Mobile version Version for visually impaired Site map

Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде жөндеу жұмыстары аяқталды. Біз музейге келушілерді қабылдауға дайынбыз.

Қазақ хандығынан Тәуелсіз Қазақстанға дейінгі заңдар тарихы

Қазақ хандығынан Тәуелсіз Қазақстанға дейінгі заңдар тарихы

Қазақтың Ата заңдары – Дала Конституциясы.  Қазақ хандығында «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» аталатын заңдар болды. Қазақ хандығының заңдары «Жарғы» деп аталған, әділдік ұғымды білдіреді, көне қыпшақ тілінде жарлық деген атауда айтылады. XIII-XIV ғасырларда жазылған «Кодекс Куманикус» жазба ескерткішінде жарғы –  айтыс, тартыс, дау, әмір ету, әдет-ғұрып заңдары дейтін ұғымды білдіреді. Яғни «Жеті Жарғы» жеті жүйеден, жеті тараудан, жеті бунақ-баптан тұратын жарлықтар, билік-кесімдер, жоба-нұсқаулар болса керек».  Қазақ хандығының кемелденген тұсы – «Қасқа жолы» Қасым ханның мемлекет басқарған кезеңі. Ол – өзінің хандық билігі кезінде саяси дипломатияда, мемлекеттік ішкі-сыртқы саясатта және әскери соғыс ісінде зор табысқа жеткен ең көрнекті мемлекет қайраткері. Қасым ханның ережелерінде мынадай түйінді әдет-ғұрыптық қағидалар қамтылған: 1.Мүлік заңы (мал-мүлік, жер-су, қоныс дауларын шешу ережелері).
2.Қылмыс заңы (ел шабу, мал ұрлау, ұрлық т.б. қолданылатын жазалар). 3.Әскери заң (қосын құру, аламан міндеті, қара қазан, тұлпар ат, ердің құны т.б.). 4.Елшілік жоралары (шешендік, әдептілік, халықаралық қатынастардағы сыпайлық, сөйлеу мәнері).
5.Жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас-той, мерекелер мен жиындардағы ережелер, жылу, асар т.б.) Сөйтіп, Қасым хан ел басқару ісін бір жүйеге келтірген алғашқы заң жинағын дүниеге әкелді. Ал Тәуке хан бұларға 6. Жесір дауы және 7. Құн дауын қосқан.
   «Есім ханның ескі жолы» деген ауыздан-ауызға көшіп бізге жеткен мәтел – қағидаға айналып кеткен азын-аулақ ереже қалдығы ғана. Мұндағы «Қасқа жолға» қосылған жаңа ереже түзілімі: «Хан болсын, ханға лайық заң болсын; Би болсын, би түсетін үй болсын; Абыз болсын, абыз сайлау парыз болсын; Батыр болсын, жорық жолы мақұл болсын»,  – деген хандық құрылым жүйедегі саяси-әкімшілік, әскери, рухани және сот істерін жөнге салып отыратын басты-басты төртке бөлінген төрт тірек екенін танытады».   «Тәуке хан тұсында (1680-1718) атақты «Жеті Жарғы» дүниеге келген. Хан тарих сахнасына Билер кеңесін әкелді. Бұл халықтың жуан ортасынан шыққан үздік ойлы, дарынды, тапқыр тілді, алғыр ұйымдастырушылардың қалыс қалмауына даңғыл жол ашты. Тәуке ханның Ата заңы Қасым хан (1511-1523) мен Есім ханның (1598-1646) ережелері, билік-кесімдері негізінде жасалған. Саяси құрылымдағы өзгерістер қазақ қоғамын ұйымдастырудың құқықтық негіздерін қайта қарауды қажет етті. Бұл жұмыс XVII ғасырдан бері жүргізіліп, Тәуке хан тұсында «Жеті жарғы» заңдар жинағында өз түйінін тапты. Бұл жиын XVIII ғасырдың басында атақты билер Төле би, Қазыбек би және Әйтеке билердің қатысуымен жасалған».

