«Жеңіс сарбазы» айдары. Василий Бенберин (1918—2005)
Кеңес Одағының Батыры, гвардия кіші лейтенанты, 44 гвардия танк бригадасының танк командирі
Василий Митрофанович Бенберин 1918 жылы 9 мамырда Ақмола облысының Сандықтау ауданындағы Богословка селосында дүниеге келді. 1938 жылы жұмысшы-шаруалардың Қызыл Армиясына әскерге алынды. Кеңес-фин соғысына қатысқан. 1944 жылы Орлов танкі училищесін тәмамдағаннан кейін майданға аттанды. Ол 1-ші Беларусь майданының құрамында Польшаны азат ету ұрыстарына қатысып, ерлік көрсетті. Алғы шептегі ұрыстардың бірінде гвардия кіші лейтенанты Василий Бенбериннің танкісі Пилица өзенін кешіп өтіп, жаудың қалың нөпірін жермен жексен етті. Сөйтіп, ол өзеннің арғы бетіне алғашқылардың бірі болып шығып, жау плацдармын басып алды. Осылайша кеңес әскерінің негізгі күші келгенше жауға бас көтертпеді. Ловеч қаласы үшін болған ұрыста аға лейтенант К.Никоновтың взводы құрамында оның экипажы Бзура өзені арқылы қалаға басып кірді. В.Бенбериннің экипажы арнайы бұйрық алып, теміржол стансасын басып алды.
Осы жанқиярлық ерлігі үшін оған КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен 1945 жылдың 27 ақпанында Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Василий Бенберин майданнан оралған соң Көкшетау облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, Алматы қаласы Октябрь аудандық партия комитетінің өнеркәсіп және көлік бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Құрылған күні: 30.01.2020 18:01
Жаңартылған күні: 27.03.2020 21:44
Қаралым саны: 1886