«АБЫЛАЙ ХАННЫҢ ҚАРА ЖОЛЫ» экспедиция күнделігінен
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, қыркүйектің 17-сі күні Көкшетау –Ақмола– Ұлытау–Түркістан бағыты бойынша жолға шыққан «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы өзінің екінші күнгі сапарын тарихи сырлар тұнған Қорғалжын жерінде ары қарай жалғастырды. Жергілікті аудандық әкімшілік пен ішкі саясат басқармасы алыс жолға шыққан ғалымдар, тарихшылар, қоғам қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдары, блогерлерден тұратын жұмыс тобын сән-салтанатымен қарсы алды. Қазақтың салтымен шашу шашылып, Қорғалжын ауданына кіреберіс қақпада тұсаукесу рәсімі жасалды. Жергілікті қариялардан көне аңыздар жайлы ақпарат алып, Дударай монументі алдында жұртшылықпен жүздескен экспедиция мүшелері Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының музейін аралап көрді. Одан әрі жұмыс тобы Біртабан ауылына бет бұрды. Кезінде бұл жерде шаруашылығы дөңгелеген үлкен елді мекен болған екен. Өкінішке орай, тоқырау жылдары тоз-тозы шығып, қазір мұнда әке шаңырағының түтінін түтетіп, жалғыз қария Сағындық Мейрамбаев қана отыр. Жасы сексенді алқымдаған ата әлі де тың. Жүрісі ширақ, сөзі түзу, жадысы мықты. Бес уақыт намазын қаза қылмайды. Ораза тұтады. Жұбайы бірнеше жыл бұрын көз жұмыпты. Жеті баланың әкесі. Балалары көшіріп әкетуге көндіре алмапты. «Ата-бабам, әке-шешем осы топырақта мәңгі тынысын тапты. Сондықтан мен де осы жерде көзім жұмылғанша тіршілік ете беремін»,– деген қарияның сөзі бәрімізді толқытты. Сағындық ата домбырасын қолына алып, ескі сарынды шерте жөнелді. Күніне 30-40 шақырым жерді атқа мініп аралап шығуды әдетке айналдырған. Үш сиырды өзі сауып отыр. Ит жүгіртіп, аң аулауға да құмар. Балық та аулайды. «Газ-64» машинасын да жүргізеді. Бізге бұл жердің «Біртабан» деп аталуының себебі, сонау ашаршылық жылдары тарыққан бір адамға қармаққа бір табан балық қана ілінгендіктен, солай аталған деген аңыз сақталғанын айтты. Бірақ сонау зұлматты жылдары көп қазақты Қорғалжынның өзен-көлдерінің балығы аман алып қалғаны жайлы тарихи деректер бар. Осы жерге жеткен жанның таршылық көрмейтінін қазақ халқы білген.
Ал, Абылайдың қара жолы туралы әңгімеге Сағындық атаның ертеден құлағы қанық. Әкесі де айтып отыратын еді дейді. Ұлы ханның жолы осы Біртабан ауылының маңынан да өтеді. Оны қария далаға шыққанда қолымен нұсқап көрсетті. Үлкен керуен жолы Ұлытау жаққа дейін созылып жатыр. Ал, Абылай алқымы деген атау әлі де зерттеуді қажет етеді. Сағындық қарияның ақ батасын алып, жолға шыққан жұмыс тобы ары қарай Баршын ауылына бағыт алды. Біздің жол серіктеріміз қорғалжындық қос азамат Абылай Медеубаев пен Нұржан Төлегенов жол бойында кездескен жер-су аттарын атап, таныстырып келеді. Жалпы Қазақстан бойынша барлығы үш Паң аталған адам болған деседі. Соның бірі Паң Жантеленің кесенесі осы Қорғалжын жерінде. Руы Тінәлі. Паң Жантеле кезінде Ресеймен қарым-қатынасты реттеген жанның бірі. Кезінде аталарымыз кесенесінің жанынан атпен өтіп бара жатса, міндетті түрде жерге түсіп, жаяу жүретін еді дейді жолсеріктеріміз. Бұл елге қызмет еткен жанға көрсетілген сый- құрметтің белгісі. Ал, Құлан өтпес өзенінің жанына жақындағанда, бұл судың да өзіндік сыры бар екенін айтты. Кезінде құлан өрбіп, өзеннің арғы бетін мекендепті. Олар бергі бетке өтпейді екен. Сондықтан өзенге сондай атау берілген. Көктемде арыны қатты болып, тасыған кезде, ірі мұздар бетон көпірді бұзып кеткен кездері де жергілікті халықтың есінде. Өкінішке орай, құландар құрып кеткен. Шыңғыс ханның ұлы Жошыны Бетпақдалада құлан шайнап өлтіргені туралы аңыздың бар екені рас. Қазір осы жануардың түрін көбейту жұмыстары Торғай өңірінде қолға алынып жатыр. Алдағы уақытта Қорғалжын қорығына да әкелінеді деп жоспарлануда. Ал, 80-ші жылдары осы маңда киіктің көп болғанын да жолсеріктеріміз айтты. Осы маңда ағып жатқан Жаман көң мен Жақсы көң өзендерінің атауы бір жағы ащы, бір жағы тұщы болғандықтан қойылған. Абылай ханның қара жолымен жүрген керуендер, жорыққа аттанған батырлар жолшыбай осы өзендердің бойына тоқтап, тыныстап алған деседі.
