Бүгін, 28 ақпан күні Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде ғылыми-әдістемелік кеңестің отырысы өтті
Бүгін, 28 ақпан күні Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде ғылыми-әдістемелік кеңестің отырысы өтті. Отырыстың негізгі тақырыбы – Алтын Орданың 750 жылдығы және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында іс-шаралар өткізу. Отырыста тарих ғылымдарының докторы, Ш.Уәлиханов ат. КМУ сырттай бөлімінің деканы, облыстық музейдің ғылыми-әдістемелік кеңесінің мүшесі Марат Зеннатұлы Өтегенов «Қазақ хандығы – Алтын орданың тікелей мұрагері» тақырыбында баяндама оқыды. Марат Зеннатұлы Алтын Орданың тарихы туралы, оның Қазақ хандығының құрылуында қандай рөл атқарғаны туралы айтып берді, сондай-ақ аталған тақырыпты көпшілікке тарату біздің қоғам үшін үлкен маңызға ие екенін атап өтті. «Есіл: бастау көзінен тармақтарына дейін» жобасы аясында Есіл-Шағалалы өзен аралығындағы археологиялық ескерткіштерін зерттеу туралы жалпы тарих, археология және этнография бөлімінің аға ғылыми қызметкері Жасұлан Кәрімұлы Үкеев баяндады. Осы тақырыптың жалғасы ретінде Жақсы ауданы Запорожье орта мектебінің директоры Ерлан Рашидұлы Байдүсенов сөз сөйледі. Өзінің сөз сөйлеуінде ол қатысушыларды мектеп жанындағы «Номад» археологиялық клубының қызметімен таныстырды. «Номад» клубы республикадағы жетекші ғылыми мекемелермен тығыз байланыста және оның қызметі облыстан тыс жерде танымал. 2019 жылдың далалық маусымдағы қорғау-құтқару жұмыстарының қорытындысымен Ақмола облысының тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану орталығының директоры Берік Айсынұлы Сапанов таныстырды. «Жәнібек - Шалқар» кесенесін зерттеу бойынша біздің құрметті қонағымыз ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Айбар Ерланұлы Касеналин сөз сөйледі. Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі алған тарих және мәдениет ескерткіштерінде археологиялық жұмыстарды жүзеге асыруға мемлекеттік лицензияның болуы арқасында 2018 жылы 2020 жылға ҚР Ұлттық музейімен бірлесіп «Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі – Жәнібек ханның кесенесін зерттеу» ғылыми-зерттеу жобасы аясында ғылыми – іздестіру және зерттеу жұмыстары жоспарланған. Соңында ғылыми-әдістемелік кеңестің қатысушылары мен қонақтарына облыстық музейдің археология залдары бойынша тақырыптық экскурсия өткізілді.
Құрылған күні: 28.02.2020 20:43
Жаңартылған күні: 28.02.2020 20:44
Қаралым саны: 1519