«АБЫЛАЙДЫҢ ҚАРА ЖОЛЫ» ТАРИХИ ЖОЛ
Бибігүл Бейсенбайқызы
biba1171@mail.ru
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану
музейінің аға ғылыми қызметкері.
Көкшетау, Қазақстан.
Қазақстан тарихнамасында бұл өзекті мәселелердің бірі және іс жүзінде әлі де толық зерттелмеген. Тарихи жол ұғымының мәні – тарихи маңызы бар жолдардың бағыттарын білдіреді. Мақалада XVIII ғасыр тарихында билік құрған «Абылай хан дәуірі» аталған атақты ханның есімімен байланысты «Хан жолы», «Абылайдың қара жолы» сауда-керуен жолы туралы сирек кездесетін мәліметтер беріледі. Көне заманнан Қазақ даласының үлкен көліктік әлеуетінің болғандығының дәлелі еліміздің ежелгі өңірлері: Көкшетау – Ұлытау – Түркістан аумақтары арқылы солтүстікті оңтүстікпен байланыстыратын тарихи жолдар. Қазақстандағы аталған ең ірі жолдардың бірі болған бұл бағыт дипломатиялық, сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды орнатуда, халықаралық маңызы бар жолға айналуда маңызды рөл атқарды.
Көкшетау тарихи-географиялық аймақ – Қазақтың қыраты Сарыарқаның солтүстік бөлігінде орналасқан. XVIII ғасырда Көкшетауда Қазақстан мен Орталық Азия тарихындағы ең беделді мемлекеттік және саяси қайраткерлердің бірі Абылай ханның ордасы орын тепті. Дәл осы Көкшетауда, ұлы қолбасшы шығыстан шабуылдаған басқыншыларға тойтарыс беретін қазақтың басын қосып, ешкімге бодан қылмай, азат етті, тәуелсіздікке қол жеткізді. [1, 91 б.] Негізінде, ханның шын есімі – Абылай-Мұхаммед Баһадүр сұлтан (1711-1781). Қазақ мемлекетінің ішкі саяси өмірін тұрақтандыру халықаралық қатынастардың одан әрі дамуына ықпал етеді. Сонымен, жоңғарлармен және Қытай Цин империясымен ұзаққа созылған соғыс аяқталғаннан кейін, Абылай хан көршілес Ресей мен Қытай елдерімен дипломатиялық және сауда-экономикалық қарым-қатынас орнатады. Сондай-ақ, дипломатиялық байланыстарды кеңейту мақсатында хан Абылай Ауғанстан билеушісі Ахмад шах Дурранимен келіссөз жүргізіп, Түркияға да елшілік дайындаған.
«Хан Абылай көрші елдермен сауда-саттық қарым-қатынасын орната отырып, ең алдымен бейбіт бітімгершілік қызметін атқарды. Дәл оның басшылығымен халықаралық сахнада өзара тиімді қарым-қатынастар орнаған. Қазақ Даласының шекарасындағы елді мекендер өзара келіссөз бен ынтымақтастық орталығына айналған. Абылай құрлық ішілік транзиттік сауданы дамыту саясатының бастамашысы және белсенді демеушісі болды. Ханның Қазақстанның басқа мемлекеттермен қарым-қатынасын дамытудағы қызметі ең алдымен қазақ қоғамының шынайылығы мен қажеттіліктерінен туындады. [2, 1 б.] Екі жақты қарым-қатынастарды орнатудағы Қазақ хандығының және Қазақстан аумағындағы басқа да мемлекеттердің тұсында, екі жақты мемлекеттік қатынастарды орнатуда маңызды рөлдердің бірін – көне тарихи жолдар атқарды.
«Абылайдың қара жолы» сауда-керуен жолы бойында деректер аз. Олардың кейбірінде топонимдер мен гидронимдер белгіленіп, жолдар, жер атаулары туралы сирек мәліметтер кездеседі. Жергілікті дерек көздерінде – Көкшетау өңірінде сақталған тарихи деректерде, Абылай есімімен байланысты бұл керуен жолы сол жерден басталып, бас резиденциясы «Хан ордасы» тарихи Көкшетауда болған. Орталық Азия, Қытай, тіпті ресейлік дереккөздердің ақпараттық әлеуетті соңғыларының кейбір қолжетімді мәліметтеріне қарамастан әлі анықталмаған. Мәселені зерттеуде картографиялық мәліметтер маңызды рөл атқарар еді. Бірақ Ресей отарлау саясатының жүріп жатқандығынан ұлттық топонимдердің кейбір түпнұсқалары сақталмады, оның үстіне орыс картографтары карталарды құрастыру кезінде жиі қателіктер мен нақты емес дәлсіздіктерге жол берген. Бұл туралы ХІХ ғасырдың 1878 жылында Көкшетау аймағында болған зерттеуші, саяхатшы И.Словцов жазған еді.