 

    Абылай хан дәуіріндегі Ұлттық Мәжіліс. Көкшетау елі атақты, даңқты тұлғалармен аты шыққан. Соның бірі XVIII  ғасырда өмір сүрген, Тәуелсіздік үшін күрескен – тарихи тұлға Абылай хан (1711-1781). Халықаралық саяси сахнада Қазақ хандығының нығаюы Абылай ханның атымен тығыз байланысты. Абылай хан Қазақстанда және Еуразия тарихында дарынды колбасшы, зерделі саясаткер ретінде танылды. Мемлекеттік  қайраткерлігі, жеке басының ерлігі  мен данышпандығы күрделі заманда айқын көрінді. Ол Қазақ хандығын қуатты мемлекетке  айналдыруды мақсат етті. Абылай хан басқарған дәуірді, қазақ халқы «Алтын ғасыр» деп атайды. 

      Абылай тұсында елді басқарудың әкімшілік аймақтық жүйесі жаңаша тәртіптелді.  Беделді билер мен батырлар тиісті руларды басқарды. Олар өз қарауындағы ұлыстардың әлеуметтік-шаруашылық жағдайына, қорғаныс қамына толық жауапты болды. Абылай, төтенше жағдайларға икемсіз Хан Кеңесінің құзырын ықшамдап, дәстүрлі билер институтының өкілетін тежеу арқылы мемлекеттік басқарудың тетіктерін тікелей өз қолына алды.  Абылай хан заңдарды өзгерту арқылы Қазақ мемлекетін басқаруда бірқатар жаңалықтарды жүзеге асырды. Оның хан тағындағы ел  басқару  жүйесі біртұтас билікпен іске асырылды. Абылай хан қарамағындағы ел басқа-рушыларды адал сұлтандар арасынан сайлаған. Маңызды мәселелерді шешу үшін хан жанынан Кеңес – атқарушы билік органы құрылды, оның құрамына ханның біртұтас берік мемлекеттің іргесін қалау саясатын қолдаған ықпалды батырлар мен  жоғары шенділер кірген. Сот билігі де қазақ билеушісінің қолында болды. Абылай хан тұсындағы хан билігі шектеусіз болғандықтан,  оның тұсында   билер кеңесі қызметінің маңызы өз  рөлін атқаруды тоқтатты. Қылмыстың ең ауыр жазасына кесімді шешім қабылдау хан билігі қолына өтті, себебі, бұған дейін  дала дәстүрі бойынша  мұндай артықшылық тек билер сотында болған. Десекте, Абылай хан өз билігі тұсында  өткірі тілді, орақ ауыз, қара қылды қақ жаратын, кез келген дауды  шешен сөзбен шеше білетін, көсем сөздің кемеңгерлері  әділ билер, ақылшылар, мәселен  Қарауыл Қанай би сынды билер ойымен санасып отырған. Абылай хан ​​өз билігін ханның арнайы әскери сарбаздары – төлеңгіттер арқылы жүзеге асырды, олар  әсіресе, солтүстік-шығыс өңіріндегі халықтардың қолданыстағы ең шұрайлы  орындарын  қадағалаған. Бұл ретте аса маңызды мәселелерді шешу үшін хан Абылай мезгіл-мезгіл Жалпыұлттық Мәжіліске, халықтың арасынан арнайы беделді  өкілдерді  шақырып отырған. Бұл туралы абылайтанушы Қ.Әбуев өз  монографиясында жазып кеткен. Абылай реформалары жеке еңбегін тектіліктен жоғары қойған меритократия үрдісін ұстанған болатын. Ғалымдардың айтуынша, Абылай хан дәуірінде халық саны 3 миллионға дейін жеткен. Бұл демографиялық өсімнің де, оның саясатының сәттілігінің көрсеткіші болды. Басшының басты мақсаты Қазақ хандығының Тәуелсіздігін нығайту болды. Абылай тұсындағы елдің шекарасы нақты қазіргі  шекарадан әлдеқайда кең болды. Хан Абылайдың қызметі халықтың ішкі саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына, Қазақ мемлекетінің әлемдік сахнадағы халықаралық беделінің артуына ықпал етті.