Қорғалжын аумағында орналасқан Баршын ауылы қазір Қарағанды облысы, Нұра ауданына қарайды. Бірақ қорғалжындықтар аталған елді мекенді өзінің туған мекені санайды. Баршын селолық округін қазір Зәуре Мұханалиева есімді нәзік жан иесі басқарып отыр. Пысық та алғыр әйел ауылды көркейту жұмыстарын қолға алып жатыр. Баршын маңында көне қорымдар өте көп екен. Олардың құпиясы тереңде. Зерттелмегендері қаншама. Жергілікті қария Жамбыл Жетпісбаев ауыл маңынан 8 шақырым жерден көне қорғанның орнын тауыпты. Оның аумағы үш футбол алаңындай. Оны қорған деуінің себебі, кіретін қақпасының орны және төрт бұрышында төрт таған орнатылған. Соған қарап, оны көне бекініс деп болжайды. Сол жерді белгілі картограф ғалым Қизат Табылдинге де көрсетіпті. Экспедиция құрамында бізбен бірге жүрген білікті маман алдағы уақытта ол жерді мұқият тексеріп, бір тұжырымға келеміз деді. Баршын ауылында «Қыз кесенесі», «Диуана тау» деген кішігірім төбе бар. Қыз кесенесінің салыну үлгісі де өзгеше. Кірпіштері күні кеше ғана қаланғандай, қар-жаңбырға да, қатты желге де шыдас беріп тұр. Сонау жаугершілік заманда оң жақта отырған Гүлбаршын немесе Баршынгүл есімді қызға қатысты екі аңыз сақталған. Бірінде сол қызға екі рудың жігіті таласып, бір-бірімен жауласып қалғандықтан, олардың бітімгершілікке келмейтінін сезген қыз өзенге батып өлген делінеді. Енді бірінде атастырылып қойған қыз ұзатылып бара жатқанда қатты науқастанып, оң босаға аттамай көз жұмған деседі. Жамбыл қарияның айтуынша, он жасар кезінде сол кесененің ішінде шымылдық сияқты үлбіреген ақ мата ілініп тұратын еді дейді. Ол бертін келе шіріп кетіпті. Сонымен қатар кесененің ішінде қыздың әшекей бұйымдарын салатын қобдишаның орнын да жергілікті тұрғындар байқапты. Тек ол ашаршылық жылдары қолды болған сияқты. Ал, Диуана тау деген атауға ие болған төбе жайлы аталарымыз бұл жерде қазақпен соғыста қаза тапқан қалмақ қызы жерленген деп айтып отыратын еді дейді Кәркен Айнабаев. Қанша жерден жаумен шайқасып жатса да, қазақ халқының жауы жерленген зираттарға тиіспей, қорымдарды қорламағанын осыдан-ақ байқауға болады. Бұл да халқымыздың өзіне ғана тән ерекше қасиеті. Кәркен атаның айтуынша, осы маңда Аққошқар деген бай болыпты. Оның мыңғырған жылқысы болса керек. Кенесары жасақ жинап, орыс бодандығына қарсы шайқасқан кезде, оның батырларын қажетті қазанаттарын, арғымақтарын қамтамасыз етіп, ер-тұрманын сайлап, азық-түлігін осы Аққошқар бай дайындап беріп тұрған дейді жергілікті қариялар. Ал, Қарақойын Қашырлы деген жерде Кенесары ханның әскери ордасы болыпты. Сол жерде жасағы жаттығып, шынығып, тынығып, жауға қарсы жорықтарға әзірленген.
Баршын ауылынан аса жол бойы бірнеше кесенелерге аялдадық. Экспедицияны басқарып келе жатқан Мұрат қажы Ыдырысұлы мәңгілік мекенін осы жерден тапқан жандарға арнап құран бағыштады. Кесенелердің құрылысы, кірпіштерінің қалануы біріне бірі ұқсамайды. Олардың салынуында сәулет өнерінің даму сатысы да жатыр. Картограф ғалым Қизат Табылдин оның бірі европалық үлгіде қаланғанын айтты. Бұл дегеніміз, ауқатты жандардың кесенесін арнайы тапсырыспен шетелден келген шеберлер салуы мүмкін. Оның кірпішінің құрамын да зерттеу болашақтың еншісінде. Ғалымдардың айтуынша, кірпіштің құрамында аттың қылы, ешкінің сүті, тіпті жұмыртқа да болуы мүмкін. Олар осындай заттардан жасалуының арқасында ғасырдан ғасырға бұзылмай жетіп отыр. Баршын ауылынан асқан сайын алдымыздан кездескен кесенелердің бірқатары мемлекет қорғауына алынған. Олардың ішінде сәулет өнерінің үлгісіндей Қалпе қажының, Қылыштың кесенелерін атауға болады. Ал, кей қорымдардың жанында қалмақ зираты да бар. Оның табиғи тастармен толық жабылып жасалуының да өзіндік сыры бар сияқты. Батырларды, байларды ат-әбзелдерімен, қару-жарағымен, алтын-күмісімен бірге жерлеу рәсімі болғанын архитекторлар дәлелдеп келеді. Зираттардың тастармен жабылып салынуы да осындай тонаушылықты болдырмаудың бір жолы болған шығар деген де болжамдар айтылды. Ол жайлы оқырманды хабардар ететін боламыз.
Құрылған күні: 26.09.2018 9:57
Жаңартылған күні: 26.09.2018 9:57
Қаралым саны: 2513