«Құстар әлемінде» рубрикасы. Бүркіт
Бүркіт – салыстырмалы түрде үлкен құс, өйткені ересектерінің ұзындығы 0,9 метрге дейін, қанаттары 2 жарым метр және максималды салмағы 7 келіге дейін жетеді. Тұмсықтарының пішіні қырандар тұқымдасына тән: тұмсығының үстіңгі жағы төмен қарай иіліп келген, ұшы үшкір. Бүркіттің ұзын және жалпақ қанаттары бар. Құйрығы да ұзын, дөңгелек пішінді. Ұшқан кезінде бүркіт қанаттарын желпеуіш сияқты аша ұшады. Жыртқыш құстың аяқ-қолдары өте мықты және толықтай қауырсынды. Бүркіттің негізгі түсі қара-қоңыр реңкті, ал желкесі мен мойнының сырты сарғыш-жирен түсті. Ұябасары мен шәулісінің түсі бірдей дерлік, жас құстардың түсі қараға жақын, қанаттарының төменгі және жоғарғы жағында ақ дақтары бар. Жас бүркіттің құйрығы ақ, ұшында жалпақ қара жолағы болады.
Бүркіттер Солтүстік жартышардың барлық дерлік аумағында мекендейді, әрі оларды жазық жерлерде, тау бөктерлерінде кездестіруге болады.
Ересек жұптардың оқшауланған өмір салтына қарамастан Қазақстан, Қырғызстан және Моңғолия сияқты кейбір елдерде бұл жыртқыш құстарды аң аулау үшін қолданады.
Бүркіттер ареалдың басым бөлігінде сирек кездесетін құстардың қатарына жатқызылады, алайда олардың саны соңғы жылдары тұрақты қалыпта қалуда. Осыған байланысты Дүниежүзілік табиғатты қорғау одағы бұл құс түрінің жойылу қаупі бар деп санамайды – Халықаралық Қызыл кітапта бүркіт ең аз жоғалып кету қаупі бар таксон статусына ие.
Қызықты! Бүркіттердің көру қабілеті өте өткір, сондықтан олар 2 мың метр биіктіктен жерде жүгіріп бара жатқан қоянды оңай көре алады. Жерде олжасын байқағанда бүркіт бірден шүйіледі және көзбұршағының арнайы бұлшық еттері арқылы зейіні үнемі олжада болады. Осы ерекшелігінің арқасында жыртқыш құс өзінің олжасын зейінінен тыс қалдырмайды, оның үстіне кескінін өте айқын көре алады.
Құрылған күні: 30.04.2022 21:25
Жаңартылған күні: 30.04.2022 21:30
Қаралым саны: 1190