Mobile version Version for visually impaired Site map

КЕНЕСАРЫ ТҰСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ

Бибігүл Бейсенбайқызы

biba1171@mail.ru

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану

музейінің аға ғылыми қызметкері.

Көкшетау, Қазақстан.

Түйіндеме: Тарихи деректердің негізінде мақалада Қазақстан тарихындағы күрделі кезеңдердің бірі – Кенесары тұсындағы Қазақ хандығы туралы баяндалады. Көкшетау елі төрелері және Абылай хан ұрпақтары бастамасымен солтүстіктен өктемдік жүргізуге қарсы тұрудың орталығы ретінде қарастырылады. ХІХ ғасырдағы дүниежүзілік тарихтағы отаршылдыққа қарсы ең ірі соғыстардың бірі қазақтың соңғы ханы Кенесары есімімен байланысты. Метрополияға жауап ретінде көрсетілген отарлық үдерістің ерекшелігі – бүкіл экспансия кезеңіне тән қарсылық танытушылық, бой көрсетушілік. Бұған айқын мысалдардың бірі – Қазақ хандығының отаршылдыққа қарсы көтеріліс жағдайында қайта жандануы, оның басты мақсаты – Қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіру болды.

Кілтті сөздер: Көкшетау, Абылай хан, Абайділда Уәлихан, отарлау, Кенесары хан, отаршылдыққа қарсы соғыс, Қазақ хандығы, мемлекеттік басқару жүйесі, «Хан кеңесі», Ағыбай батыр, ғалым Ермұхан Бекмаханұлы.

І. Әлем тарихында отаршылдыққа қарсы ірі соғыстардың бірі қазақтың ханы Кенесарымен тығыз байланысты. Кенесары Қасымұлы (1802-1847) тарихи Көкшетауда дүниеге келген. Атақты Абылай ханның немересі, Қасым сұлтанның ұлы – Кенесары бір ғасырға жуық Орта жүз қазақтарының саяси өмірінде жетекші рөл атқарған ақсүйектер отбасында өсті. XVIII ғасырдағы Қазақстан мен Орталық Азия тарихындағы ең беделді мемлекеттік және саяси қайраткерлердің бірі – Абылай ханның нақ осы Көкшетауда «Хан Ордасы» орналасқан. Кезінде хан Абылай (1711-1781) шығыстағы экспансияға, қазақ-жоңғар соғысына қарсы күресу үшін бүкіл қазақ жасақтарын осында жинаса, бір ғасырдан кейін Көкшетаудан оның немересі Кенесары солтүстіктігі экспансияға, отаршылдыққа қарсы соғыс бастады. Болашақ хан Кене Көкшетау мен Ақмола өңірлерінде жаңа әскери бекіністердің салынуына қарсы болған. Ал Кенесарының соғыс ұраны – аты аңызға айналған атасы – хан Абылай есімімен аталған.

«ХІХ ғасырдың қырқыншы жылдары Қазақ Даласы өткен кезеңдердің соңғы елесіне айналды. «Абылай ханның немересі – Кенесары халық ауызында ең танымал атасының даңқын асырып, отаршылдық билікке қанағаттанбаған халық өкілдерінен бірнеше мың шабандоз жинап, өзін қазақ халқының бұрынғы хандығын қалпына келтіруші ретінде жарияланып, халықты еңсесін көтеруге тырысты», - деп жазған Алаш көсемі, зерттеуші Әлихан Бөкейхан. Інісі Наурызбай мен оның серіктері асқан батылдық, ерлікпен белсенді түрде жанашырлық танытып, Кенесары халқын орыс әскерлерінің қуғын-сүргінінен құтқарып, үнемі қолдау жасауы, халықтың шынайы көңілін жаулап алған. Осы жағдайдың арқасында Кенесары Орынбордан Қарқаралыға, Қызылжардан Түркістанға дейінгі барша Қазақ Даласының қожасы ретінде, өзін он жыл бойы ұстаған...» [1, 79 б.]

«Соңғы табылған мұрағат құжаттарындағы деректері бойынша, тек үш дуанда – Көкшетау, Қарқаралы және Баянауылдардағы Кенесары көтерілістеріне қосылған 80-нен астам ақсүйектердің өкілдері, тіпті, Орта жүздің соңғы ханы Уәлидің жесірі – Айғаным ханша да қосылған. Оның төңірегіндегілер, оған Қасым әулетінің жүргізген көтерілісшілерінің ісін жалғастырушы ретінде қолдау жасаған». [2, 96 б.]

Шынында да, Көкшетау аймағында аттас дуан ашылғаннан кейін, бір жыл өткен соң, 1825 жылы 25 маусымда Абылайхан тегімен белгілі болған хан Абылайдың ұлы мен Кенесарының әкесі – Қасымның Орынбор Әскери губернаторы Эссенге жазған хатының мәтіні былайша болған: «Көкшетау маңында дуан ашылғаннан кейін сұлтандар мен старшиналар жиналыстарға қатысуға мәжбүр болды, бұл қандай құқықпен жасалған. «Хан Абылайдың Ордасындағылардан мұны ешкім сұрамады, Патша үкіметі әділетсіздік көрсетті; сондықтан да Абылай ханның тұсында болған елді жергілікті мемлекеттік басқарушы жүйелерді қайта қалпына келтіріп, аумақтық басқаруды жоюды сұраймыз». [3, 65 б.]