Сонымен, шын мәнінде «жол» ұғымы қозғалысқа арналған жер белдеуін, баруға немесе айдауға болатын жерді, жүретін жолды білдіреді. Баршаңызға белгілі, әлемдегі алғашқы жолдар адамзаттың мәдени дамуымен бірге пайда болған. Ежелгі және ортағасырлық дәуірде атақты «Ұлы Жібек жолы» – Шығыс пен Батыстың әлемдік мәдениеттерін байланыстыратын трансконтинентальды магистраль болды. Сондықтан да Қазақ Даласы ежелден Еуразия аумағында «Ұлттардың Тарихи қақпасы» деп аталған. Сондай-ақ ортағасырлық деректерде жолдарға қатысты Ұлы Дала аумағы Шыңғыс хан мен Ұлыс Жошының дүниежүзілік империясы туралы сөз болғанда, олардың дамыған және кең пошталық хабарламалар желісімен, ақпаратты тасымалдау жылдамдығы жағынан сол уақытта әлемде теңдессіз болғандығы айтылады. Айта кетерлік жайт, орыстар «Ұлық Ұлысы» түркі-моңғол империясы – Алтын Ордаға тәуелді болған кезде, шыңғыстықтардан хабар жеткізуші шабармандықты қабылдаған. Сонау ерте заманан-ақ көшпелілердің жерінде сан алуан жерлермен ұзыннан – шұбақ, кесе көлденең түрлі керуен жолдары, сауда, әскери және зерттеу жолдары болған. Негізінен шексіз және жазық Қазақ Даласы сол кездің өзінде-ақ үлкен көлік әлеуетіне ие болған. Қазақстан ежелден түрлі Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің, халықтары мен олардың мәдениеттерінің тоғысқан жері болды». [3, 7 б.]
XVIII ғасырда, Абылай хан дәуірінде Қазақ хандығының солтүстікті оңтүстікпен байланыстыратын тарихи жол керуен жолына айналып, халық аузында оның негізін қалаушының аты танымал: «Абылай ханның қара жолы», «Хан жолы», «Абылайдың қара жолы» деп аталды. Ұғымның семантикасына келер болсақ, бұл жағдайда қара түс белгісі тура емес, астарлы мағынаны білдіреді, өйткені қазақтарда қара түс, зерттеушілердің пікірінше, «полисемантикалық, нышандық мағыналардың орасан зор санына ие – қасиетті, киелілік ұғымы». Демек, жоғарыдағы ұғымның мағынасы қасиетті жолды бейнелейді. Сонымен, хан Абылай негізін салған сауда және керуен жолы әрі қарай ХІХ ғасырда қызмет етті.
«Абылайдың қара жолы» тарихи жолы Батыстағы «Ноғай жолы», «Орынбор – Бұхара» керуен жолы және т.б. қатар Қазақстандағы ең ірі әрі маңызды жолдардың бірі болған. Ең ірі сауда және керуен жолдарының жалпы саны «Абылай хан жолын» қосқанда 12 болды. Бұл туралы ғалым әрі саяхатшы А.Левшиннің (1797-1879) «Қырғыз-казак, немесе қырғыз-қайсақ ордалары мен далаларының сипаттамасы» атты еңбегінде айтылған. Алайда, Абылай ханның сауда-керуен жолы бойындағы аймақтарды тізіп өткен А.Левшин Көкшетау тауларын қателесіп, ғылыми-көпшілік басылымда «Кочка» деп атаған. Осыны алдын ала болжаған ғалым өзінің алғы сөзінде яғни, зерттеген нысаны, қазақ халқының тарихы ондағы барлық еңбегі бекер болмай, «оқырмандар тақырыптың жаңалықтарын құрметтейтіндіктен кейбір қателіктерді кешіреді деп үміттенемін», - жазған екен. [4, 13 б.]
Ал 1813-1814 жылдары керуен жолымен саяхаттаған Сібір корпусының аудармашысы Ф.Назаровтың «Орта Азияның кейбір халықтары мен жерлері туралы жазбалар» еңбегінде «Абылайдың қара жолы» бойындағы атақты таулар – «Көкшетау», «Көкше» деп дұрыс аталды. Бұл еңбек 1821 жылы Петербургте, 50 жылдан кейін «Түркістан жинағы» деп аталатын 1871 жылғы басылымда жарияланған. Ф.Назаровтың жолы Омбыдан Қызылжарға, Көкшетау, одан әрі Ұлытау, Бетпақ дала, одан әрі оңтүстік бағытта Ташкент, Созаққа дейін созылып, ежелгі Қоқан қаласына соңғы нүкте болғаны белгілі. Қайтар жолда Орталық Азия еліне жіберілген Ресей елшілігі солтүстік бағытта: Түркістан – Ұлытау – Көкшетау аймағы, одан әрі Қазақстан-Ресей шекарасына қарай жылжы бастаған. Бүгінгі таңда Ф.Назаровтың еңбегі «Абылай ханның қара жолы» тарихи жолындағы негізгі деректердің бірі екенін айту керек.
Қазақтың археология мектебінің негізін қалаушы Ә.Марғұланның айтуынша, бұл керуен жолы «Хан жолы» мәртебесін қазақтың ханы Абылай өзінің серіктестерімен бірге жүріп өткеннен кейін алған». Зерттеуші С.Ахынжанов XVIII ғасырдың ортасында Бетпақ дала шөлінің шығыс жағынан бірнеше керуен жолдары өткенін, оның ішінде «Абылайдың хан жолы» да бар екенін атап өтті. [5, 3 б.] Басқа деректерде бұл керуен жолы халық арасында «Абылайдын даңғыл жолы» пошталық тракты және сауда жолы деп аталған. Бұл туралы өзінің «Абылай хан. Замандастары мен мұрагерлері» атты монографиясында тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ.Әбуев жазған екен. Көкшетау маңында ХVШ ғасырда хан Абылай жылқыға таға жасау үшін металл өңдейтін, цехтары бар зауыт шеберханаларын салғаны белгілі. Мұнда олар егіншілікпен, әр түрлі кәсіптермен айналысқан, соның ішінде балыққа бай Көкшетау көлдерінде балық аулау да болған. [6, 160 б.] Бір қызығы, бұл көлдердің ең үлкені: «Көкшетаудың Шалқары» деп аталды. ХІХ ғасырдағы картада «Көкшетаудың теңізі» деген атпен кездеседі. Қазір көл «Үлкен Шабақты» деп аталады. Қарастырылып отырған кезеңде Майбалық және «Кіші Шабақты» көлдерін қамтитын «Көкшетаудың Шалқары» көлі Көкшетау тауларын жан-жақтан шайып жіберген. Қазір бұғаздың бір бөлігі кеуіп қалды, бірақ соған қарамастан болашақта көлдің «Көкшетаудың Шалқары» тарихи атауын қалпына келтіру қажет. Ұлттық топонимдер, оронимдер, гидронимдер мәселесі Қазақстанда әлі де өзекті.
