет қыш ыдыстың кішкене бөлігі табылды. Бөліктегі геометриялық орнаметтерге қарап Петров мәдениетіне тән екендігі анықталды. Оның үстіне бұл қыш ыдыстың бір бөлігі тас қоршаудың сыртқы жағы мен беткі қабатынан табылуына байланысты бұл қорғанның өз заманында тоналғандығын тағы да көрсетті.

Қазба жұмыстары барысында қорғанның солтүстік-батыс бөлігінен тастан қоршалған құрбандық шалу орны табылды. Бұл тас құрылысының сыртынан Петров мәдениетіне тән, геометриялық өрнектері бүйірінде ғана штрихталған ұшбұрыштар, ирек толқындармен көрсетілген, биіктігі - 11 см, диаметрі - 12 см құрайтын аласа пішінді қыш ыдыстың сынықтары –30 см тереңдіктен табылды.

 

 

Қорғанның солтүстік бөлігі

 

 

Табылған қыш ыдыстың бөлктері

Шартты түрде шығыс-батыс, солтүстік-оңтүстік деп төрт бөлікке бөлінген қорғанның барлық бөліктерінің алғашқы шым қабаттары қазылып, аршылып алынды. Тазалау барысында қорғанның оңтүстік-шығыс бөлігіндегі, 40 см тереңдіктен жылқы малының жақ сүйегі мен кейбір жілік сүйектерінің шашылған қалдықтары да табылды. Сүйектер нашар сақталған, құрбандыққа шалынған малдың қалдықтары болса керек. Осындай белгілерге қарап бұл қорған алғашқыда нақты Петров мәдениетіне тиесілі болғандығын байқаймыз.

Қазылған қорғанның барлық бөліктері 50-60 см тереңдікке дейін қазылып, бір деңгейге дейін түсірілді. Қорғанның беткі қабатына тазалау жұмыстары жүргізілген соң жерлеу шұңқырлары мен қосымша құрбандық шұңқырларының орындары айқын көріне бастады. Сонымен қоса қорғанның батыс, солтүстік-шығыс бөлігінен жерлеу шүңқырларының іздері байқалды.

 

 

Қорғанның жалпы көрінісі

 

 

Жерлеу шұңқырының ізі

Алдынала арнайы жердің мәдени қабаттарын зерттелу үшін қалдырылған, ені 30 см құрайтын бровканы сызба қағаздарына түсірілгеннен соң, ол да алынып тасталды.

Тазалау барысында орталықтағы жерлеу шұңқырының іздері анық байқалды, сонымен қоса жерлеу шұңқырының шығыс бөлігінен күйген іздей қара дақ ерекше көрінді. Осыған қарағанда мәйітті өртеу белгілері немесе құрбандық ретінде өзге де өртеу рәсімдері болды ма деген болжамға келдік.

Қазылған қорғанның барлық бөліктеріне тазалау жұмыстары жүргізілген соң фотосуреттерге түсірілді. Арнайы мм-лік қағазға қорғанның жалпы тас құрылыстары мен өзге де белгілері сызылды. Қорғанның жалпы сызбасы көрсеткендей шығыс-батыс бөліктеріндегі барлық қосымша тас қоршаулар өз заманында қирағандығын немесе тонаудың барысында шашылып қалғандығы байқалады.

Археологиялық экспедиция барысында жерлеу шұңқырын арнайы қалақшалар мен щеткалармен тазалау, аршу жұмыстары жалғасын тапты. Жерлеу шұңқырының шығыс бөлігінен күйген ағаштың қалдықтары табылды. Одан әрі тазалау барысында қоладан жасалған бірнеше жәдігерлер табылды. Олардың қатарында моншақтар, ілгіштер, бойтұмарлар, қола кресттер, пышақтың бөлігі мен мойынға тағатын қола гривна табылды. Алдынала болжап кеткеніміздей, бұл қорған өз заманында тоналып кеткеніне байланысты табылған барлық жәдігерлер үйлесімді бір жерде орналаспай, шашырап жатты.