Дәл осы жерде, Көкшетаудың төңірегінде 200 жылдай бұрын отаршыл билік қаланы ашуды жоспарлаған. Бірақ биліктің бұл шешімін Абылай ханның немересі – Абайділда Уәлихан бастаған қазақ ақсүйектерінің өкілдері қабылдамады. Сұлтан Сартай Шыңғысұлы Қасым Абылайұлымен бірге аумақтық басқаруды жабуды белсенді түрде насихаттаған, олар өз үндеулерінде «Қазақтар тәуелсіз халық, ежелден емін-еркін өмір сүріп келеді, сондықтан аумақтық басқаруды таратып, бізге «Даңқты Абылай ханның тұсындағыдай еркін өмір сүруге мүмкіндік беріңіз!», - деп жазған болатын. Ал Сартай Шыңғысұлы – Жақсылық-Қарауыл руын басқарып, «Хандықтың қақ ортасынан – Көкшетауда, дуанының ашылуына қазақтардың ықтимал қарсылығын басуға келген орыс жасақтарына қарулы қарсылық көрсетуге дайын болды. Сартай сұлтан орыс жасақтарының Ұлы Далада қалмайтынына сенімді болды және оған басқаларды да сендірді. Көкшетау дуанының ашылу салтанатына өзі де келмеді, Тортай сұлтан мен оған жақтас өзге адамдарды да бұл рәсімге жібермеді. Бұл Сартайдың Сперанский әзірлеген «Сібір қазақтары туралы жарғыға» қарсы күресуге бел байлағынын көрсетеді». [4, 172 б.]

Баршаңызға белгілі, ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы кезініңде өзінде-ақ елдің солтүстік аймақтарындағы сыртқы саяси жағдай халықтың пайдасына тимеді. Сондықтан, кейін отаршылдыққа қарсы соғысқа ұласқан наразылықтарға қарамастан, халықтың талаптарының жартысы ғана жасалды: Көкшетау тауының маңында ашылған аймақтың орталығы – тарихи Көкшетаудан 70 шақырым жердегі Қопа көлінің оңтүстік жағалауына көшірілді. Демек, ХІХ ғасырдағы отаршылдыққа қарсы соғыс Абылай хан дәуіріндегідей тәуелсіздікті қалпына келтіру әрекеті болды. Бұған Кенесарының 1838 жылғы Ресей патшасына жазған ресми хаттары дәлел. Бұл хаттың мәні қазақ халқының бейбіт өмірін орнатудың негізгі талаптарын қамтиды: «Сіздің ата-бабаларыңызбен біздің Абылай хан атамыз тұсында ел арасында тыныштық орнатып, оны ешкім бұзбаған. Екі иелікте де өзара сауда болған». [5, 14 б.] Кенесары сұлтан құрылған дуандарға, оның ішінде өзі туған елі – Көкшетауда құрылуына ашық қарсылық көрсетті.

Алайда, Кенесары көтерілісінен 15 жыл бұрын, яғни, 1822 жылы Қазақ жерінің қосылуына және Қазақстандағы хан билігінің жойылуына қарсы оның немере ағасы және Абылай ханның немересі – Абайділда Уәлихан (1778-1851), Ғұбайдолла деген атпен деректерде белгілі, бірінші болып қарсы шыққандығын осы мақалада тоқтала кетпеуге болмайды. Уәли ханның ұлы Абайділда ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында, Абылай хан тұсында дүниеге келген.Ол Көкшетауда, «Хан ордасы» медресесінде білім алып, ақсүйек әулетінің ұрпағы болғандықтан бірнеше тілді меңгерген.

Қарастырылып отырған мәселелерге қатысты кейбір мәліметтер «Алаш» көшбасшылардың бірі Міржақып Дулатұлының еңбектерінде кездеседі: «Ханның ұрпақтары, солардың ішінде «Абылайлап» жауға шапқаны – қалмақтың ханы Қалдан Цереннен тартуға келген Топыш ханымнан туған Қасым төренің балалары – кешегі даңқты Кенесары хан мен ер Наурызбай. Бұлардан басқа хан қаны қайнап, өз еркіменен басқаларға қолдан тізгін бермеске қарысқан Абылайдың немересі – Абайділда сұлтан Уәлихан ұлы. Сол Абайділда Көкшетауға дуан салдырмаймын, ешкімге бағынбаймын деп, қарсылық қылғаны үшін ұсталып, сегіз жыл Итжеккенге айдалып, қайтып келгенде, Орынбай ақын айтқан екен: «Хан Абылай өтіп кетті-ау кеше жүрген, Үш жүздің баласына олжа берген. Сегіз жыл Итжеккенге әрмен кетіп, Ханымыз Абайділда қайтып келген. Биылғы қатты болды-ау қыстың жұты, Бес теңге Қызылжарда ұнның пұлы, Орта жүз, ырысың бар ел екенсің, Хан келді Абайділда – елдің құты». Абылай ханның жоғарыдағы айтылған көп балаларының һәм олардың тұқымдарының аттары белгілі болса да, әрқайсысының Кенесары, Абайділда секілді қазақ үшін жұмсаған күш-өнерлерін естімегендігімнен, құр аттарын жазбаймын», - деген екен.[6, 44 б.]

Сонымен, Көкшетау дуанына тағайындалған алғашқы билеуші Абайділда Уәлихан Ресейдің отаршылдық билігін мойындамаған. Ол болашақ Көкшетау қаласының Көкшетау тауының маңында салынуына қарсы болғандықтан, метрополия билігі онымен келісуге мәжбүр болды. Профессор Қ.Әбуевтің айтуынша, 1821 жылы қазақ руларының танымал өкілдері оны Орта жүздің ханы етіп сайлаған. «Бірақ Ресейдің отаршыл билігі Ғұбайдолла Уәлихановтың хан болып сайлануының заңдылығын мойындамаған, бір жылдан кейін, 1822 жылы «Сібір қазақтары туралы жарғыға» сәйкес Қазақстанда дәстүрлі хан билігі жойылды. [7, 106 б.]

Бір қызығы, деректерге қарағанда, Абайділда (Ғұбайдолла) Уәлиханұлы қазақтардың Орта жүздің ханы ретінде хан билігінің жойылуын елемей, 1823 жылы желтоқсан айында Қытай патшасы Даогуанға (1782-1850) Есім бастаған дипломатиялық елшілік жібереді, ол маньчжур Цин әулетінің сегізіншісі патшасы болған. [8, 55 б.] «1824 жылы Көкшетау дуанының құрылуымен Ғ.Уәлиханов аға сұлтан болып тағайындалған, бірақ ол өзінің бұл саяси әрекетін хандықтың билікті беделін түсіру деп есептегендіктен, өзінің қызметтік міндеттерін атқармады. Осындай жағдайда, Ғұбайдолла Уәлихан Құлжадағы Қытай өкілдерімен байланысын қайта жалғастырған».