Ұлттық топонимия деректері сауда коммуникациясының түйінді тұстарын айғақтай алады. Ә.Марғұлан Уанас және Жетіқоңыр жолдарын сипаттай отырып, негізгі нүктелердің бірі ретінде Шу өзеніндегі Тасөткел өткелін атайды. Бұл мағынасы сөзбе-сөз «өзеннен немесе өткелден өту» дегенді білдіреді. Уанас керуен жолының бір тармағы қазіргі елордамыз Астанадан бес шақырым биіктіктегі Есілдегі Қараөткел өткелінен өткен. Осы өткелден оңтүстік-батысқа қарай бес шақырым жерде шағын көлдің жағасында ортағасырлық Бозоқ қалашығы болған. Сарысу керуен жолы Сарысу өзеніндегі Тасөткел өткелінен өткен. [7, 5 б.]
Зерттеушілердің пікірінше, бұрыннан бар ұтымды салынған көне жолдардың ізімен, бөлек тарамдары бүгінгі күнге дейін пайдаланылады. 2007 жылы Біржан сал ауданында тарихи-этнографиялық экспедиция кезінде Көкшетау қаласындағы Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлеріне барған «Сәуле» ауылының тұрғындары да осы маңнан өтетін көне жол туралы айтқан болатын. Бұл жол халық арасында «Абылайдың қара жолы» деп атаған. Жоғарыда аталған елді мекенінің шығысында Абылай заманынан белгілі «Сарбаздар қорымы» орналасқан. «Хан жолы» керуен жолы оңтүстік-шығыс бағытында өткен болатын.
Ежелгі жол бойындағы дереккөз ретінде қазақтың ауызша тарихнамасын, осыған байланысты халық ауыз әдебиеті мен әдебиетін алуға болады. Бұл мәліметтердің кейбірі «Абылайдың қара жолы» туралы тікелей, ал басқалары жанама, астарлы байланысты болуы мүмкін:
- «Сендер де аман болындар, таудың тасы!
- Сарқыраған бұлақтар, судың басы!
- Қара жолдың аман бол екі жағы,
- Қоштасады бәріңе көздің жасы!»
(Мәшһүр Жүсіп шығармасынан)
- «Қара жолдың үстінен,
- Қалың жылқы жарылып
- Екі жаққа қалады...»
(«Қобыланды батыр» жырынан)
- «Анау үй мен мынау үй қатынаған,
- Қара жолдың қақ төсі қақыраған.
- Қара суға қақ тұрған майысқақ мұз,
- Шертіп қалсаң быт-шыт боп шатынаған».
(М. Мақатаев шығармасынан). [8, 204 б.]
Жоғарыда атап өткеніміздей, қазақтар арасында «қара», яғни қара түсті көп мағыналы, атаулар саны өте көп, оның ішінде қасиеттілік ұғымы да бар. Философиялық тұрғыдан алғанда, ұшы-қиыр шексіз жолдың астында адамның өмір жолы кейпінің түрін білдіретіндей...
«Абылай ханның қара жолы» жолындағы маңызды бағыт қазақ ауылдары – қыстаулар болғанын айту керек. Бұл туралы Ф.Назаровтың зерттеуінде де кездеседі. Осы орайда «Көкшетаудың көлдеріне жақын орналасқан қыстаудағы тұрақты ауылдар, атап айтқанда, «Атығай», «Сыбан-Керей» әкімшілік-аумақтық болыстарының «Хан жолы» бойында жылқы, түйе, тағы басқаларымен саудаласқан. Өздеріңіз көріп отырғандай, хан Абылай салған сауда және керуен жолының арқасында жергілікті тұрғындары қосымша табыс көзіне ие болған. Сонымен, қыстаудағы дәстүрлі ауылдар «Абылайдың қара жолы» сауда жолын ұстанып, көлік алмасу жүзеге асырылатын елеулі елді мекендер болды деп айта аламыз. [9, 100.101 б.]
