Неолит
НЕОЛИТ – жаңа тас ғасыры, тас ғасырының соңғы кезеңі (шамамен б.з.б. 6-3 мыңжылдықтар аралығын қамтыды). Неолит ғасырымен тарихтағы аса ұзаққа созылған тас ғасыры аяқталды. Неолит– тас құралдарын өңдеудің кемелденген, тасты қайрау, бұрғылап тесу секілді жаңа түрлерінің, қыш ыдысының пайда болуымен ерекшеленетін археологиялық дәуір. Микролиттік индустрия ерекше кеңінен өрістеді. Қыспа ретушь техникасы жетілдірілді. Неолит дәуірі кезінде адам жануарлардың кейбір түрлерін қолға үйретті және өсімдіктерді қолдан өсіре бастады. Адамдар өзендер мен көлдердің маңына қоныстана бастады, тоқымашылық дамыды. Солтүстік Қазақстан өңірлерінде атбасар мәдениетінің тайпалары мекендеген. Оған Ақмола облысындағы неолит тұрақтары жатады.
Музей экспозициясында аңшылыққа қажетті жәдігерлер көрсетілген оның ішінде түрлі жебенің, найзаның ұштары, қырғыштар, кескіштер мен қыш ыдыстардың бөліктері көрсетілген.
Неолит дәуірінде тастан жасалатын еңбек құралдарды дайындайтын шеберханалар болды. Олар екі топқа бөлінді, біріншісі тасты өңдеудегі алғашқы шберханалар болса, екіншісіне түрлі бағыттағы еңбек құралды дайындайтын шеберханалар болды. Музей экспозициясында сол сияқты тас балғалар, соққыштар, өңдегіштер көрсетілген.
Солтүстік Қазақстаннан бірнеше неолит кезеңіне жататын қорымдар табылды. Барлық жерлеу тәсілдері топырақ қабатынан тұрады. Барлық қабірлерден адам сүйегімен бірге жебенің ұштары табылды, оған қарап біздің арғы бабаларымыз тек қана аңшылықпен ғана емес, жиі әскери жанжалдарға барғанын да айтуға болады.
Келесі мақалаларымызды оқи отырыңыздар.
Құрылған күні: 11.11.2019 20:01
Жаңартылған күні: 11.11.2019 20:01
Қаралым саны: 2466