 

 

Ағаш қалдықтары

 

 

Қола ілмек

 

 

Күн бейнесіндегі ілмек

 

 

Мойын алқа – қола гривна

Табылған құнды жәдігерлердің ішіндегі ең көрнектісі бұл, қола гривна болды, мойын алқа. Әдетте мойын алқа табылған жерлерде біржарым орамды алтын сырғалар болу керек еді, алайда бұл қорған тоналғанына байланысты мойын алқадан басқа қосымша алтын әшекей бұйымдар табылмады [4].

Барлық табылған қола жәдігерлерге тиісті сипаттамалары жасалған соң, жерлеу шұңқырына одан әрі тазалау жұмыстары жалғасын тапты. Тазалау барысында үш адамның толық емес шашылып жатқан қаңқалары анықталды. Сонымен қоса батыс бөлігінде орналасқан адам қаңқаның бас жағынан Алакол-Федоров мәдениетіне тән (б.з.д. XV–XII ғғ.) екі қыш ыдыстың бөліктері табылды. Табылған барлық қыш ыдыстардың бөліктері мен шашылған адам сүйектерінің сызбасы мм-лік қағазға түсірілді.

Алғашқыда шартты түрде Петров мәдениетіне тиесілі деп алынған қорғанның ішінен Алакол-Федоров мәдениетіне тиесілі қыш ыдыстардың шыққанына қарағанда бұл қорған бірнеше кезеңді қамтитын болып шықты.

 

 

Жерлеу шұңқырындағы адам қаңқаларының қалдықтары

 

 

Адам қаңқасы қалдықтарының жалпы сызбасы

Жерлеу шүңқырындағы зерттеу жұмыстары аяқталған соң, қорғанның батыс бөлігіндегі құрбандық шалу рәсімі орындалған жерлеу шұқырының іздері қазылды. Тазалау барысында құрбандыққа шалынған жылқы малының анатомиялық тұрғыдан жартылай, толық емес сүйектері табылды. Олардың қатарында бас сүйегі, жақ сүйектері, жауырын, жілік сүйектері мен бірнеше бақайшық-сақа сүйектері табылды.

Жалпы андроновтықтар аспанға, күнге, қасиетті отқа табынып, о дүниеде өмір жалғастығына сенген. Сонымен қатар, оларда ата-бабалары рухына сыйыну, оларды еске алу дәстүрі болды. Осыған байланысты олар құрбандық шалу ғұрпын өзгертіп, арнайы орындарда «жылқыны» құрбандыққа шалатын. Бұрын соңды тұрақтардың зерттелуі барысында аңғарылатыны – оларда діни ұғымдар мен өмірге деген көзқарастар жоғарғы дәрежеде дамыды. Осы кезеңде жоғарыда атап кеткеніміздей, өлген адамды өртеу рәсімі кең етек алған. Мұның өзі сол кездегі отқа табынудың бір көрінісі еді. От құдыретті күш, зұлым рухтардан қорғайтын қасиетті нәрсеге жатты. Өртенген сүйектердің қалдықтары жерленген орындар қола дәуірінің әр түрлі кезеңдеріндегі түрлі мәдени қабаттардан кездеседі. Ежелгі адамдар қасиеті мол «от» кез келген мәйітті күнәдан тазартады және жаман рухтардан қорғайды деп есептеген [5].

Құрбандық шалу шұңқыры зерттеліп болған соң, өзге де жерлеу шұңқырларының іздеріне қазба жұмыстары жүргізілді, алайда ол шұңқырлардан ештеме шықпады. Осыдан ақ қорғанның өз заманында жақсылап тоналғандығын байқаймыз.

 

 

Құрбандық жерлеу шұқырының іздері

 

 

Жылқы малының сүйектері

Қорған толықтай археологиялық әдіс-тәсілдерге сай зерттеліп болған соң, қайта қалпына келтіріліп өзінің топырақ-үйіндісімен жабылды. Қорыта келе осы күнмен аяқталған бұл археологиялық зерттеу экспедициямыз жәдігерлерге олжалы болды.

Алдында айтып кеткеніміздей қазба жұмыстарында үш қыш ыдыс табылған болатын, бұл қираған қыш ыдыстардың бөліктері музейге жеткізілген соң жуылып, кептіріліп, құрастыру арқылы қайтадан қалпына келтірілді. Қалпына келтіруде арнайы қыш желімі қолданылды, жетіспеген бөліктеріне гипс қоспасы пайдаланылды.