Біршама маңызды факторлар: «Керуендердің сәтті қозғалуы үшін түнде және күндіз болатын жерлерде, саны көптеген малдар үшін тұрақты тұщы немесе кем дегенде ауыз су көздері және жеткілікті құнарлы жайылымдар болуы қажет еді. Оның үстіне мұндай орындар арасындағы қашықтық бір күндік жүрістен аспауы керек (әдетте 60 шақырымнан аспауы керек, жайырақ шамамен 25 шақырым). Уақыт өте келе бұл факторлардың салыстырмалы түрде өзгермеуі, Орталық Еуразия далалары арқылы өтетін және ХVШ-ХІХ ғасырлардағы орыс саяхатшылары мен зерттеушілерінің еңбектерінде егжей-тегжейлі сипатталған керуен жолдарының біразының сонау өткен дәуірде қызмет еткенін көрсетеді... С.Ахынжановтың айтуынша, Тәмім ибн Бахром айтқан қимақтарға апаратын жол (ІХ ғ. басы) Бетпақ даланың шығыс бөлігі арқылы өтеді, онда ХVШ ғасырдың ортасында бірнеше керуен жолы өткен, оның ішінде әйгілі Абылайдың «Хан жолы» да бар. Ол Шу және Талас аңғарларының алқаптарын Батыс Сібір қалаларымен, кейін Ақмола, қазіргі Астана, Атбасар және Қызылжармен байланыстырды. [10, 187 б.]
Мына бір қызық деректі келтірейік: «Абылайдың қара жолы» сауда-керуен жолының бірнеше салалары болған. Солардың бірі Абылай ханның бас ордасынан бастап Көкшетау аймағы бойынша жүргізілген ханға тиесілі орасан зор шаруашылық нарықпен, әсіресе, жәрмеңке саудасымен, негізінен айырбаспен тығыз байланысты болды. Хан өлкедегі ең ірі Қызылжарға, сондай-ақ Орынбор мен Ор жәрмеңкелеріне ондаған мың қой мен жылқы жеткізген. Көкшетау даласында сауда орнына тасымалдау кезінде мал шығыны мен ұрлығын болдырмау үшін ханның жеке мал айдайтын жолдары болған. Олардың бірі Көкшетау тауларының маңайынан немесе тарихи Көкшетаудан Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі Тайынша, Аққайың және Қызылжар жерлерінен өткен болатын. Айта кетерлік жайт, қазіргі Тайынша ауданының аумағы Көкшетау тарихи-географиялық аймағына жатады. [11, 120 б.] Тасымалдаудың бүкіл бағыты бойынша суару орындары, жақсы шөпті сақтау және сенімді қорғау қамтамасыз етілді. Дәл осы сипатталған жолды біз «Көкшетау» немесе Хан жолының «солтүстік тармағы» деп айта аламыз. Кейбір мәліметтерге қарағанда, «Абылай ханның қара жолы» осы даңғыл жолдың бойымен петропавлдық мал сою бекетіне жыл сайын Даланың түкпір-түкпірінен миллионға дейін ірі қара мен ұсақ мал айдалып келген.
Бұл бағыт Ф. Назаровтың жоғарыда аталған «Орталық Азияның кейбір халықтары мен жерлері туралы жазбалар» атты еңбегінде толығырақ берілген. Оның айтуынша, 1813 жылы жүздеген түйеден тұратын алып керуенмен Омбыдан шыққан елшілік делегациясы күні бойы «Абылай хан жолы» деп аталатын жолдың бойымен жүріп өткен. Соқпақтағы бұл жол орман арқылы Есіл өзеніне, қазақтың қалың киіз үйлері тігілген, «көп мал жайылған» Қаратұмар алқабына қарай өтетін. Олардың керуен көші келесі күні де жол бойы орманды аралап, Көктерекке, одан Сарыағашқа, балыққа толы Шағалалы өзеніне дейін жалғасты. [12, 9 б.] Көкше өңірінен ағып жатқан бұл өзеннің жағасында хан Уәлидің қол астындағы қазақтардың көптеген әкімшілік болыстары орналасқан. Орта жүз ханы, Абылай ханның екінші жұбайы Сайман ханымнан үлкен ұлы – Уәли (1738-1821), жастайынан Көкшетаудан шыққан арғын руларының жауынгерлерін басқарған. Ол Абылай ханның тапсырмасы бойынша елшілермен дипломатиялық келіссөздер жүргізген, бұл туралы дереккөздері дәлелдейді. Қазақ хандығының Орта жүз аумағы Көкшетау аймағының шекарасынан Шыңғыстауға дейін созылған. Әкесі, ұлы хан Абылайдан қалған «Хан ордасы» резиденциясы тарихи Көкшетауда болса, жазғы ордасы Сырымбетте болған, кейіннен ханша Айғанымға қыстау кешені салынған. [13, 7 б.] Қазір мұнда Шоқан Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық музейі орналасқан.
