«Қазақстан-Көкшетау» Kokshe TV «Времена, события, факты»
Тарих бөлімінің аға ғылыми қызметкері Бибігүл БЕЙСЕНБАЙҚЫЗЫ сарапшы ретінде «Қазақстан-Көкшетау» Kokshe TV РТРК телевизиялық «Уақыт. Оқиғалар. Фактілер» жобасына қатысты. ХVІІІ ғасырдағы тарихи оқиғалар, «Абылай хан залы» экспозициясы бойынша, «Хан ордасы – Көкшетау» ғылыми жобасымен таныстырып, баяндады. Деректі фильм «КӨКШЕ» телеарнасынан көрсетілді. Толық нұсқасын: 1-2 бөлімді You-Tube желісінен көре аласыздар.
Көкшетау елі атақты, даңқты тұлғалармен аты шыққан. Соның бірі XVIII ғасырда өмір сүрген, тәуелсіздік үшін күрескен – тарихи тұлға Абылай хан. Қазақстан мен Орталық Азия тарихындағы ең беделді мемлекеттік және саяси қайраткерлердің бірі Абылай ханның «Хан ордасы» Кокшетауда орналасқан. Дәл осы жерде ұлы қолбасшы шығыстан шабуылдаған басқыншыларға тойтарыс беретін қазақтың басын қосып, ешкімге бодан қылмай, азат етті, тәуелсіздікке қол жеткізді. Жас болғанымен аты шығып үлгірген Абылай сұлтан Қазақ хандығының солтүстік өңірін басқару үшін Көкшетауға келеді. Кейін бүкіл мемлекетінің билеушісіне айналады. Негізінде, ханның шын есімі – Абылай-Мұхаммед Баһадүр сұлтан (1711-1781). Халықаралық саяси сахнада Қазақ хандығының нығаюы Абылай ханның атымен тығыз байланысты.
«Хан ордасының» тарихи Көкшетауда орналасқандығын XVIII ғасырдағы мұрағаттық деректері дәлелдейді. Көкшетауда хан Абылайдың «Хан Ордасы» немесе «Ханның Қызыл үйі», Сырымбет жайлауындағы жазғы ордалары болған деген деректер сақталуда. Осы деректер хан ордасына қатысты мәліметтерді айқындайды және «Ханның Қызылағашы», «Ханның Қызыл үйі» ұғымдары хан ордасының түсінің қызыл болғанын дәлелдейді. Ол әлем елдерінің бас ордаларымен теңдес: «Ақ орда», «Ақ сарай», «Ақ үй», «Көк сарай», т.б. Мұрағаттық түп деректермен санасатын болсақ, 1764 жылдары алдын ала келіссөздер жүргізілгеннен соң, Абылайға арналған «Хан Ордасы» 1765 жылы Көкшетауда салынған. Бұл тарихи жерде кейіннен хан тағының мұрагерлері – Абылайдың ұлы Уәли хан, одан соң немересі – билеуші Ғұбайдолла (Абайділда) Уәлихан тұрған.
Хан Абылай – Тәуелсіздіктің символы. Абылай ханның саяси және мемлекеттік қызметі Қазақстан, Ресей, Қытай, Орталық Азия елдерінің, Түркия, Ауғанстанның және тағы басқалардың мұрағат деректерінде көрініс тапқанына қарамастан, Отандық тарихнамасында лайықты баға алмаған бірқатар өзекті мәселелер әлі де бар. Қазақстан тарихы оқулықтарында жарияланбаған осындай мәселелердің бірі – Абылай ханның Көкшетаудағы «Хан ордасының» орналасқан жері туралы болып отыр. Назар аударатын жағдай Абылай хан дәуірінде «Бурабай» елді мекені болған жоқ. Сол себепті де мұрағат деректері мен көне карталарға сүйене отырып Абылайдың ордасы «Бурабайда» емес КӨКШЕТАУДА деп айту керек.
Бірнеше жыл бұрын болған жаңалық: тарихшы-ғалым Б.Бейсенбайқызы Абылай хан ордасының орналасқан жерін ашты. Бұны мұрағат құжаттары, табылған артефактілері және сараптамалық қорытындысы растайды. Соның негізінде тарихи Көкшетауда кешенді археологиялық экспедиция жүргізіп, алғашқы зерттеу нәтижелері өлкенің жаңа парағын ашып, Қазақстан тарихнамасының дамуына белгілі бір негізде қосылған үлес болар хақ. Археологиялық тексерістерден кейін топография, өлшемдер, құлаған үйінділердің орналасуы, іргетастың қалдықтары – шамамен 200х200 м. құрайтын «Хан ордасы» екендігін көрсетіп тұр. Бірақ бұл барлық аумақ емес. «Хан ордасы», «Ханның Қызыл үйінде» жалпы архитектуралық кешенін шығару үшін жоспарлы, ауқымды тексеру жүргізу керек. Толыққанды сенімділік үшін бұл тарихи ескерткіштің уақытын растайтын мәліметтер беретін археологиялық зерттеулер, қазба жұмыстарын жүргізу қажет. Сондықтан «Хан ордасы – Көкшетау» ғылыми жобасын іске асыру жолында мемлекет тарапынан да, демеушілер тарапынан да қаржылық қолдау қажет. Өлкенің және өз елінің тарихына бейжай қарамайтын барша жанашыр жан қарап қалмайды деп үміттенеміз.
Creation date: 27.09.2023 12:25
Update date: 27.09.2023 12:30
Қарау саны: 1191