КӨРІСУ МЕЙРАМЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамының мерейлі бастауы ретінде тойланатын бұл күні өкпе-реніштеріңіз болса кешіріп, араздықты ұмытып, әрбір жанға амандық-саулық, құт-береке тілеп, Жаңа жылды ақ пейілмен бастаңыз!
***
Көрісу (Амал мерекесі) – қазақ халқында ежелден келе жатқан, күні бүгінге дейін сақталған дәстүр. Көрісу күнінде адамдар бір-біріне амандасып, жақсылық тілейді, қауышады, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіреді. Таң сібірлеп атысымен, көрісу мерекесін асыға күтіп отырған әрбір отбасы алдын ала дайындалып қойған дастарханын жаяды. Отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп, көрісіп шығады. Бір-біріне «Бір жасыңмен!» дейді. Ол «Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман-есен жетуіңмен!» дегенді білдіреді. Сонымен қатар әр отбасы көршілерімен көріседі. Жасы кіші отбасы мүшелері жасы үлкен жанұяларға кіріп, көрісіп шығады. Міндетті түрде әр адам үш үйдің есігін ашу керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі керек. Қазақ қашанда дастарханын айрықша қастерлеген. Бұл жоралғы жыл бойы тоқ жүріп, дастарханымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған.
Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді. Әлдеқандай себептермен 14 наурыз күні ошақ қасында, жақындарымен бірге болмаған немесе сырт жақта жүрген кез келген адам өз аймағына жолы түскен бойда көпті көрген үлкендердің қолын алып, сәлем беруге тиіс.
Шаттық пен қуанышқа, ақ бата мен молшылыққа толы бұл мерекеде мәре-сәре болған жұрт осы қарқынмен Жыл бастауы – Наурыз мейрамын қарсы алады...
Баршаңызды бұл мерейлі мейрам – Көрісу күнімен құттықтаймыз! Бейбіт және бақытты өмір, жақындарыңыздың аман-саулығын, әрбір оң бастамаларыңызда тек сәттілік пен жетістіктер тілейміз!
Creation date: 14.03.2022 10:20
Update date: 14.03.2023 12:59
Қарау саны: 1173