Белгілі қытайтанушы К. Хафизованың пікірі бойынша: «Ғұбайдолла тек өз билігін, өз мүддесін ойлаған адам болмаған сияқты. Қазақ мемлекетін сақтауды мақсат тұтқан, мемлекеттік дәрежедегі адам болды. Сұлтан халықаралық қатынастардың бейбіт дипломатиялық әдістерін артық көрді. Немере інісі Кенесары сияқты қарулы күрес жүргізуге қабілетсіз еді. Сондықтан ол өзінің хандыққа сайлануын, тіпті Қытай үкіметінің оның тақ мұрагерлегін мойындау ниеті барын орыс әкімшілігіне өзі хабарлаған. Қытай саясаты Ғұбайдолланың мүддесіне сай болды, сондықтан ол тайсалмай, өз ниетін Тобылдан, Омбыдан жасырмай, Цин патшасы делегациямен белгіленген кездесу орнына барған». [9, 184 б.]

Бірнеше жыл бұрын осы жолдардың авторы, Қазақстанның Орталық мемлекеттік мұрағатында ғылыми-ізденіз жұмыстарымен айналысқан кезінде Абылай ханның ұрпақтары – Ғұбайдолла Уәлиханов пен Болат Ғұбайдуллинге қатысты деректер де кездесті, бұл құжаттар № 374 қорында сақтаулы. «Ғ. Уәлиханов 1832-1838 жылдары қайтадан Көкшетау дуанының билеуші ​​болып, сол жылы полковник шенін алған. 1839 жылы Омбы билігі Ғ. Уәлихановты Кенесары Қасымовпен сыбайлас болды деп айыптап, тұтқындап, жер аударады». [10, 107 б.] «Абайділданың айдаудағы тағдырын әйелі Әлбөбек пен қызы бөліскен. 1847 жылы қарашада Уәлиханов отбасымен Көкшетауға оралды». [11, 185 б.]

Абайділда заңды сайланған хан, «атасы Абылай мен әкесі Уәлидің мұрагері ретінде Қазақ мемлекеттілігін жоюға және Қазақстанда тікелей отаршылдық биліктің орнауына бірінші болып қарсы шыққан». Осылайша, Абылай ханның немересі – Абайділда Уәлиханұлы бастаған қозғалыс қазақ халқының Ресейдің Қазақстанды отарлауына қарсы Ұлт-азаттық күресіне және отаршылдыққа қарсы соғысына ұласты.

ІІ. Кенесары тұсындағы қайта жанданған Қазақ хандығы және мемлекеттік басқару жүйесі. Жоғарыда айтылғандай, отаршылдыққа қарсы Көкшетаудан шыққан Абылай ханның белгілі ұрпағы – әскери қолбасшы Кенесары Қасымұлы болған. Кейбір деректер бойынша, 1841 жылы қыркүйек айында Кенесары Ұлытауда бүкіл қазақтың ханы болып сайланды. Хандық дәуірінде Ұлытау – Қазақ мемлекетінің этносаяси орталығы болған. Дәл осы жерде қазақ билеушілерін хан тағына ұлықтау рәсімі өткен, бұл баршаңызға мәлім. Демек, Кенесарының отаршылдыққа қарсы көтерілісінің басты мақсаттарының бірі – Қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіру болды. Ал бұл мақсат, ХІХ ғасырдың 40-шы жылдарының басында жүзеге асты.

Қазақ хандығының басшысы дәстүрлі хан атағын Кенесары өзі алған. «Қазақ мемлекетінің қайта жаңғыруының қысқа кезеңінде (1841-1847) бірқатар әкімшілік-құқықтық реформалар жүргізілді, бұл қазақтарға саны жағынан да, әскери жағынан да басым болған орыс әскерлеріне айтарлықтай сәтті тойтарыс беруге мүмкіндік берді. Кенесарының тұсында кеңесші қызметтер атқаратын «Хан Кеңесі» болды. Мемлекет қызметінің әртүрлі бағыттарына жауапты бірнеше идаралар құрылған. [12, 2 б.] Тарих ғылымдарының докторы, «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40-шы жылдарындағы» іргелі еңбектің авторы Ермұхан Бекмаханұлы осы тақырыпқа қатысты мұрағат деректерін талдай келе, былай жазған болатын: «Қазақ мемлекетінің басшысы Кенесарының өзі болды. Оның жанында ең жақын серіктері – батырлар, билер және ханның жеке туыстарынан тұратын Кеңес болған. «Хан Кеңесі» кеңесші ұйым ретінде болып, алайда шешуші дауыс ханда қалды. Бұл жағынан оның Әбілқайыр хан тұсындағы «Ақсақалдар Кеңесінен» ерекшеленді, онда тек ханның еркін шектеуге қатысты болды. Кенесары «Хан Кеңесіне» сепаратистік ағымдарды таратушы рулардың танымал өкілдерін жібермеген. «Кенесары Кеңесінің» құрамына азаттық күресі барысында ханның құрметі мен сеніміне ие болған адамдар ғана кірген, мысалы, оның інісі Наурызбай Қасымұлы, Ағыбай Қоңырбайұлы, Иман Дулатұлы батырлар, Шоқпар Бақтыбайұлы, дипломатиялық табыстарымен танылған Сайдақ қожа Оспанұлы және т.б. «Хан Кеңесінде» елдің ішкі және сыртқы өмірінің барлық мәселелері талқыланды. Кеңес қашан да Кенесарының беделін жоғары бағалай білді. «Оның жігерлі жақтастарының ешқайсысы да ең батыл және ең ақылды хандардың бірі деп айтпаған болар еді». [13, 276-277 б.]

