«Ботай – Бурабай» ашық аспан астындағы музейі – Ботай дәуірі қонысының туристік сәулеттік-мәдени ансамблі
«Ботай – Бурабай» ашық аспан астындағы музейі – Ботай дәуірі қонысының туристік сәулеттік-мәдени ансамблі. Кешен Бурабай символы болатын тұмар тәріздес 7 тұрғын үйден тұрады. Барлық тұрғын үйлер бір-бірімен жер асты өткелдері арқылы өзара қосылған және әрқайсысы өзінше бірегей құрылыс. Музей өз ерекшеліктері мен заңдылықтары бар энеолит дәуірін сипаттайды.
Осы кезеңді толық қамтып көрсету үшін осы жылы арнайы тапсырыс бойынша 4 балауыздан істелген фигуралар жасалды: тайпа көсемінің мүсіні, қолөнерші ер адамның бейнесі, қымыз дайындау үдерісімен айналысатын Ботай әйелінің бейнесі, рухани қасиетті тұрғын үйде шаман фигурасы.
Көне рулық тайпалардың көсемдері
Көне рулық тайпалардың көсемдері едәуір билікті игеріп, соғыс пен бейбітшілік сұрақтарын шешті, елшілерді жіберіп, одақтар құрды, рулық әскерді басқарды. Көсемнің тұрғын үйінде тақ тұрды. Тұрғын үйдің жабдықтары жылқының ең ертедегі қолға үйрету үрдістерін бейнеледі. Көсемдер барлық қоғамнан бөлек өмір сүріп, өзінің мәртебесін көрсетті, осылайша 6 мың жыл бұрын билеуші аристократияның элементтері пайда болды.
Тұрғын үйдің кәсіпшілік бөлігі
Тұрғын үйдің кәсіпшілік бөлігі ботайлықтардың ағаш, тас өңдейтін, қыш ыдыстар әзірлейтін шеберханасы болып табылады. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, қоныстарда негізгі шикізат көзі ретінде зығыр және сораны пайдаланып, тоқымашылық өнері дамыған болатын. Ботайлықтардың белсенді шаруашылық және өндірістік қызметі – алғашқы айырбастау мен сауда-саттық көзі болып табылған. Айырбастау жергілікті және өңіраралық болып бөлінген.
Бие саууға арналған жылқы-қымыз тұрғын үйі
Ботай мәдениетінің ерекшелігі мен маңызы – әлемде алғаш рет жылқы малы қолға үйретілді және жылқы-дала өркениетінің ұлы жаңашылдықтары басталды. Бие саууға арналған жылқы-қымыз тұрғын үйі негізгі баспаналардан қашықтау жерде орналасты. Қазба жұмыстары нәтижесінде табылған қыш ыдыстардың зертханалық сараптамасы сол дәуірде мекендеген адамдардың бие сүтінен қымыз жасағандығын көрсетеді.
Рухани-киелі тұрғын үй
Баршамызға белгілі болғандай, тұрғын үй адамды сыртқы әлеммен байланыстырады, сондай-ақ психологиялық жайлылық пен әлемнің бір бөлігін игергендігінің әсерін беріп, кеңістікті шектейді. Бақсы өз баспанасында әлемді бір орынға, бір ағынға, бір ырғаққа жинаған. Бұл көзқарас рухани-киелі колориті бар бақсының тұрғын үй жабдықтарында көрініс тапқан. Тұрғын үйдің орталық бөлігінде аспанға бағыттайтын баспалдақ орналасқан, бұл шатыр-аспан әлемін, құс жолын – жапсарды, ал жұлдыздар – саңылауды білдіреді, олар арқылы бүкіл әлемге арғы жақтағы жарық енеді деп есептелген.
Құрылған күні: 14.08.2019 10:27
Жаңартылған күні: 14.08.2019 10:27
Қаралым саны: 4793