Момақан Әлиұлының белдігі
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкерлері музей қорында сақталған құнды жәдігерлерді әрдайым зерттеп отырады. Естеріңізде болса, біз өткенде Майқы Мәнұлының кісе белдігі туралы ақпарат беріп жариялаған болатынбыз. Ол кісе белдік туралы ғылыми жұмыстар жалғасуда.
Бүгін музейдің ғылыми қызметкерлерінің зерттеген келесі белбеуі туралы әңгіме қозғамақпыз. 2016 жылы Көкшетау қаласында орналасқан Науан Хазірет медресесінің оқытушысы Болатхан Қуанғанға жолыққан болатынбыз. Болатхан мырза белбеудегі төте жазуды оқып беруге келісе кетті. Белдіктегі арабша мәтіннің عبدالجبار اوُلى روزخلق транскрипциясы: Абдулжаббар ұлы Розыхалық – болып шықты. Осымен белбеудің зерттеу жұмыстары аяқталған жоқ. Биыл, 2019 жылы белбеудегі жазуды осы саланың маманының дәлелдегенін жөн көріп, арабтанушы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-ның докторанты Моллақанағатұлы Сайпулламен хабарластық.
Белдіктегі мәтінде Розыхалық деп жазылған, дұрысы Оразхалық. С. Ғылманидың Заманымызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары атты еңбегінде: «Оразхалық шын атым болса да анамның сүйіп қойған аты Момақан болып, жас күнімде Момақан атым шығып, Момақан есімді қалдыра алмадым. Оразхалықты халық атамады, қалдыра берді. Атамыздың (әкеміздің) есімі Әлжаппар, қазақ екі атсыз жүрмейді, ол кісінің шын аты Абдулжаббар, ол Әлиұлы, одан әрі Кенжетай, Төлебай, Тәттібай, Бақтыбай, Дәулетбек (бұл кісіні халық Даңқой дейді), Бағыс Атығай ұлы руынан болады» – деп өзін таныстырғаны туралы Сайпулла мырза айтып, белбеудегі жазуды дәлелдеді.
Тарихқа үңілетін болсақ, Момақан (Оразхалық) Әлиев (1897, СҚО Тайынша ауданы Қарағаш а. -1969)- Көкшетау қ. мешітінің имамы (1956-1969). Науан Хазірет мешітінің жанындағы медреседе оқыды. Ауыз әдебиет туындыларын жинақтап, қазақ халқының шежіресін зерттеді.Өзінен соң «Бабалар шежіресі», «Қазақ-түрік тарихы» атты зерттеу жұмыстарын қалдырды.
Құрылған күні: 08.11.2019 13:44
Жаңартылған күні: 08.11.2019 13:44
Қаралым саны: 2381