Кенесары хан Қазақ мемлекетін басқаруды сот, дипломатиялық, қаржылық, мүлікті реквизициялау және әскери істермен айналысатын жеке тұлғалар арқылы жүзеге асырған. «Бұл ретте мемлекеттік басқарудың түпкілікті саралауға әлі үлгермегенін есте ұстаған жөн. Жоғарғы Сот билігі Кенесарының қолында шоғырланған. Туысаралық сот істерін шешу үшін оларға билер тағайындалған. Ірі рулық өкілдердің мүлкі мен малдарының реквизицияларын Кенесарының әпкесі – Бопай Қасымқызы басқарды. Көтерілісшілерге көмектесуден бас тартқан ірі рулардың мүлкісі реквизициялауға жатқан. Мүлік пен малды күштеп алып тастамас бұрын, олардың иелері бұл туралы алдын-ала ескерткен болатын. Мұрағаттық құжаттарда жергілікті атқарушы билік «Кенесары эмиссарлары» деп аталатын жасаулдар арқылы жүзеге асырылғандығы айтылады. Жасаулдар жекелеген руларға бекітілген. Оларға салық жинауды қадағалап, көшпелі аудандарды анықтап, ханға қосылған ауылдарға барып, Кенесарының «Жарлықтарын» таратып, халықты күреске ұйымдастыру тапсырылған. Төлеңгіттерді маңызды тапсырмаларды орындау үшін пайдаланылған және әдетте оларға кең құқықтар берілген. Төлеңгіт Алданазар Жантайұлы өз айғақтарында: «Мен – «Кенесары төлеңгіті» деген атпен жүріп бара жатып, баспананы кедергісіз пайдаландым және қажетіне қарай, өткен күзде барлық Бағаналы рулардың Кенесары зекетті өз еркімен төлегендігіне құрметпен қарадым», - деп хабарлаған. [13, 278 б.]

Кенесарыға қарасты аумақтарды оның нұсқаулары сөзсіз орындалды. Осылайша, Кенесары кезінде елді басқару тәртібі белгілі бір жүйеге келтіріледі, мемлекеттік құрылғы жекелеген салаларға бөлініп, әрбір орындаушыға белгілі бір мемлекеттік жүктеулер: сот, әскери, дипломатиялық және т. б. берілген. Кенесарының мемлекеттік басқару реформасы билікті орталықтандыру ісінде оң рөл атқарғаны сөзсіз. Сот-құқықтық реформа сот істерін талдауды жақсартуға, барымталар және жанжалдарды тоқтатуға және талас-тартыстағы руларды татуластыруға бағытталған. Профессор Е. Бекмаханның пікірінше, сот қызметі хан билігін нығайтуға бағытталған. Арынғазы сұлтан – Кенесары ханның заңнамалық қызметіне зор үлесін қосқан тұлға. Арынғазының жаңашылдығы – ол алғаш рет қазақтардың әдеттегі құқығының заңдары бойынша емес, шариғат бойынша соттауға әрекет жасаған. Бұл сөзсіз бір қадам ілгерілеу болды және қазақтардың құқықтық қатынастарын дамытудағы белгілі бір кезеңді білдірді. Руаралық жанжалдарға қатысты аса маңызды сот істерін, сондай-ақ оған идаралық бағынышты емес рулар арасындағы сот ісін Кенесары жеке өзі немесе ол жіберген жасаулдар, оның сот істерін талқылаған. Кенесарыға бағынышты қазақтар өздеріндегі туындаған мәселелерді шешуді жиі сұрайтын. Оған идаралық емес рулардың қазақтары бағынышты, оның ішінде алыс Адай рулардың өкілдері де ауыр істерді шешу үшін жиі жүгінген, ал Кенесары олардан ешқашан бас тартқан емес. [14, 279-280 б.]

