«Адам мен заман» көрмесі
Танымал қылқалам шебері, кескіндемеші Дулат Әбдірахманұлы Қоспанов 1948 ж. қасиетті Көкшетау өңірінде дүниеге келген. 1971 ж. Н. Гоголь атындағы Алматы Көркемсурет училищесіне түсіп, 1976 жылы кескіндеме бөлімін аяқтайды. Сол жылы алғаш рет Республикалық көрмесіне қатысқан Д. Қоспановтың «Қызыл алма» картинасы сұранысқа ие болып, өз иесін табады. Кәсіби мамандардың айтуынша, өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары суретшілердің мазмұны жағынан терең ұлттық сипаттағы, өмірді поэтикалық тұрғыдан қарастыруымен ерекшеленетін, көркемдігі жоғары кәсіби мектебі қалыптасты. Танымал картиналардың арасында «Дала», «Алтын адам», «Абылай хан», «Қанжығалы Бөгембай», «Қанай би», «Жорық алдында», «Кенесары хан», «Көкшетау», «Оқжетпес», «Қарасай батыр», «Ағынтай батыр», «Көкше-Бурабай», «Ақан сері», «Табыншылар», «Қыз қуу», тағы басқа туындылар жеке орын алады. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін суретшінің шығармашылық жолындағы негізгі бағыты – тарихи тақырып болып саналады. Ақмола-Көкше өңірінде бірқатар туындылары мемлекеттік мекемелерде, жеке жиынтықтарда орын алған. Атақты шебер Дулат Қоспановтың туындылары ҚР Ұлттық музейінде, Қазақстан Республикасы Көркем көрмелер басқармасында, Қытай, Ресей, Америка, Жапония, Германия, Балтық елі Литвада, сонымен қатар еліміздің галереялары мен жеке жинақтамаларында сақталуда.
Құрылған күні: 10.04.2019 18:43
Жаңартылған күні: 10.04.2019 18:43
Қаралым саны: 1802