 

     Абайдың Дала заңы. «Көшпелі қазақ қоғамында мемлекеттік биліктің ең кең және шырқай дамыған сапасы – сот билігі болатын.   Сот билігінің негізгі кейіпкері – би, ал құқықтың негізі – әдет-ғұрып нормалары болғандықтан, олар да тарихи сабақ тастыққа сай даму үстінде болды. Сондықтан,  әдет-ғұрып жарғыларына ортақ жалпы қасиеттерге тән билердің сот жүйесі, ереже баптары, билер шешімдері – қазақ құқығының ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басындағы даму кезеңдерінің белігілі бір тұтас жүйесіне айналды».  «Сот құқығын терең білу, шешендік өнермен ұштасатын әдет-ғұрыпты,   көпті көрген,   ойы орамды,  шешен сөзді, орақ тілді, ойы ұшқыр, сөзі өткір, жырмен жеткізе білетін суырып салма ақын,  мәселеде   шешімі шындыққа сай бола алатын адам ғана би деген құрметті атаққа ие бола алды. Осыған байланысты Шоқан Уәлиханның зерттеулері бойынша «билер атағын алған адамдардың балалары үлкен заң тәжірибесіне ие болды және әдетте әкелерінің атақтарын мұрагерлікке алған. Мысалы, Орта жүзден тараған Қазыбек бидің ұрпақтары (ХVІІ-ХVІІІ тоғысында) әлі күнге дейін би атағын алып жүр: Қазыбек – Бекболат – Тіленші – Алшынбай (ХІХ ғ.). Қазақтың «Билер соты» ауызша, ашық түрде жүргізіліп, барлық жағдайда насихатқа жол берілген. Ол халық арасында құрметті болғаны сонша, ешқандай тәртіптік шараны талап етпеген, әлі де талап етпейді. Бұл аудандық болыстар құрылғанға дейінгі сот болды, оның алғашқысы Көкшетау өңірінде құрылған. Орыстардың отаршылдық ықпалына қарамастан, билер соты бізден жүздеген, тіпті мыңдаған жылдар бұрын қандай болса, сол күйінде қалды. Ешбір оның ежелгі және қарапайым түрлерін өзгерте алмады».  Көкшетау аймағы билерінің шешімі туралы құжаттар Қазақстан орталық мемлекеттік мұрағатында сақталған, 1871 жыл. Ақмола-Көкше өңірінен шыққан Қазақ тарихында атақты Қанжығалы Бөгембай батырдың шөбересі Саққұлақ би Бапанұлы (1800-1888) – танымал би, шешен болған.  

     Сонымен қатар, билік бергенде жат-жақынға бөлмейтін,  әділдіктен, адалдықтан, әдептен озбайтын билердің бірегейі Абай Құнанбайұлы (1845-1904) болған. 1885 жылы мамыр айында Семей өңірінің Шар өзені бойында  Қарамола дейтін жерінде бес дуан елінің бас қосқан жиыны өтеді. Оған 100-ден астам билер қатысады. «Бұл жиында 13 баптан тұратын «Ереже» қабылданған.  1886 жылы Қазан баспаханасында басылып шығарылған.  Далалықтарға, яғни қыр халқына ғана тән әдет-ғұрып, дағдымашықтар ұлы кемеңгер Абай Құнанбайға жақын, әрі түсінікті еді. Ол ережеге көп өзгер-тулер, түзетулер қосып, өңдейді». «Абайдың Дала заңы» қамтыған кейбір дәстүрлерде өзіндік ерекшеліктер мен жаңалықтар байқалған. Заң қатарлы мәні болған Қарамолада қол қойылған Ережеде қазақ әдет-ғұрып құқығының  көптеген баптарының көрінісін қазіргі заманғы әкімшілік құқығында байқауға болады. Аталмыш ережесіде құн  дауы, жесір дауы, мал дауы, мүлік дауы, әмеңгерлік, мұрагерлік дауларды шешу, шешім шығару және сот жүргізу тәртібінің ерекшеліктері де көрсетілген. Сонымен қатар ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында «Шұбарағаш Ережелері», «Шар Күшік Ережесі», «Абақ Керей Ережесі», «Құрбан Қайық Ережесі», т.б. белгілі болған.