Одан әрі «Абылайдың хан жолы» бойында, Көкшетау даласында саяхатшы суреттеген ғажайып қазақ пейзажы пайда болады: «...Өзен бойына киізден тігілген жылжымалы киіз үйлерді көрдік; іші бай жібек маталармен безендірілген, қабырғаға ілінген қару-жарақ, ат әбзелдері; киіз үйлердің алдында ер-тоқым аттар тұрды. Шашыла еркін қоныстанған қазақтар бір-біріне өткен замандар туралы әңгіме-дүкен құрса; кейбірі жасыл төбелерде оқшаулана, музыкалық аспап сыбызғыда ән салып, малдар жайылып жатты; ал әйелдер тері илеп, жүн түтіп, киіз басатын. Кешке Шағалала өзенінің жағасында ұлттық спорт ойындары басталды: қазақ күресі, садақ ату және т.б. Мұнда домбыра мен қобызда орындалатын қазақтың дәстүрлі әндері шырқалды; ал киіз үйдің керегесінде отырып, киіздің шетін көтерген жас қыздар бұл әуенді қосылып өз әндерімен сүйемелдеді. Таңғажайып көріністерге тәнті болып, тұрғындармен қош айтысқан саяхатшылар Көкшетау жерімен, «жан-жағын құрылысқа жарамды биік орманмен көмкерілген Шұбарайыр жолына қарай жылжыды. Барлық жерлерде жер егіншілікке өте қолайлы, көлдер маңында үлкен шөп алқаптары бар. Қазақтар бұл жерге қасқыр, түлкі, борсық ұстауға, олардың қоршауындағы Жамантұз деп аталатын шағын тұзды көлдерден тұз алу үшін барады. Олар ат үстінде, иттермен және үйретілген бүркітпен аң аулайды. Бұл жерде бүркіттердің өте қымбат болғаны сонша, олардың біреуіне бірнеше жылқы, тіпті қолға түскен қалмақтарды да береді». [14, 10.11 б.] Көкшетау тауларына бара жатқан жолда Ф.Назаров, «Машақат-Қамыс» сөзінен қысқартылған сияқты Машақ-Қамыс елді мекенін атап өтеді. Бұл жерде жер бедерінің көп болғаны сонша, бұл жақын маңдағы қыстау ауылдарының шаруашылығында қиындық тудырған, сондықтан ол жердің атауында да көрініс тапты. Тағы бір шатқал – «Тәттімбет Қарасу» атауынан бұрмаланған Тетембет-Қарасу, шамасы, осы бөліктерде белгілі адамның атымен байланысты шығар. Осы уақытқа дейін Көкшенің Шағалаладан шығысқа қарай ағып, Қалыбек көліне құятын өзен «Ащықарасу» гидронимі сақталған. Жоғарыда аталған Жамантұз көлі солтүстік-батыста орналасқан. ХІХ ғасырдың басында Көкшетау төңірегінде Қарақамыс, Нағанқамыс, Оралқамыс, т.б. ұқсас топонимдер болған. [15, 173 б.]
Алыстан көрінетін Көкшетау таулары керуенмен келген саяхатшыларға керемет әсер қалдырды. «Көкшетау тауына іргелес жатқан биік тау жоталары жолды кесіп өтеді. Елшілік керуені құрамында «Абылайдың қара жолы» бойымен жүріп келе жатырғандығын, «біз әр қадам сайын жолымыз қиындала отырып, тастақ жерлермен тоқтаусыз жүрдік», - жазған еді Назаров. Әлі жолда келе жатып, Шақмаштау шатқалына қарама-қарсы атпен айдағанда үш күндік, алыстан көгеріп, шыңдары бұлтқа оранған Көкшетау тауы мұнартады. Көкшетау тауларына жақындаған саяхатшылар таудан аққан бұлақтар көздерінің жартастарға таралып, үлкен көлге құйылып, Жаңасу өзені керуен жолын кесіп өтетініне таң қалды. Өздеріңіз білетіндей, табиғи бұлақтар сарқылмас тұтас сарқырамаларды құрайды, бұл сырттан қарағанда өте керемет көрініс. Одан әрі саяхатшы осыдан бірнеше онжылдықтар бұрын, дәлірек айтсақ, хан Абылай дәуірінде Көкшетау тауларының маңынан мыс пен қорғасын кендері өндірілгенін, соның дәлелі тау-кен жұмыстарынан пайда болған терең ойыстар-шұңқырлар бар екенін жазады. Хан Уәлидің өзі Көкшетау аймағындағы Атығай болысына жақын жерде орналасқан. Міне, Қазақ жерінде этнорулық негіздегі әкімшілік- аймақтық жүйенің ерте заманнан бар екендігінің дәлелі.
«Көкшетау аймағы – бірегей табиғи өлке. Көкшетау тауының қойнауы пайдалы қазбаларға, соның ішінде мыс пен қалайы кен орындарына бай. Галым геологтардың айтуынша, мыс кен орындарының барлығында дерлік көне жұмыстардың іздері бар. Көкшетау тау-кен металлургия орталығындағы мыс балқыту өндірісінің іздері көптеген көне қоныстарда сақталған. [16, 47 б.] Оған жоғарыдағы тарихи деректері дәлел. Алайда көне кеніштер болған Көкшетау аумағындағы мыс кен орындары, сондай-ақ алтын өндіру өнеркәсібі хан Абылай кезінде құпия сақталды. Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.Артықбаевтың «Көкше өңірі: география және тарих» атты мақаласында да айтылады.
Одан әрі «Абылай ханның жолы» бойындағы халықаралық керуен көші Көкшетау тауларының шығысына қарай жылжыды. Онда Қарабатыр, Жыланды, Торайғыр, Домбыралы сияқты жер атаулары айтылады. «Ол жерден біз Құшақ шатқалына баратын даңғыл жолдың бойымен жүріп, Төртауыл болысының Орта жүзімен кездестік». Бұл жерде керуен екі күн тоқтап, шаршаған түйелерді ауыстырып, азық-түлік қорын жинады. «Хан жолы» даңғыл жолынан адаспау үшін саяхатшылар Абылай ханның шөбере ағасы Құдайменді сұлтанның қай жерде орналасқандығын алдын ала сұрастырып алған. Құдаймендінің отырған орынын сипаттаған кезеңінде, сұлтан Есіл өзенінің арғы жағында, Нұра өзеннің бойында Ақмолада отырған. Жолдың осы айрығына дейін керуенге Ақмола дуанының болашақ аға сұлтаны 16 жасар Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы еріп келген. Мұнда саудагерлер түйе мен жылқы айырбастап, әрі қарай жылжыған. [17, 18.25 б.]