 

 

Қыш ыдыстардың бөлктері

 

 

Реконструкцияланған қыш ыдыстар

Қыш ыдыстарды қалпына келтіру барысында олардың сыртқы пішіні мен геометриялық өрнектеріне қарап, кішірегі қола дәуірінің Петров мәдениетіне жататындығы анықталды. Өйткені бұл қыш ыдыстың бойы аласа болуында және сызылған өрнектері сирек әрі жоғарғы, төмен жақтарында ғана кездеседі. Ал қалған екі қыш ыдыс қола дәуірінің Алакөл-Федоров мәдениетіне жатады. Өйткені сыртқы пішіні ұлғайған, қыш ыдыстың ернеуі түбіне қарағанда ұлғайған, геометриялық өрнектері жоғарғы, ортаңғы және төменгі бөліктерінде кездеседі. Салынған өрнектері жай ғана емес, күрделірек.

Сонымен қоса табылған жәдігерлердің ішіндегі ең көрнектісі бұл әйел адамның әшекей бұйымы – қола гривна болды.

 

 

Древние ювелиры эпохи поздней бронзы

 

 

Қола гривна

Ә.Х. Марғұланның 1979 жылы жарық көрген Орталық Қазақстанның Бегазы-Дәндібай мәдениеті атты еңбегінде Жыланды жерінен табылған, осыған ұқсас қола гривнаның үлгісін көрсете отырып, «Қола дәуірінің соңғы кезеңіндегі (б.з.д. XII-VIII ғғ.) Орталық Қазақстан мен солтүстік-шығыс Қазақстанның зергерлері әшекей-бұйымдарды көптеп жасағандығы, бұл жерде зергерлік өнердің жақсы дамығандығын көрсетеді» деп атап кеткен. Назар аударатын болсақ бұл жерде Ә. Марғұлан қола дәуірінің соңғы кезеңі деп ескертіп тұр. Осыған қарағанда табылған мойын алқа – гривнаны нақты б.з.д. XII-VIII ғғ. қола дәуірінің соңғы кезеңіне тән деп айтуға болады. Сонымен қоса, осы айтылған жазбаларға қарағанда дәл осындай жәдігерлер бұрын соңды нақты солтүстік Қазақстан жерінде сирек кездесуіне байланысты бұл зерттелген қола дәуірінің қорғаны үш кезеңді де қамтиды ма деген тұжырымға келдік, яғни ерте, орта және соңғы кезеңдерді. Оның үстіне оған дәлел ретінде бір жерлеу шұңқырынан шашылған үш адам қаңқасының, анатомиялық тұрғыдан толық емес сүйек қалдықтарының табылуында [6].

 

 

Қазба жұмыстарының жалпы көрінісі

 

 

В.Ф.Зайберт бастаған экспедиция мүшелері

Далалық ғылыми-зерттеу жұмыстарымыз толықтай археологиялық әдіс-тәсілдерге сай жүргізіліп болған соң, табылған жәдігерлер арнайы сақтау қораптарына салынып музейге жеткізілді.

Барлық табылған жәдігерлер зерттеліп, камералдық және лабороториялық өңдеу жұмыстарынан өткен соң 2019 ж. музейге жүргізілген реэкспозиция жұмыстарында өздерінің тиісті орындарын алып, көпшіліктің назарына ұсынылды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). 1-том. – Алматы: 2010, 103-б.

2. Зайберт В.Ф. Эниолит, Урало-Иртышского междуречье. Петропавл, 1993, 149-б.

3. Зайберт В.Ф. Эниолит, Урало-Иртышского междуречье. Петропавл, 1993, 152- б.

4. Акишев К.А. Вопросы археологии Казахстана. Алматы, 1979, 49-б.

5. Кукушкин И.А. Культ огня у племен Казахстана в эпоху бронзы: динамика, функций. А., 1993, 121 стр.

6. Маргулан А.Х. Бегазы-Дандыбаевская культура Центрального Казахстана. Алматы, 1979, 169- б.

Яндекс.Метрика

A+AA-