«Жеңіс сарбазы» айдары. Сағадат Нұрмағамбетов (1924-2013)
Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, армия генералы.
Сағадат Нұрмағамбетов 1924 жылы қазіргі Ақмола облысы Ақкөл ауданы Қосым ауылында туған.
1942 жылдың шiлде айында 18 жаста кеңес әскер қатарына қабылданып, Түрікменстанда пулеметшiлер дайындайтын училищенi үздiк аяқтайды. Кейін взвод командирi ретiнде майдан шебiне аттанады. Кубань, Дон, Молдавия жерлерiнде, Одер, Шпрее өзендерiнiң бойында жан алысып, жан беріскен шайқастарға қатысады.
1945 жылы 17 қаңтарда Нұрмағамбетов Польша жерiнде жау қорғанысын бұзып өту кезiндегi жауынгерлiк тапсырманы ержүректiлiкпен орындайды. Магнушев плацдармында болған шайқаста ол басқаратын пулемет ротасы 2 күн ішінде 120 фашист пен 12 пулемет орналасқан орынның көзін жояды. Варшава қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан Магнушев қаласын жау әскерінен тазарту кезінде Нұрмағамбетов әскерлерді сауатты басқара білуімен көзге түседі.
Шайқастардың бірінде станокты пулемет дәлдеуіші істен шығады. Соған қарамастан Нұрмағамбетов пулеметті қолына алып, жау әскеріне оқты қарша боратады. Осылайша, ол фашистердің 2 жойқын шабуылына тойтарыс беріп, 65 фашист әскерін өлтіреді.
Нәтижесінде Сағадат Нұрмағамбетов басқарған рота Польшаның Пилица өзенінен өтеді. Онда рота 35 жау әскерін өлтіріп, 6 пулемет орналасқан жердің көзін жояды. Осылайша, оның ротасы кеңес әскерінің алға жылжуына мүмкіндік жасайды. 1945 жылдың 27 ақпанында 21 жасында Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес одағының батыр атағы беріледі.
С.Нұрмағамбетов сондай-ақ Ленин, екі Қызыл Жұлдыз, 1, 2-ші дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Ту, Құрмет Белгісі, Октябрь революциясы, екі Еңбек Қызыл Ту, «Отан» ордендерімен, медальдармен, шетелдердің орден-медальдарымен марапатталған. Сондай-ақ Сағадат Нұрмағамбетов Алматы, Астана, Донецк (Украина) қалаларының, Ақмола облысының, Ақкөл ауданының құрметті азаматы атанды.Үкiмет қаулысымен Нұр-Султан қаласындағы "Жас ұлан" мектебiне армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтiң есiмi берiлдi.
Құрылған күні: 14.01.2020 13:10
Жаңартылған күні: 27.03.2020 21:44
Қаралым саны: 3876