«Абылайдың қара жолы» керуен жолы Нұрадан Есілге қарай ағатын Қозыкөш өзенінің маңында жалғасты, одан әрі Филипп Назаровтың айтуынша, ежелгі Ботағай мазары кездеседі. Көне Ботағай қалашығының орнында, басқа деректерде Бытығай, Татығай, қазақ археологиялық мектебінің негізін қалаушы Әлкей Марғұлан «ортағасырлық итальяндық карталарда, атап айтқанда, ағайындылар Пицигани картасында, сондай-ақ ХІV ғасырдағы Каталондық атлас – әлем картасында белгіленген Agcxint – Ақшакент деген жұмбақ қаланы ерекшелейді. Каталон картасында бұл қала Сарайшықтан Алмалыққа дейінгі, Торғай даласы мен Сарысу (Марғұлан, 1950) арқылы өтетін керуен жолдарындағы сауда орталығы ретінде көрсетілген. [18. 271 б.] Далалық сызбаларға сәйкес зерттелген құрылыстың жобасы Шоқан Уәлиханның мұрағатындағы кесененің жоспарымен дәл келіп тұр. Сондай-ақ Нұра өзенінің оң жағасынан табылған керуен сарайдың қирандылары да бұған дәлел.
Одан әрі қарай «Хан жолы» сауда-керуен жолы оңтүстікке қарай бағытталады. Бұл жерде ХІХ ғасырда Сарысу өзенінің бойында, Қаракесек болысынан қазақтар өңделген қорғасынды «Абылай ханның жолына» әкетіп, жақын маңдағы таулардан өндіріп, өтіп бара жатқан керуен саудагерлеріне өткізген. Шамасы, бұл дәстүр ертеден-ақ болған болуы керек. Оңтүстікке жақындағанда мынадай жер-су атаулары кездеседі: Жетіқоңыр, Құланетмес, Көкшетұз, Уанас, Шу, Алшын, Қоңырат, Тама, Созақ, Қаратау, Арыстантау, Шолақашу, Үйсін-Сырғалы, Бұралтай, Түркістан, Шымкент, Арыс, Қоқан және т.б. [19, 28.33 б.]
Қазақ тарихнамасында қарастырылып отырған тақырыпқа қатысты тағы бір нұсқа бар. XVIII ғасырдың ортасынан бастап Қазақстанда «Абылай жолы» сауда-керуен жолы, Абылай ханның арқасында белгілі болған. 1756 жылы қырғыз манаптары Сауыр, Есенғұл, Әтекежырық қазақтардың Ор, Жетісу ауылдарына шабуыл жасап, мүліктерін, малдарын тонады. Бұл оқиға Алатау қырғыздарына жорыққа шығуға бірден-бір сылтау болды. Абылай ханның әскери жасақтары Көкшетау, Есіл, Нұра, Сарысу, Шу, Талас бойымен жылжыды. 1773-1775 жылдары Ташкент аймағына шабуыл жасап, қол астындағыларды Шымкент пен Ташкент бекіністеріне орналастырған. Бұл жорықтарда хан осы елді мекендерді үстімен жүріп өтсе, 1776 жылы да осы жолмен жүріп өткен. Сондықтан бұл жолды «Абылай жолы» атағанымен қатар, халық кейде «Шаңды жол» деп те атаған. [20, 1 б.]
Бір қызығы, егер ХІХ ғасырдың басында сауда-керуен жолы әлі де болса мынадай атаулармен кездеседі: «Абылайдың қара жолы», «Хан жолы», «Абылай хан жолы», одан кейін ғасырдың аяғында, атап айтқанда, 1890 жылдары бұл жол екі бағытқа бөлінеді. Біріншісі, Қызылжар – Көкшетау даласы мен Ақмола арқылы Түркістанға, екіншісі – Ташкентке. Жоғарыда аталған Көкшетау аймағынан Түркістанға баратын жол іс жүзінде «Абылайдың қара жолы» атанған көне жолдың бағытын қайталайды. Тамыздан наурызға дейін керуендер біраз батысқа, Көкшетау тауларымен жүреді. «Жолдардың топырағы құмды-сазды, кейде тасты болып келеді. Торайғыр асуынан басқа қиын өткелдер мен жоғары шығулар жоқ. Өзеннен өту ыңғайлы өткелдер арқылы жеңілдетілген. [21, 104 б.] ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында Қызылжардан арбамен әкелінген тауарлар Ақмолада түйелерге қайта тиелген. Одан әрі көпестер, саудагерлер ақмолалық базарынан қажеттінің бәрін алып, керуен басшыларға сеніп, Түркістанға, оңтүстікке қарай бет алған. Жоғарыда айтылғандай, жолда керуендер маңызды бағыт саналатын қазақтың ауылдары – қыстауларға тоқтаған.
Сондай-ақ өткен ғасырлардың тоғысында Омбыдан Көкшетауға, Ақмола мен Кереку жеріне қарай өтетін Дала даңғыл жолдары, шын мәнінде «Абылай хан жолы» бойымен Көкшетау өңірінің аумағы арқылы өтетін пошта жолы да болған. Сондықтан кейбір деректерде бұл керуен жолы: «Абылай ханның даңғыл жолы» атаумен де кездеседі, ол тегіс, тапталған жол дегенді білдіреді, ал қазіргі мағынада – даңғыл, басты жол, магистраль...
