Майқы Мәнұлының кісе белдігі
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері музей қорында сақтаулы кісе белбеудегі араб тіліндегі жазуды оқып беруді тарихшы, этнолог, профессор Жамбыл Омарұлы Артықбаевтан сұраған еді. Кісе белдікті Щучье индустриалды- педагогикалық техникумы жабылған уақытта Щучье музейінің негізін салушы Алевтина Макеевна Дараган алып келген. Белбеудің ұзындығы 162 см, ені 2,5 см қайыстан жасалған, күмістелген темір қапсырмалары бар, белдікте бекітілген қалтаның ұзындығы 15 см, ені 10 см.
Жамбыл Омарұлы араб, парсы тілдерінің бірден -бір маманы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың докторанты, әріптесіміз профессор Сатай Сыздықовтың шәкірті Моллақанағатұлы Сайпуллаға белбеудегі жазуды оқып беруді сұраған екен. Белдіктегі арабша мәтіннің اوشبو ايسى بايخى مانى ولى транскрипциясы: Ұшбу иесі Байхы Маны улы, яғни қазақша мағынасы: Мұның иесі Байқы Маныұлы,- болып шыққан.
Біздің білетініміз Байхы Маныұлы Шыңғыс хан заманындағы атақты ақылгөй, Жошы ханға бөлінген төрт қосынның басшыларының бірі. Шыңғыс ханды хан көтерген жиында он екі бидің ішінде Майқы бар еді, қазақ руларына таңба таратқан осы Майқы Рашид ад дин оны Хушин тайпасынан делінеді, ал бұл тайпадан Шыңғыс ханның ең сенімді екі серігі атақты Бөрші ноян, Борағұл нояндар шыққан. Ғылыми және көпшілік әдебиеттерде бұл ұлы тұлғаны "Майқы", "Байқы" деп те атайды.
Бұл артефакт Шыңғыс хан дәуіріндегі атақты Байқу ноянға қатысты болса керек деген пікірді профессор Жамбыл Артықбаев айтады.
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкерлері аталмыш кісе белбеуді әрі қарай зерттеп, кейінірек толық ақпаратты беретін боламыз.
Құрылған күні: 19.10.2019 13:07
Жаңартылған күні: 19.10.2019 13:07
Қаралым саны: 1714