Энеолит кезеңінің үтікшелері
ЭНЕОЛИТ неолит пен қола ғасырының арасындағы өтпелі кезең. Энеолит мерзімі-б.з.б. 4-3 мыңжылдықтарды қамтиды. Энеолит дәуірінде тас өңдеу технологиясының дамуымен қатар, мыстан жасалған құралдар мен қару пайда бола бастады. Эниолит дәуіріндегі солтүстік Қазақстан өңірлері ботай және терсек мәдениеттерімен белгілі.
Алғашқы қауымдық құрылыс дәуірінен бастау алатын жерлеу орындары мен мәдени қабаттарда үтікше тәріздес немесе ойық тастар кездесті. Бұл тастарда жасанды түрде ұзынынан немесе көлденең салынған ойығы бар. Еуразия даласының территориясында олар б.з.д. 8-7 мыңжылдықтарда кездесетін болған.
Тас бұйымның ұзындығы 5 см бастап 23 см дейін әртүрлі болса, ені – 1-6 см аралығын құрайды. Әдетте ойық тастардың ойық жолағы ортасына қарай салынған, ені – 1-5 см болса, оның тереңдігі – 0,3 см бастап 3,5 см дейін әртүрлі болған. Бұндай тас бұйымдарды жасауда тальк жынысын, ұсақ құмтас, сазды сланец, гранитты-гнейс, кәдімгі саздарды пайдаланған. Ал үтікшелердің дөңес жағы мен бүйір жақтарындағы өрнектелген сызбалары жиі кездеседі.
Бұл үтікшелердің қолданудағы атқаратын қызметтері жайлы түрлі болжамдары бар. Біріншісі, ұзына бойы ойылған ойық тастарды жебе оқтарының ағаштарын түзетуге және жылтырата тегістеу үшін пайдаланған. Екіншісі, бұл «үтікшелерді» тоқымашылықта пайдаланған. Үшіншісі, «үтікшелерді» алғашқы діни-ғұрыптық мақсаттарда пайдаланған. Әрбір ұсынылған теорияларға қысқаша тоқталып кетсек.
С.А. Семенов және өзге де трасологтардың (адам іздерін зерттейтін ғылым) дәлелдеуінше жебе оқтарының ағаштарын түзетуге арналған деп мәлімдейді. Табиғатта жебе оқтары үшін пайдалануға арналған түзу шыбықтар жиі кездеспейді. Түзету технологиясының барысында алдынала қыздырылған «үтікшеде» қисық дайындамаларға нәзіктеп басу техникасы арқылы әсер бере отырып, оны әрі-бері айналдыру арқылы түзеткен.
«Үтікшелердің» атқаратын функциясы жайлы екінші болжамды С.В. Богданов анықтап берді. Ол 2012 жылы тоқымашылық станогын реконструкциялау арқылы үтікшелердің қызметін анықтап берді. Ешбір қиындықсыз 20×20 см құрайтын жартылай тоқыма бөлігін тоқып берді. Тоқыма станогында тоқылған жартылай тоқыма бөлігінің матасы Солтүстік Қазақстанның терсек-ботай мәдениеттерінде қолданған қыш ыдыстардың бүйіріндегі қалып қойған тоқыма іздеріне ұқсас келген.
В.Ф. Зайберттің болжамынша «үтікшелер» қиелі функциясын атқарған. Ботай қонысынан табылған «үтікшелерді» тарихи және археологиялық тұрғыдан саралай келе, үтікшелер қажетке жарамды бұйым ретінде анықталған. Палеолиттегі венера-құдай мүсіндері сияқты өздерінің функцияларын атқарған, ал Трипольдегі ұсақ сазды пластиктер – магиялық-сиқырлы идеалдар ретінде атқарған, бұны белгілі бір ұрпақ жалғастырушы ошақ анаға байланысты, береке мен құнарлылықтың нышаны ретіндегі рәсімдерге байланысты ғұрыптарда пайдаланған. Осы сияқты рәсімдерді орындау барысында «үтікшелердің» мифологиялық-қасиетті күштері бар деп те жеке бөліп қарастырған.
Киелі-қастерлі функциясы бар деген теорияларды ұстанатын авторлар да осындай көзқарастарды ұстанады. Дон өзені бойындағы оң жағалауларынан табылған осы сияқты 11 дана үтікшелердің де сызбалары ұқсас келген, кейбіреулері тастан жасалса, басқалары саз балшықты қыштардан жасалған. Оның үстіне осы табылған қоныстың ортасынан құрбандық шалу ошағы анықталған. Осыдан-ақ көруге болады Константиндік қоныстардың діни орталық ретінде болғандығын. Бұл орталықтарда құдайларға арнап құрбандық шалынып, сый-құрметтерін көрсеткен. Сол сияқты «үтікшелердің» де өз алдына құдайларға деген сый-құрмет көрсетудегі символдық белгісі ретінде жасалған болса керек, ал кімде-кім қандай тас материалдаран жасағысы келсе шебердің орындауына байланысты болған.
Музей коллекциясында көрсетілген «үтікшелер» 8,5×4 см құрайтын элипс тәріздес формадағы кремни тасынан жасалған. Жоғарғы бөлігінде көлденеңінен ойық сызығы болса, тігінен де бірнеше сызық іздері көрсетілген. Осы арқылы біздің экспозицияда көрсетілген «үтікшелердің» жасалған тас материалдарымен де құнды болып тұр.
Әлі күнге дейін бұл тас бұйым «үтікшелердің» құпия-сырлары толықтай ашылған емес, сол үшін олардың қолдану мақсаты мен мағынасын ашу жолында Украина мен Оралдың, Орталық Азия мен Қазақстанның ғалымдары тырысып бағуда.
Құрылған күні: 20.11.2019 12:44
Жаңартылған күні: 20.11.2019 12:50
Қаралым саны: 2301