Қазақ мемлекеттілігі тұсында көне заманнан келе жатқан бұл тарихи жолдар ХІХ-ХХ ғасырдың басында да өз қызметін жалғастырды. Солардың бірі – «Абылайдың қара жолы» тарихи жолдың солтүстік тармағы. Егер заманауи бағытына келетін болсақ, Ақмола-Көкше өңірінің халықаралық маңызы бар туристік бренді, Көкшетау тауларына апаратын жолды «Щучье-Бурабай жолы» атамай, «Көкшетау жолы», «Көкше-Бурабай жолы» деп атауға дұрыс болар еді. Көкшетау тауының етегінде орналасқан шағын қаланың атауын өзгерту мәселесі әлі шешілген жоқ. Көп айтылған пікірлердің ішінен, профессор Қ.Әбуевтің Щучье қаласын «Абылай хан» қаласына өзгерту дәлелді шешім болар еді. [22. 35 б.]
Сонымен, көне керуен жолдарын қалпына келтіру өте күрделі мәселелердің бірі. «Тарихи соқпақтар мен жолдар тарихи-мәдени аумақтың ерекше түрі ретінде қарастырылуы керек. Екінші жағынан, тарихи жолдарды жалпы адамзаттық байланыстардың жалпы мәдени айғағы ретінде, өркениетаралық алмасудың өзіндік жолдары ретінде де бөліп көрсетуге болады. Олардың нақты құжатталған бағыты болмауы мүмкін және көбінесе олардың кейбір жерінде ғана сақталған жылжымайтын ескерткіштер ретінде көрінетін ұлтаралық және мемлекетаралық алмасудың жалпы бағытында нақты көрінуі мүмкін. Жолдар тек ұзын ғана емес, сонымен қатар «өте терең» біршама кең аумақты шаруашылықтардың және мәдени айналымға айналған аймақтардың байланыстары ұзына бойы нақты осы жолдың бойында орналасқан. [23, 98 б.]
Демек, көне жолдар халықтың мәдени мұрасының элементі ретінде қарастырылуы керек. Қазақстан аумағында осындай мәдени мұра нысандарының бірі – «Хан жолы», «Абылайдың қара жолы» тарихи жолы. Еліміздің солтүстікті оңтүстікпен байланыстыратын бұл керуен жолы Абылай хан ордасы шоғырланған орталық Көкшетау өңірінен басталып, тармақты жолдар жүйесі болған, оның бойында бір бағытта қазақтың қоныстары – қыстаулар, ежелгі мазарлар, екіншісінде сәулет ескерткіштері бар ортағасырлық қалалар шоғырланған. [24, 205 б.] Республикалық маңызы бар жолға айналған бұл көне керуен жолы халықтар арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-тарихи байланыстардың дамуына ықпал етіп, ұзақ уақыт қызметін жалғастырды.
2018-2020 жылдары «Көкшетау – Ұлытау – Түркістан» бағытында өткен М.Ыдырысұлы бастаған «Абылай ханның қара жолы» экспедициясының мүшелері бұған көз жеткізді. Негізі идея авторы – қоғам қайраткері, өлкетанушы Мұрат қажы Ыдырысұлы. Дәл осы кісінің басшылығымен Қазақстан жеріндегі көне тарихи жолды жаңғырту мақсатында алғаш рет «Абылай ханның қара жолы» І республикалық экспедициясы өтті. Ғылыми кеңесші ретінде белгілі қазақ ғалымдары Қадіржан Әбуев, Зарқын Тайшыбай, Бүркітбай Аяған, Жамбыл Артықбаевтар болды. Ғылыми тұжырымдаманы құрастырған ғалымдар: Ғизат Табылдин, Бибігүл Бейсенбайқызы, Мұрат Ыдырысұлы. Экспедиция маршрутының картасын географ-картограф, академик Ғизат Табылдин ұсынған. Бетпақ даланың көне керуен жолдарын зерттеуге арналған дереккөз материалдары негізінде М.Нәбиев, Ғ.Табулдиннің жеке жинақтамасындағы топографиялық карталар, барлығы 20-дан астам Омбы әскери топографиялық басқармасының карталары пайдаланылды. ХІХ ғасырдың екінші жартысында 10 версттік карталарды тігу әдісі арқылы керуен жолы қайта жасалды, одан әрі XVIII-ХІХ ғасырлардағы тарихи деректерінде «Абылайдың қара жолы», «Хан жолы», «Абылай хан жолы» деп аталды. [25, 3 б.]
Абылай ханның тарихи жолына арналған ауқымды іс-шара Республика көлемінде қоғамдық резонансқа ие болды. Көкшетаудан бастау алған экспедиция Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қолдауымен өтті. Қоғамдық сананы жаңғыртудың бірыңғай моделіне сәйкес тарихи сананы қалыптастыруға бағытталған «Рухани қазына» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі географиясы» арнайы жобасы негіз болған. Ұлттық болмыстың негізі барлық уақытта туған өлке – «Туған жер» саналады, ол өз төңірегінде оны мекендеген барлық халықтардың салт-дәстүрі мен мәдениетін қалыптастырады. Қасиетті география табиғи, мәдени және тарихи маңызы бар ерекше қастерлі нысандар туралы тарихи-географиялық білімдері жүйесін біріктіреді. Адамның рухани дамуы оның туған жерімен, мәдениетімен, тарихымен байланысына негізделеді. «Абылай ханның қара жолы» экспедициясының басты мақсаты – XVIII ғасырдағы керуен жолы бойындағы тарихи сананы нығайту үшін ұлттық мұралар мен киелі жерлерді зерттеп, кеңінен насихаттау, Қазақстан мен Орталық Азия тарихындағы ең беделді мемлекеттік және саяси қайраткерлердің бірі – хан Абылайды, атақты керуен жолы бойындағы тұлғалармен байланысты нысандарды жүйелеу, картаға түсіру және ғылыми зерттеу болды.