 «Өкінішке қарай, Кенесары хандықты – хан үлесін заңды ала алды ма, әлде бұл жарлықты жойды ма, оны анықтау қиын. Сол сияқты, Кенесарының құн (қан бағасы) және айып (ұрлық үшін жаза) жүйесіне қандай өзгерістер енгізгенін біле алмадық. Мысал ретінде, Е.Бекмаханұлы, бай Сейтен Азнабаевтың құлы – Тілеген Кінетеевке жасаған қатыгездігіне қатысты бір ғана мұрағат құжатын келтіріп, оның үкімінен кейін Кенесары хан мынадай әділ шешім шығарған: «Ұзақ уақыт бойы адал еңбек еткені үшін 40 бас үш жасар бие немесе 20 ірі тайын төлеп, Тілеген Кінетейді бостандықққа жіберіп, анасы мен апасына кұн – мүліктік өтемақы төленсін». Салық саясаты саласындағы басты өзгеріс Кенесарының жеке байлардың алымдарын «Хан қазынасының» пайдасына бірыңғай салықпен алмастыруға ұмтылуы болды. Бұл алымдар мемлекеттік салықпен ауыстырылған. Әрине, Кенесарының билігін мойындаған ауылдар Хиуа мен Қоқан хандарына ешқандай салық, Ресей үкіметіне киіз үйлер бойынша алым төлеуді тоқтатты. Бұл қазақтар үшін айтарлықтай салық жеңілдігі болды. Бірақ соғыс уақытының талаптары уақытында Кенесары хан қазынасына түрлі алым-салық салуды қатаң талап етуге мәжбүр етті, бұл өзіне бағынышты қазақтарға ауыр салмақ түсірді. Зекет жинау кезінде Кенесары белгілі бір мөлшерді ұстанды: 40 басқа дейін табыннан салық мүлде алынбаған. 40 бастан 100 басқа дейін – бір бас, кейін әр 40 бастан бір бас алынды. Көптеген алмы төлеушілерден алынған куәліктерде зекеттің бұл мөлшерін растайды. Жалпы, Кенесарының салық саясаты өзі құрған мемлекеттің нығаюына ықпал етті». [14, 287 б.]
 Көріп отырғанымыздай, қазақтың орташа отбасы аз ғана салық төлеген немесе 30-40 бас малы болса төлемнен толық босатылған. Егер жылжымалы мүлікті, атап айтқанда, малды есепке алғанда, қазіргі қазақстандық валютаға аударсақ, 10 миллион теңгенің шегіндегі сома шамамен шығады. ХІХ ғасырдағы соғыс жағдайында да Кенесары ханның шешімі әділ болды. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты жоғарыда аталған әскери салаға келсек, Кенесары тұсындағы Қазақ хандығында бұл саланың қызметі өз деңгейінде болған. 
 Кенесары ханның өз халқының мүддесін ойлаған әскери серіктері қазақтың үш жүзінен шыққан батырлар болды: Шұбыртпалы Ағыбай, Жанайдар батыр, Атығай руынан Аңғал батыр (Көкшетау), Қыпшақ руынан Басығара батыр (Ақмола), Арғын руынан Жеке батыр (Көкшетау), Иман Дулатұлы (Орта жүз), Табыннан Жоламан Тіленші, Байтабын Дербісұлы (Кіші жүз), Дулат руынан Бұғыбай, Жәуке, Сұрыншы, Байсейіт, Тойшыбек батырлар, Шапырашты руынан Жаманқара батыр және Бердіқожаның баласы Болат батыр (Ұлы жүз). Тізімде көрсетілген батырлар көтерілістің соңына дейін Кенесары ханды қолдаған. Олардың көпшілігі Кенесарымен бірге қайтыс болған. Өкінішке қарай, Кенесары хан батырларының есімдері патша үкіметінің құжаттарында кездесе бермейді. Бұл, негізінен, оларды Кенесарының серіктестері емес, оның жеке тұлғасы қызықтырғанымен түсіндіріледі. Патша шенеуніктері өз істерінің басты мақсаты ретінде басты тұлға Кенесары Қасымовтың таңдап, оның әрбір қадамын қағазға түсіріп отырған. Бұл арада Кенесары ханның жанында ең жақын серіктері қазақтың көрнекті батырлары, әр ру мен жүздің беделді адамдары болды. Олардың қайсарлықтары, шайқастағы ерліктерін, патша отаршылдарына қарсы күрестегі адалдығын халық ән, жыр, дастандарында жырланады. [15, 178 б.] «Кенесары ханның көрнекті батырларының бірі – Шұбыртпалы руынан шыққан Ағыбай Қоңырбайұлы. Оның есімі құжаттарда бір-ақ рет кездеседі: тұтқынға түскен көтерілісші Тыншықбай Мақсүтовтың куәлігінде (1842 жылғы 16 қарашадағы № 94 құжат, қосымша № 2, 203 б.), - деп жазған Кенесарының шөбересі – Нәпуса Кенесарина өзінің «Патшалық құжаттар бойынша Кенесары ханның қызметі туралы» атты кітабында. Бұл кітапты басқа құжаттарымен бірге Нәпуса Әзімханқызы, 2002 жылы Көкшетау қаласы Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына сыйға тартты. 
 «Кенесары өз батырларын жоғары бағалаған. Әуелі Ағыбайды әзілдеп «Сақалсыз көсе» деп, кейін «Ақжолтайым» дейтін болды. Наурызбайды жауапты істерге жібере отырып, Кенесары: «Наурызбайды сенің қамқорлығыңа тапсырамын, сені құдіреті күшті Аллаға тапсырамын!», - деп Ағыбайға еріп жүруді тапсырған. [15, 179 б.]
 ІІІ. Кенесары хан мен Ағыбай батыр ХІХ ғасырдың басында дүниеге келген, екеуі түйедей құрдас. Ағыбай Қоңырбайұлы (1800-1885) Ұлытаудан болғанымен, өмірінің бір кезеңі ұрпақтары тұратын Көкшетауда өткені белгілі. Ал кейбіреулердің пікірі бойынша, Ағыбай батыр 1822-1825 жылдары Көкшетауда тұрса, енді біреулердің айтуынша, өмірінің көп бөлігін осында өткізген деседі. Бізге жеткен аңыздарға қарағанда, Ағыбай Қоңырбайұлы Кенесарының тойына келген көп қонақтардың арасында болашақ ханмен кездескен. Кенесарының Ағыбаймен дос болуына әкесі сұлтан Қасым Абылайұлының бірде Ағыбайға: «Кенесарымен құрдассың, әрқашан қасында бол!», - дегені сөзі де себепші болған деседі. Оның көрегендікпен айтылған бата сөзі қабыл болғандай болды. Дәл сол уақыттары Кенесарының тойында дәстүр бойынша ұлттық ойын түрлерінен жарыстар өтіп, нәтижесінде Ағыбай батыр жеңімпаз атанған. 

Өткен жылдың күзінде облыстық музейдің тарихи Көкшетауға жасалған бір күндік экспедициясы барысында біз, кезінде Кенесары хан мен Ағыбайға байланысты жерлерді де араладық. Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек бастаған экспедициясы – Кенесарының туған жері Көкшетауда орнатылған ескерткішінде болып тағзым етілді. Сол тұста алыстан Қазақстанның солтүстігіндегі бүкіл тарихи өлкеге ​​атау берген атақты Көкшетау таулары көрінеді. Көкше-Бурабайда халық арасында белгілі «Кенесары үңгірі» атанған жер бар. Бұл үңгірдің ежелгі атауы «Көкшетау үңгірі». Өлкетанушы Төлеген Хамзинмен және қазақ батырының ұрпағы Серік Бақытұлымен жүздескен едік, ол өзінің бабасы Ағыбайдың жеке тұлғасы туралы өткен уақыттардағы тарихи естеліктерімен бөлісті.

