Абай – өз халқының рухани байлығы
АОТӨМ этнография ғылыми-зерттеу
кіші ғылыми қызметкері
Айым Нұрмақанова
Оқылым саны: 42
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екені анық. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз» деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды.
Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде экскурсиялар, музей сабақтары өткізілмекші. Ал, республика, облыс көлемінде нақты іс-шаралар басталып та кетті. Оған жуырда облыстық әдебиет және өнер музейі мен облыстық сотта өткен шаралар дәлел.
Абай поэзиясы – қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Абай өлеңдерінде қазақ даласының табиғаты, қазақ өмірінің шындығы, қазақ халқының сезім-сыры, арман-тілегі, ұлттық ерекшелік қасиеттері жете қамтылған. Абайдың қара сөздерін оқу, естіп ұғыну арқылы, оның өлеңдерінің үлгісінде әлеуметтік мәселеге, адамгершілік қасиеттерге қатысты, ағартушылыққа байланысты көптеген өлеңдер жазған талай ақындар бар. Әсіресе, олардың саны, Абай шығармалары қазақ сахарасына жайыла бастаған сайын молая түскен», – дейді Мұхтар Әуезов. Абай Құнанбайұлы нағыз адам мұратын қалыптастырып қана қойған жоқ, сонымен бірге, ол мақсатқа жетудің шынайы жолын көрсетіп берді. Абай шығармашылығында сондай-ақ, адам бойындағы қайырымдылық, қанағат секілді адамға себепші иманды қасиеттер де талданған. Абайдың шығармашылық мұрасын зерттеу жұмыстары түрлі бағытта, түрлі ғылым салаларында жүргізілді және жүргізіліп келеді. Оның өмірі мен шығармашылығын тану мен танытуға арналған көптеген монографиялар, оқулықтар, мақалалар жинағы, конференциялық материалдар жарық көрді. Шетелдерде бірқатар еңбектер жарияланды. Абайдың ілімі бойынша, білім даналыққа жеткізеді, әділеттілік – махабаттан, махаббат – жүректен. Осы жүйеде адамның әділеттілігі, өмірлік мәні бар белгілі бір шешімнің әділеттілігі – өз алдына дара ұлттық және жалпыадамзаттық мәні бар бір бүтін құндылық. Ұлы Абайды өмір, қоршаған дүние, табиғат, болмыс сыры, олардың заңдылықтары көп ойландырған, ол дүние сырына бойлап, өзін мазалаған сауалдарға жауап табуға тырысқан. Мен осы кіммін? Жан иелері өмірінің түпкі мәні неде? Барлық адам баласы, жан-жануарлар да тамақтанады, ұйықтайды, қорғанады, артына ұрпақ қалдырады. Сонда адам баласының басқа жан иелерінен айырмашылығы неде? Міне, Абай әркімді де толғандыратын терең сырлы сұрақтарға жауап іздейді. Ол өзінің ілімінде, пәлсапалық шығармаларында адам баласының өмір сүру мақсатын, сол мұратына жету жолын, әлемдегі болмыстың мәні мен өзіндік ішкі байланысты, жалпы заңдылықтарын ашып көрсетеді.
Ақын шығармалары ХІХ ғасырда да Қазақстанда демократиялық қоғамдық ойдың қалыптасып, дамуына негіз болған басты-басты идеялық үш қайнардан нәр алды. Ол қазақтың ауыз әдебиеті мен өткен замандардағы жазба ескерткіштерінен сусындаған алдыңғы қатарлы халықтық дәстүр мен ежелгі және орта ғасырдағы Шығыс ойшылдарының таңдаулы шығармалары, орыстың материалистік философиясы мен демократиялық мәдениеті, сол арқылы дүниежүзілік (ең алдымен Батыс Еуропаның) философиялық ойдың жетістіктері. Әуезов бұл идеялық бағыттардың бір-бірімен табиғи ұштасып, жалғасып кететіндігін айта келіп, Абай дәуірі үшін осылардың ішінде үшінші қайнармен, орыс классиктерінің шығармаларымен таныстықтың маңызы аса зор болғанын, оның Қазақстандағы қоғамдық ойдың болашақта жандана түсуіне ықпал еткенін атап көрсетті. Ғалым Абайдың орыс әдебиетімен және философиялық озық ойымен байланысын оның аударған шығармаларының санымен немесе оған революционер демократтар идеясы ықпал етті деген қарапайым түсініктерді еске алумен ғана дәлелдемек болған. Ол Абай шығармашылығының өткен заман ойшылдарының теориялық мұраларымен байланысын анықтайтын мәселелердің тым тапшы зерттелгеніне өкініш білдірді. Абайдың орыс әдебиетіне ғана емес, сонымен қатар, адамзаттың бүкіл рухани мәдениетіне қатынасын тұтастай даму үстінде «орыс және қазақ халқының байланыстарын сол кезеңнің мазмұнын анықтайтын саяси оқиғалармен тығыз байланыста қарастыратынының» методологиялық маңызы аса зор.