Әлі де жүзеге асырылып, жалғасып жатқан ұзақ мерзімді жобаның тәрбиелік және прагматикалық мәні зор. Экспедицияның тәжірибелік маңызы Қазақстанның этномәдени ландшафты нысандарында бейнеленген киелі жерлерді, көне ескерткіштерді зерттеу, оның ажырамас бөлігі «Хан жолы» тарихи жолы болып табылады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
1. Б. Бейсенбайқызы. «Тарихи Көкшетауға – тарихи шындық». «Мысль» республикалық қоғамдық-саяси журналы. Алматы қаласы. 2014 жыл, шілде айы, № 7, 91 бет.
2. И. Прохоров. «Абылай хан жолымен». «Қазақстан правдасы», 23 қазан 2018 жыл.
3. Т.Чердабаев. «Жолдар тарихы – тарих жолдары». С.Эналеев /pricom.kz/obshh/ 2014 ж.
4. А. Левшин. «Қырғыз-казак немесе қырғыз-қайсак ордасының сипаттамасы». 2009 ж.
5. Ғ.Табылдин, Б.Бейсенбайқызы, М.Ыдырысұлы. «Абылай ханның қара жолы» экспедицияның ғылыми тұжырымдамасы. Көкшетау-Ұлытау-Түркістан. К., 2018 ж.
6. Қ.Әбуев. «Абылай хан. Замандастары мен мұрагерлері». Көкшетау, 2013 жыл, 160 б.
7. Ғ.Табылдин, Б.Бейсенбайқызы, М.Ыдырысұлы. «Абылай ханның қара жолы» экспедицияның ғылыми тұжырымдамасы. Көкшетау-Ұлытау-Түркістан. К., 2018 ж.
8. Д. Әмірұлы. «Сәуледе» бастау алған сәулелі тарих жолы». «Абылай ханның қара жолы» мақалалар жинағы. Құрастырушы: М. Ыдырысұлы. Көкшетау, 2020, 204 бет.
9. Б. Бейсенбайқызы. «Қазақтың қыстаулары». Көкшетау, 2017 жыл. 100,101 беттер.
10. А. Таиров. «Орталық Еуразия даласындағы ежелгі керуен жолдарын қайта құру деректері». «Абылай ханның қара жолы» мақалалар жинағы. К., 2020 жыл, 187 бет.
11. «Солтүстік Қазақстан облысының энциклопедиясы». С. Пресняков. Алматы, 2004 ж.
12. Ф. Назаров. «Орталық Азияның кейбір халықтары мен жерлері туралы жазбалар». 1871 жылғы «Түркістан жинағы». Ғылыми тұжырымдамасынан. Көкшетау, 2018 ж.
13. Б.Бейсенбайқызы. «Республикалық және жергілікті маңызы бар Ақмола облысының киелі география картасына енгізу үшін тарихи нысандар». Көкшетау қаласы, 2017 ж.
14. Ф. Назаров. «Орталық Азияның кейбір халықтары мен жерлері туралы жазбалар». 1871 жылғы «Түркістан жинағы». Ғылыми тұжырымдамасынан. Көкшетау, 2018 ж.
15. И.Словцов. «1878 жылы Көкшетау уезіне барған жол жазбалары». С.-П., 1897 ж., 173 б. Көкшетау қаласындағы Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры. 2023.
16. Ұжымдық монография. «Сарыарқаның киелі ландшафты». А., 2020 жыл, 47 бет.
17. Ф. Назаров. «Орталық Азияның кейбір халықтары мен жерлері туралы жазбалар». 1871 жылғы «Түркістан жинағы». Ғылыми тұжырымдамасынан. Көкшетау, 2018 ж.
18. С. Сәкенов, А. Кукушкин, С. Бөрібаева, Г.Бөкешова, Е. Рахманқұлов. «Бытыгай қалашығындағы ортағасырлық өндірістік цехты зерттеу» ғылыми мақаласы. «Археологиялық зерттеулердің теориясы мен практикасы» журналы. № 4, 2021. 271б.
19. Ф. Назаров. «Орталық Азияның кейбір халықтары мен жерлері туралы жазбалар». 1871 жылғы «Түркістан жинағы». Ғылыми тұжырымдамасынан. Көкшетау, 2018 ж.
20. «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия». «Wikipedia» энциклопедиясы. Алматы, 2004 ж.
21. «Ақмола облысының естелік кітабы». Омбы, 1887 ж. АОТӨМ қоры. Көкшетау, 2023.
22. Б. Бейсенбайқызы. «Көкшетау. Сұлулықпен ұштасқан өркениет өрісі». 2014. 35 бет.
23. П. Шульгин, О. Стеле. «Тарихи жолдарының нысандары». М., 2019 жыл, 98 бет.
24. Б. Бейсенбайқызы. «Қазақтың қыстаулары». «Әрекет». Көкшетау, 2017 жыл, 205 б.
25. Ғ.Табылдин, Б.Бейсенбайқызы, М.Ыдырысұлы. «Абылай ханның қара жолы» экспедицияның ғылыми тұжырымдамасы. Көкшетау-Ұлытау-Түркістан. К., 2018 ж.
Құрылған күні: 19.05.2023 19:10
Жаңартылған күні: 19.05.2023 19:53
Қаралым саны: 1133