Сонымен, біз Көкше даласының бойында созылып жатқан шағын «Ағыбайтау» тауының төбесінде тұрмыз: Көкшетау өңіріне тән әсем де, керемет көріністегі көкорай шалғын орманды алқап. Біздің көз алдымызда, ойпатта табиғаттың өзі арнайы жаратқандай үлкен кең көріністегі аумақ, ауқымды әскери жаттығуларға арналған алаң ашылады. Нақ осы жерде, Ағыбай батыр бастаған Кенесары әскерінің сарбаздары әскери дайындықтан өткен. Сондай-ақ төзімділіктерін шыңдауға және күш қасиеттерін неғұрлым ұзақ уақыт бойы сақтауға, атқа міну, найзаны шеберлікпен қолдану және басқа да әскери өнер түрлері бойынша жаттығулар өткізілді. Сондықтан да Ағыбай бастаған әскери дайындық өткен төбеге оның аты берілген. Тіпті, Көкшетау мен Ұлытаудан тараған оның ұрпақтары айтқандай, хан Кене тұсындағы әскери министрі болған. Ағыбай батыр Қасым Абылайұлының көрегендікпен айтқан өсиетін орындағандай қазақтың соңғы ханы – Кенесарының қасында болған. Тағдырдың берген сыйымен 10 жылдық соғыстан кейін аман қалып, 85 жасқа дейін ғұмыр кешті. Сол себепті Ағыбай Қоңырбайұлы «Батыр ата» аталынып, өзінің қартайған шағында да басты атағы өшпестен мәңгіліке қалған. Ағыбай атаның ұрпағы Серік Бақытұлының айтуынша, батыр атасының Түркістанда Кенесарының ұлы Сыздықпен кездескені туралы деректер сақталған. Алайда ол, Кенесарының інісі, батыр Наурызбайды құтқара алмағанына өкінетіндігін айтқан. Ағыбайдың ұрпақтары және Төлеген ағаның ең басты өтініші – Кенесары бастаған ХІХғасырдағы отаршылдыққа қарсы соғыстың болғанына 100 жыл өткеннен кейін шағын тау «Ағыбайтау» атауын қайтару болды. Бұл жерге қоныстанған халық кейін, қандай да бір себептермен «Семенов тауы» деп атап кеткен. Осы аталған ороним қазір мүлдем өзекті емес, өйткені ол ХХ ғасырдың басындағы Азамат соғысы кезінде осы жерлерде болған «Семеновтың бандылары» деп аталатын топтармен байланысты болуы да мүмкін. Аталған табиғи мекен Бурабай ауданы Қатаркөл ауылдық округінің аумағында орналасқан. Сондықтан таудың атын «Ағыбайтау» деп өзгерту туралы ұсынысты біз біржақты қолдаймыз, енді алдағы уақытта осы жөнінде аймақтық ономастикалық алқа отырысына ресми мәлімдеме жасау ғана қалды. Мұның бәрі ұлттық топонимдері – төл атауларды жаңғырту бүгінгі таңда өзектірек. Қазіргі уақыттан өткен ХІХ ғасырға қайта оралсақ, Кенесарының жеке жасақтарын Әскери Кеңес мүшелері – атақты батырлар, оның ішінде Ағыбай бастаған батырлар басқарғандығы, жауынгерлік әзірлікпен жасақ құра білгендігін көптеген деректер куәландырады.

 «Жүздік, мыңдық болып бөлінген Кенесарының жасақтары ұзаққа созылған дала соғысының жағдайына жақсы бейімделді. Кенесарының өзі ұстанған қатаң тәртібі арқасында, оған қысқа мерзімде сарбаздарды толық жинауды қамтамасыз етуге мүмкіндік берген. Соғыс жағдайында ол өз әскерлеріне айырымшылық белгілерін енгізді. Кенесары хан өзіне қажетті мәліметтерді жеткізген барлаушыларының қызметін шебер пайдалана білді. Осындай мәліметтердің арқасында хан жазалаушы күштердің әскери қозғалыстарының жоспарын алдын ала біліп, өз жасақтарын шығынға ұшыратпауға мүмкіндік алды. Кенесарының әскери қимылдарды жүргізу тәсілі отаршыл билік өкілдерінің баяндамаларында және өткен ғасырдағы тарихшыларының еңбектерінде жан-жақты баяндалған. Кенесары ерекше батылдығымен, шешуші мінезімен ерекшеленді, «әрқашан әдемі барқыт бешметін киіп, өзінің көптеген серіктестерінің алдында атпен салтанатты түрде оза жүріп отырды, оның іс-қимылы, барлық әрекеті «бәрін жойып жіберетін жойқын дауыл іспетті». Басшы ретінде хан Кене – Қазақ жерін азат ету жолындағы күресті бұрынғыдан да батыл жалғастырды. Қоқанның Созақ бекінісін алу арқылы Кенесары әскери қимылдар аймағын кеңейтіп қана қоймай, жақындарының өлімі үшін кек алуды көздеген. [16, 349 б.]
 «Осы оқиғалардан кейін Кенесары өз халқымен Торғай жағасына қоныс аударды. Қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысының ошағы қазір бұл өлкеде біржолата орнықты. Міне, Кенесарының әкесі Қасымның қайтыс болғанына бір жыл толғаннан кейін үш жүз қазақтарының өкілдері Кенесарыны ақ киізге көтеріп, оны бүкіл қазақтың ханы етіп сайлады», - деп жазған көрнекті ғалым Е. Бекмаханов өзінің «Хан Кенесарының көтерілісі» атты еңбегінде. Бұл дерек Кенесарының қазақ халқы арасында ерекше бедел мен танымалдылыққа ие болғанын айғақтайды. 
 Алайда, Кенесары ханның ұлықтау рәсіміне қатысты Қазақ тарихнамасында әлі күнге дейін ортақ немесе нақты пікір жоқ. Оның ішінде Ұлытаумен қатар Торғай даласы және Ырғыз да аталады. Жоғарыда аталған жерлеріне «Абылай ханның қара жолы» екі республикалық экспедициясы: «Көкшетау – Ұлытау – Түркістан» және «Көкшетау – Батыс Қазақстан – Орынбор – Көкшетау» бағыттарында жүріп өткендігін атап өткім келеді (автор – Б. Бейсенбайқызы, экспедицияның ғылыми кеңесшісі). ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысындағы дереккөздердің бірінде қарастырылып отырған тақырыпқа байланысты, Ырғыз және Торғай қалалары 1845 жылы жергілікті даладағы алдыңғы қатарлы әскери бекеттер ретінде құрылғаны туралы айтылады. Даладағы толқулар бекініс құрылысына негіз болды, ол ақырында Кенесары Қасымовтың тұсында ашық көтеріліс сипатына ие болды. Бұл жер әскери мақсатқа өте ыңғайлы болғанымен, негізінен жер жыртуға қолайсыз болғандықтан, отырықшылыққа бейімдеуге ыңғайлы болмады, соның негізінде бүгінгі күнге дейін егіншілік шаруашылыққа айналып отыруға мүмкін еместігі белгілі. [17, 340 б.]

