Қазақтың ұлттық әшекейлері: білезік
Ғасырлар бойы қазақ әйелдері зергерлік бұйымдар тағып жүрген және әшекейлер әйел өмірінде маңызды рөл атқарған. Таққан бұйымына қарап, мәртебесін, табын, қаншалықты бай екенін анықтаған. Қазақ әйелдері негізінен күміс зергерлік бұйымдарды таққан, себебі күміс асыл металл болып саналып, оны тазалық, сұлулық және денсаулық ұғымдарымен байланыстырған. Қазақтар алтын – сәндікке, күміс – тазалыққа деп санаған. Және күміс бұйымдарды тек әшекей ретінде ғана емес, сондай-ақ аурудан, көзден, жамандықтан қорғап қалатын тұмар ретінде де тағып жүрген.
Ежелгі заманнан бері білек өмірлік энергияның шығатын орны болып саналған, әсіресе әйелдерде, сондықтан ол жерді білезіктермен қорғаған. Шайзада Тоқтабаева жазғандай «Білезік - ... әйелдер күнделікті тағып жүретін бұйым, онсыз олар өзін нашар сезінетін болған. Білезік буын ауруларының алдын алады, қолдың тазалығын күшейтеді, жын-перілерді қуады деген ұғым халық арасында кеңінен таралған. Ең маңыздысы – білезік адам бойындағы күш-қуатты сақтайды. Қазақтарда бәле-жала әйелдің құлағы, шашы арқылы кірсе, күш-қуаты біртіндеп алақан арқылы сыртқа шығады деген сенім қалыптасқан, сондықтан әжелер соңғы күш-қуатынан айырылудан қорқып, білезігін қолынан тастамайтын болған».
Типі мен түрі бойынша білезіктер әртүрлі болған. Толассыз әдіспен немесе құю арқылы жасалатын білезіктер монета, асыл тастармен безендірілген; 2-3 бөліктері шынжырлар мен жармалар көмегімен бір-бірімен байланысатын жалғамалы әдіс те қолданылған. Ыстықтай немесе суықтай соғу әдісімен дайындалған, кейбіреулері шілтерлеп жасалған немесе күміс сымдардан өріп құрастырылған, білезіктердің белгілі бір түрлері үрленген. Зергерлер білезіктерге неше түрлі өрнектер салып, тас қондырып, қарала жүргізіп, зерлеп, сымдарды ширата дәнекерлеп әсемдеген. Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорларында қазақ зергерлерінің ежелгі технологиясы мен дәстүрі бойынша біздің өлкеміздің шеберлері дайындаған білезіктер коллекциясы сақталады.
Құрылған күні: 24.02.2022 12:20
Жаңартылған күні: 24.02.2022 12:21
Қаралым саны: 3855