Музей тарихы - біздің жадымыздың тарихы
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі – облыстың көне мәдени мекемелерінің бірі. 1920 жылы көрнекі құралдардың музейі ретінде уездік халыққа білім беру бөлімі жанындағы Көкшетау аудандық музейі болып құрылды.
Бастапқы қордың негізін мектеп жинақтамаларынан жиналған және берілген тарихи маңызы бар 130 зат құрды. Келушілер үшін жәдігерлер білім беру бөлімінің бөлмелерінің біріне қойылды. Алты жылдан кейін музей Советский №89 көшесіндегі (қазіргі М.Әуезов көшесі) жеке бөлінген ғимарат – төрт бөлмелі ағаш үйге көшті.
1944 жылы Көкшетау облысының құрылуына байланысты 1945 жылдың қаңтар айынан аудандық музей Көкшетау облыстық тарихи-өлкетану музейі болды. Сол жылдары облыстық музейге қаланың орталығындағы бұрынғы мешіт ғимараты берілді.
1974 жылдан бастап музей Көкшетау қаласының орталық алаңына жақын жердегі ғимаратта орналасты.
Музей ғимараты – мемлекеттік қорғаудағы тарих және сәулет ескерткіші. Ғимарат екі қабатты, кірпіштен 1904 жылы салынған.
Көкшетау қаласы Ақмола облысының облыстық орталығына айналғандықтан 2000 жылы музей Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі мәртебесіне ие болды.
Облыстық музейдің ауқымды қайта жөңдеу жұмыстары 2012 жылы жүргізілсе, 2019 жылы жаңа инновациялық технологияларды қолдану арқылы музей залдарының реэкспозициясы жүргізілді.
Облыстық музейде өлкенің тарихы, археологиясы, этнографиясы, табиғаты және мәдениеті бойынша музей жинақтамасы бүгінгі күні 83 000 – нан астам жәдігерлерден тұрады, олардың үздіктері жаңа экспозициялық залдарда ұсынылады.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрамына 7 аудандық музейлер кіреді:
1. Атбасар тарихи-өлкетану музейі
2. І. Есенберлиннің әдеби музейі
3. Маринов тарихи-өлкетану музейі
4. Ерейментау тарихи-өлкетану музейі
5. Степногор тарихи-өлкетану музейі
6 Щучье тарихи-өлкетану музейі
7. Бурабай кентінің тарихи музейі («Ботай-Бурабай» ашық аспан астындағы музей)
Музей 2020 жылы өзінің 100 жылдығын атап өтеді, мерейтой жылы көптеген іс-шаралар жоспарланған. Толығырақ кейінірек баяндайтын боламыз....
Құрылған күні: 05.01.2020 19:11
Жаңартылған күні: 05.01.2020 19:11
Қаралым саны: 1432