Өздеріңіз көріп отырғандай, бұрынғы Ырғыз және Торғай қалаларының негізін қазақтың соңғы ханы – Кенесары Қасымұлы бастаған Ұлт-азаттық соғысы кезінде отаршыл билік құрушылар қалаған. Қазақстандағы он жылға созылған көтеріліс ХІХ ғасырдағы дүниежүзілік тарихтағы отаршылдыққа қарсы ең ірі соғыстардың бірі болып табылады. Сондықтан, Ресей империясының билігі жеңіліп қалмау үшін әскери бекіністер салуға мәжбүр болды, оның екеуі Кенесары соғысының соңғы кезеңінде Ырғыз бен Торғай пайда болды.Бұл отаршылдыққа қарсы онжылдық соғыс кезеңдерінің бірінде Кенесары хан сарбаздары да жеңіске жетуі мүмкін екенін көрсетеді.

Хан Кене бастаған 1844-1845 жылдардағы отаршылдыққа қарсы соғыс өзінің шарықтау шегіне жетеді. Бұл кезде көтеріліс Қазақстанның барлық дерлік аймақтарын қамтиды. «Осы кезеңде Кенесары Қасымов өзін бұқараның көшбасшысы және ұйымдастырушысы ретінде ғана емес, дарынды қолбасшы ретінде де таныта білді. Ол 20 000 жігіттен тұратын тамаша әскер құрып, олардың арасында қатаң әскери тәртіпті ұстанды. Кенесары шайқастарда ерекше көзге түскен сарбаз жігіттерін лауазымына қарамай жігерлендіріп, мадақтап отырды. 1844 жылғы әскери қимылдарда Кенесары ханның әскери өнері ерекше жарқын көрініс тапты. Барлауды жақсы ұйымдастыра отырып, ол бір-біріне қосылғалы жатқан Сібір мен Орынбор әскерлерін бөліп алып, қоршаудан өз әскерлерін шығарып, сосын айналма қапталдан соққы беру тактикасын қолдана отырып, жауды ойсырата талқандады. [18, 27 б.]

Жоғарыдағы соғыс әдісіне келсек, отаршылдыққа қарсы соғыста Кенесары Қасымұлының атақты атасы хан Абылайдың әскери-стратегиялық тактикасын қолданғаны туралы тарихи деректер бар. Демек, Кенесары тұсындағы Қазақ хандығы қиын-қыстау соғыс уақытында өмір сүрді. Осы орайда, ХІХғасырдағы отаршылдыққа қарсы соғыс Қазақстан картасында жаңа әскери бекіністер мен қалалардың пайда болуына ықпал еткенін айту керек. Жоғарыда келтірілген мәліметтер бұңы дәделдейді.

ІV. Кенесары және ислам. ХІХ ғасырда «мұсылман билеушілері үшін ресейлік бодандық болғанда Құран ұстап ант беру тіпті 100 жылдан кейін де міндетті болған. Бұл исламның қазақ билеушілері өмірінде маңызды орын алғанын көрсетеді. Олар мұсылманшылықтың барлық жоралғысын ұстанған. Бірақ Меккеге қажылыққа баруы сирек еді. Қазақтар үшін Түркістан қаласы қасиетті болды. Алайда Кенесарының көзі тірісінде қала қоқан кұшбектерінің немесе олардың жақтастары – Ташкент бектерінің қол астында болған. Қазақтар ең құрметті Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі жанындағы мазарға жерленген. Бұл жерде Кенесарының әкесі Қоқанның бұйырығымен ташкенттіктер қолыннан қаза болған Қасым жерленген. Уәлят Қоқан хандығының бір бөлігі болғанына қарамастан, қоқандықтар төрелердің Түркістанға жерлеуіне кедергі жасамады», - деп жазды өз еңбектерінде әйгілі ғалым К. Хафизова. [19, 224 б.] «Кенесарының діндар болғаны сөзсіз, бірақ оны «тақуа» деп айта алмайсың. Ол да, оның әкесі Қасым да жасыл Ту көтерді. Бұл оның қозғалысы әлі бастасталмаған. Қоқан мен Ташкентпен одақ құрудан әлі де үмітті кездер еді. Ал Абылай ханның «Ақ Туы» тікелей заңды мұрагері Уәли ханға, одан кейін оның ұрпақтарына мұраға қалды.