«Абай – қазақтың жаңа реалистік жазбаша поэзиясының, әдебиетінің негізін салды. Абайдың ақындық дарыны аса қуатты және сан қырлы. Ол – керемет суреткер ақын және сыршыл лириканың сирек кездесетін шебері. Сонымен бірге, біз Абайды ойшыл ақын дейміз. Бұл алдымен ақынның өмір құбылыстарын терең толғау жағы басым келетін өлеңдеріне қатысты айтылған. Сонымен қатар, өмір, адам тағдыры, дүние, заман ағымы жайлы пікірлері, дүниетанымы көбірек көрінетін өлеңдеріне қатысты, яғни, ойшыл-философ ақын деген мағынада айтамыз» – деп, З.Ахметов ұлы дарынға үлкен баға береді де: «Ақын тұлғасы қаншалықты ірі болса, ықпалы соншалықты зор болатыны, айналасына түсетін жарығы да мол болатыны анық», – деген тұжырым жасайды.
Абай өзінен кейінгі ақындардың барлығына «жарығын түсірді» десек, әсерлеп айтқанымыз емес. Өйткені, «Абай – сұлу сөздің, терең сырлы, кең мағыналы кестелі өлеңнің атасы. Қазақ өлеңіне өрнек берген, түрін көбейтіп, қалыбын молайтқан – Абай. Ол қазақтың ішінен оқушы тапқан». Иә, Ұлы Мұхтар Әуезовтің бұл ойларынан артық Абай болмысын тап басып тану қиын. Абай дәстүрін жалғастырушылар оның осы «оқушылары». Олар ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ поэзиясын әлемдік деңгейге көтерген Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжан сынды біртуар дарындар еді. Бұлардың бәрі өз кезегінде Абайдың ұлылығын тануға ұмтылып, ақындығын бағалауға тырысқан болатын. Осы орайда, оның ақындығын бағалаудағы олардың ұлы ақынға берген атаулары да әрі қызық, әрі ой саларлық. Ең жақын шәкірті Шәкәрім «ұлы ұстаз» тұтса, Ахмет «қазақтың бас ақыны» деп біледі, Мағжан үшін «ақындар хакімі» болса, Сұлтанмахмұт «ақындар пайғамбары» ретінде таныған.
Музейдің қор коллекциясында «Абай Құнанбаев» атты 1950 жылдардағы басылым бар. Кітапты 2006 жылы «Музейге жәдігер сыйла» акциясын өткізу кезінде Көкшетау қаласының тұрғыны, журналист Жанмұрат Жанайдаров тапсырған. Бұл кітапты ол 1970 жылы студент кезінде Алматы қаласындағы «Букинст» дүкенінен сатып алған екен. Жинақ төрт бөлімнен тұрады. Оған әр жылдардағы өлеңдер, аудармалар, поэмалар, қара сөздер және шығармалар енген. Тағы бір құнды дерекке тоқталар болсақ, Қазақстанның халық ақыны, ақындар мен жыршы-термешілер одағының бірінші президенті, Ұлы Отан соғысының ардагері Көкен Шәкеевтің қолжазбалары, құжаттары, жеке заттарымен бірге, 2006 жылы оның жұбайы Дәржан Шәкеева Абай Құнанбаевтың графикалық портретін тапсырған болатын. Ал, түкті тоқу техникасындағы тағы бір жәдігер – Семей қаласында өткен Абайдың 150 жылдығына арналған айтыста Көкен Шәкеевтің жүлделі сыйлығы болып табылады. Сол кезде К.Шәкеев біздің облыстан барған делегацияның құрамында мерекелік іс-шараларға қатысқан. Бұл сыйлықтың көлемі 65,5х105,5 сантиметр. Портрет Алматы кілем және трикотаж бұйымдары фабрикасының өнімі болып табылады. Арнайы тапсырыстар бойынша фабрика Абай, Жамбыл, М.Әуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов және әдебиет пен өнердің басқа да көрнекті қайраткерлерінің портреттік бейнелерімен кілемдер тоқыған.
Абайдың бейнесі мен шығармашылығы өнер және мәдениет қайраткерлерінің шығармаларында, ғалымдардың ғылыми ізденістерінде көрініс табады. Абай мұрасы – бүгінгі таңда сарқылмас қазына. «Абай – өз халқының рухани көзі», – деп Мұхтар Әуезов айтқандай, бұл мұра бүгінде музейдің құнды жәдігерлеріне, ұрпақтар еншісіндегі рухани игілікке айналды.
Creation date: 24.08.2020 13:30
Update date: 24.08.2020 13:30