«Алаш» бағдарламасы. Ұлттық тарихымызда аса берік орын алған  мемлекеттік құрылымдардың ішінде «Алаш Орда»  үкіметінің қазақ халқы үшін алатын орны ерекше.  Қазақтың ұлттық жаңғыру идеясы «Алаш» атауымен тығыз байланысты.  Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында азаттық пен Тәуелсіздік үшін күрестің ажырамас ұранына  айналған «Алаш»  бағдарламасы қазақ халқы тағдырына үлкен серпін әкелді. ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында «Алаш» қозғалысының және алғашқы саяси партиясының, Алаш Орда үкіметінің пайда болуы қазақтың  саяси зиялы қауымының ең жоғары белді  әлеуетінің  қалыптасуының нақты айғағы болды. ХХ ғасырдың басында өз халқының болашақ дамуының тағдырлы мәселелерін шешуде Алаш қайраткерлері мен қазақтың әкімшілік, зиялы қауымы, Қазақ мемлекеттілігінің іргетасын қалады, дәлірек айтсақ, қайта жаңғыртты. Әлихан Бөкейхан  бастаған ұлт зиялылары  Қазақ   даласында ғасырлар бойы   туралатып келе жатқан мәселерді  шешуді басты жолға қоюды қолға алды.  6 млн қазақтың  жағдайын, азуы алты қарыс, патшалы үкіметке қазақ ұлтының жағдайын шешуді оңтайлы ұйымдастыру мақсатында, ең алдымен  Мемлекеттік Дума – Парламентке  депутат сайлау қажеттігін жақсы түсінді. Соның бастауы, Алаш қозғалысын ұйымдастыруымен Қарқаралы петициясы болатын. 13 мыңға жуық  азамат қол қойған петицияда қазақ халқының тағдырына қатысты өзекті мәселелерді шешуге тиіс талаптар қойылған болатын. 1905-1917 жылдар осылайша, Алаш қозғалысының саяси сахнаға шығып, жалпыхалықтық сипатқа ие болуының шарықтау шегі еді. Осы жылдар алты облыстың қазағы өздерінің ұлт көсемдерінің бет-бейнесін анық танитын дәрежеге жеткен болатын. Міне,  бүгінде біз білмей жатып, 1920 жылдардың басында Алаш қайраткерлері шекарасын дөп басып көрсеткен мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. 1920 жылы Ресей құрамында Қазақ Республикасының құрылуы Алаш Орда мен Кеңес үкіметі арасындағы ымыраға келудің нәтижесі болды. Алаш Орданың мемлекеттік-құқықтық бағдарламасы. Жетекшісі Ә.Бөкейхан, қатысушылар: М.Тынышбай, М.Сералин, М.Дулатұлы, Досмұхамедовтар. Негізгі саяси ережелер 1917 жылы қабылданған бағдарламада көрсетілген. Шын мәнінде, бағдарлама Конституция болатын.1) Республика басқару нысанын – президенттік және мемлекеттік құрылымды өзгертуі керек. 2) Тәркіленген жерлерді жергілікті халыққа қайтару, жерге жеке меншікке қарсы. 3) Негізгі азаматтық және саяси құқықтарды заңдарда бекіту, кемсітушілікке жол бермеу. 4) Ар-ождан бостандығы, муфтият ұйымдастыру, дін мен мемлекет шекарасын белгілеу 5) Қазақстандағы қазақтарды полиция қатарына шақыру. 6) Жалпыға бірдей тең білім беру, оның ішінде әйелдер үшін. 7) Дін мен мектеп өз еркімен бөлінген. Алаш қайраткерлері Орталық Азияны ұлттық-территориялық межелеу және қазақ жерін біріктіру үдерісіне белсене қатысты. Есімдерін еліміздің әрбір азаматы жақсы білетін Алаш көсемдері, сондай-ақ көрнекті мемлекет қайраткерлері, ұлт-коммунистері С.Сейфуллин, С.Сәдуақас, Т.Рысқұлов және  басқалары Қазақ жерінің тұтастығын қамтамасыз етуге бар күш-жігерін салды. Осылайша, ХХ ғасырдың басында дүниеге келген Алаш идеясы бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның мүддесіне қызмет етіп келеді.

Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы. Конституция, Ата Заң  латынның  Constitutio – яғни құрылым сөзінен шыққан.  Конституциялық заң мемлекеттің егемендігінің маңызды элементін – азаматтығының болуын қамтамасыз етті. Мемлекеттік тіл – Қазақ тілі. Қазақстан Республикасының Конституциясы ең жоғары заңдық күшке ие. Қазақстанда президенттік басқару нысанындағы республикалық жүйе бар. Құқықтық негіздері мынадай конституциялық ережелер: халық мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі ретінде, биліктің мемлекеттік тармақтарға бөлінуі: заң шығарушы, атқарушы және сот; халық қабылдаған Конституцияның үстемдігі мен жоғары заңдық күші. 1995 жылы 30 тамызда өткен республикалық референдумда халық қабылдаған Қазақстан Республикасының Конституциясы жаңа үлгідегі Парламентті ұйымдастыруды көздейді. Заң шығарушы орган ретінде Қазақстан Республикасының Парламенті екі палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады.

«Осы уақытта Елбасының басшылығымен мемлекетіміздің нышандары белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Ұлттық валюта айналымға енді. Қарулы Күштеріміз құрылды. Ата Заңымыз қабылданды. Шетелдермен диплома-тиялық қатынас орнатылды. Еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды. Елордамызды Арқа төсіне көшірдік. Түрлі дағдарыстардан аман өтуге мүмкіндік берген Ұлттық қорымыз ашылды. Дүние жүзіне тарыдай шашылған қазақ баласын атажұртқа шақырып, Ұлы көшке жол аштық. Соның нәтижесінде ел еңсесі тектіліп, ұлттық рухымыз көтерілді».

Екінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасының Парламенті (1999-2004) 560-тан астам заң қабылданып, Қазақстанның Президенті қол қойды. Жаңа заңдардың – 106, ал қалғаны қолданыстағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін мәселелерге қатысты. Сол кезде қабылданған заңдардың ішіндегі ең маңыздысы – азаматтарға жер телімдерін жеке меншікке беруді қарастыратын Жер кодексі. Қазақстан халықаралық қатынастардың субъектісі ретінде БҰҰ-ның мүшесі болып табылады, көптеген елдермен біржақты және көпжақты келісімдер жасады. Осы шақырылымдағы Парламент 236 халықаралық келісімдер мен шарттар.

Қазақстанның саяси жүйісі заман талабына сай дамып келеді. 2022 жылғы 6 наурызда Қазақстан Парламенті палаталардың бірлескен отырысында Конституцияға түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Жалпы, олар елді суперпрезиденттік республикадан парламенттік республикаға айналдыруға бағытталған. Үкімет атқарушы биліктің толыққанды органына айналады. Ол Парламентке есеп беруді белгілейді. Президент заң күші бар жарлықтар шығару мүмкіндігін жоғалтады, оның заң шығару бастамасы шектеледі. Сот және прокуратураның тәуелсіздігі артып, оның өкілеттігі Конституцияда тікелей бекітілген, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының лауазымдары нығаюда – оларды мерзімінен бұрын тарату тәртібі күрделене түсуде.   Сондай-ақ, Конституцияға жаңа Негізгі Заң қабылданса да еліміздің тәуелсіздігін өзгертуге болмайтын норма енгізілді. Бұл норма еуразиялық интеграция үдерістері барысында Қазақстанның егемендігінен айырылуынан қауіптенетін күштерді тыныштандыруды көздейтіні анық.

«Қазақстандағы Республикалық референдум 2022 жылдың 5 маусымда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жарлығына сәйкес қазақстан Республикасының Конституциясына  өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша өтті. Референдумда қазақстандықтар Конституциядағы түзетулердің болу не болмауына дауыс берді. Яғни бюллетеньде тек бір сұрақ: «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?». Сұраққа «иә» не «жоқ» деп жауап беруі керек болды. Референдумды өткізуге азаматтар ерікті түрде қатысады әрі бұл жасырын дауыс беру арқылы жалпыға бірдей, тең және тікелей қатысу құқығына негізделеді».   Жалпы халықтың  пікірмен санасып, ұйымдастырылған референдум нәтижесі, Жаңа Қазақстанның саяси-әлеуметтік, экономикалық дамуының басты  бағдарына сара жол салды. Мақсат пен мүддесі бір Қазақ елі өзінің   дамуы жағынан әлемдік деңгейде  өз мәресіне жетуге нық сеніммен алға басатындығы  шынайы ақиқатқа айналуда.

Бибігүл БЕЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Яндекс.Метрика

A+AA-