Ислам қазақ төрелерінің тұрмысына енді. Кенесары күндізгі бес уақыт намаздың уақытымен, ал жыл санауды «Мұсылман күнтізбегі» бойынша есептеген. Ол өз хаттарын, әдетте, Аллаға мадақ айтудан бастады, жеңістері мен жеңілістерін Алла тағаланың еркіне жатқызды. Өкінішке қарай жоғарыда атап өткеніміздей, оның хаттарының барлық аудармалары қазіргі археография мен палеография тұрғысынан мінсіз емес. Бұл оның көзі тірісінде жарияланған тоғыз хаттың түп нұсқасымен олардың аудармаларын салыстырған кезде байқалды. Ал түпнұсқалардың өзі кирилл қарпіне біршама сауатсыз көшірілген. Кенесары барлық хатында «тек ол ғана шындықты біледі және әділеттің қайда екендігін шеше алады» деген Аллаға сенім байқалады. Дін – басқару формаларында, сендіру әдістерінде және қолдаушыларды тартуға өз ізін қалдырды. Кенесары балаларының білімі туралы: «Олар кәмелетке толғанша ауылдағы жалдамалы молдадан сауат ашқан. Сонымен қатар, мылтық атып, атқа мінуге жаттықты. Кәмелетке толғаннан кейін сұлтандар әскери қызметке кірісіп, барлық жерде өздерінің ерліктерін көрсете бастады». Әкесімен бірге Қокан хандығында болғанда Кенесары жорықтар кезенді де бес уақыт намазын қаза қылмауға тырысты. Әрбір жеңісінен кейін ол той-думан, аң ауламен бірге Аллаға шүкіршілік етуге ұмытқан емес. Кенесары өзінің құрделі жорық жолында кездескен аты аңызға айналған қазақ батырларының, белгілі би-сұлтандардың қабірлерін қасиет тұтып, тағзым еткен. Үлгі бойынша, Кенесарының хандық билігі – Шыңғысхан империясы, Қазақ хандығы және мұсылмандық ұстанымдарымен аралас болған. Алайда, Кенесары үшін көшпенділерді басқарудағы идеал – атасы Абылай мен әкесінен қалған және ол өзі үнемі айтатын дәстүрлі әдістері болып қала берді.

 Кенесары өз қозғалысы идеологиясының негізінде ислам дінінен гөрі ата-баба культін қойды. Ол Абылай ханның бейнесін жан-жақты дамытты. Текті сұлтандарға, ру старшындарына негізделген дәстүрлі басқару әдістерін идеал деп санап, әр істе атасына еліктеуге тырысты. Барлығы оның Алланың мейрімімен үміт күткенін және ата-баба (аруақтардың) рухын тірек еткенін көрсетеді. Бұл Қазақстандағы исламның өзіндік ерекшелігі болған қазақ психологиясына өте тән еді. Бұл қубылыс өз алдында діни фанатизімді жоққа шығарады. Өйткені Алла Тағала кіршіксіз, ал ата-баба қанша әулие болса да адами кемшіліктерден құралақан емес, әрі дүниелік максатқа жетуді армандады». [19, 227 б.] Осылайша, Кенесары тұсындағы Қазақ хандығында ислам мемлекеттік идеологиялардың бірі болған деп айта аламыз.
 V. Сонымен, қайта құрылған Қазақ мемлекетінде – Кенесары хан да шын мәнінде, сол кезеңдегі көптеген мемлекеттерге тән жалпы түрде, дара билікпен басқару жүйесі бар ауқымды билік жүйесімен билік етті. ХІХ ғасыр тарихында зор ықпал ету және әлемді қайта бөлу үшін соғыстар жалғасын тапты. Колонияларға иелік еткен елдер басып алынған аумақтарда өлшеусіз, толық үстемдікке ұмтылды. Қазақстанды және Орта Азия елдерінде айналып өтпеген ХІХ ғасырдағы отарлау келесі кезеңдерде сипатталды: әскери-саяси, экономикалық, рухани жағдайда. Бұл үрдістің отарлаушыларға қарсы көрсетілген тағы бір ерекшелігі елдің қарсылығы болды. Екі қарама-қайшылық: экспансия, отарлау және майдан алаңына айналу, қарсыласу бүкіл тарихи кезеңдерге тән сипат болатын. Ресей отарлауына қарсы тұрудың айқын мысалдарының бірі ХІХ ғасырдағы дүниежүзілік тарихтағы ең ірі отаршылдыққа қарсы соғыстардың бірі ретінде танылған қазақтың соңғы ханы Кенесарының 10 жылға созылған отаршылдыққа қарсы соғысы болды. 
 Бір қызығы, ХІХ ғасырдағы қазақ-орыс соғысын отаршылдардың өздері Тәуелсіздік үшін соғыс деп мойындады. «Талай жырлар мен аңыздарда жырланған қазақ батыры Сұлтан Кенесары Қасымов қазақтардың Ресей мен Қоқаннан тәуелсіздігі үшін халық соғысын бастады. Орыстар олармен он жыл ауыр да тынымсыз соғыс жүргізді», - деп жазған еді. [20, 355 б.]

Егер сыртқы саяси жағдай туралы айтатын болсақ, онда қарастырылып отырған кезеңде аумақтарда ықпал ету және қайта бөлу бойынша ағылшын-орыс қатынастары шиеленісе түсті. Кенесары кезеңіндегі Қазақ хандығының қалпына келтірілген жылы қабылданған «1841 жылғы Лондон конвенциясы» Таяу Шығыс мәселесінде Ресей үшін үлкен дипломатиялық жеңіліс болды. Ағылшын-орыс текетіресінің майданы орыс иеліктерінің шегінен шығып, Хиуа – Бұхара – Қоқан – Иран – Ауғанстан – Үндістан сызығымен жүрсе, Қазақстан сол кездегі жақын тылға, тірекке айналдыру. патшалықтың басты мақсаты болды. Дәл осы жылдары Ресей үшін, Орта Азия хандықтары және Қытай арасында орналасқан Қазақстанның орасан зор стратегиялық маңызы бары айқын көрінді. Бұл елдерге, одан әрі Ауғанстан мен Үндістанға сауда жолдары Қазақстан арқылы өтті. Ресейге мұнда өз орындарын нық бекіткеннен кейін ғана Орта Азия хандықтарына қарсы жорықтар мен Орталық Азиядағы одан әрі экспансияны бастауға болатын еді».

Қайта қалпына келтірілген Қазақ хандығының тұсында Кенесары өзін дарынды мемлекет қайраткері ретінде көрсетті. Ол қазақтардың әдет-ғұрып құқығына бірқатар өзгерістер енгізді, атап айтқанда, ру билерінің сотын жойып, өзі тағайындаған жасауылдардан тұратын жалпы қазақ сотын құрды. Кенесары «зекет» пен өтіп бара жатқан сауда керуендерінен баж жинауды да ретке келтірді. Олардан түскен қаржы енді ел мұқтажы үшін қазынаға түсті. Кенесары халықтан о

Яндекс.Метрика

A+AA-