«Жеңіс сарбазы» айдары. Николай Колбасов (1911-1943)
Кеңес Одағының Батыры, гвардия кіші лейтенанты
1911 ж. 21 желтоқсанда Ақмола облысы Сандықтау ауданы Максимовка селосында туған. 1942 жылдың қазан айынан бастап - Ұлы Отан соғыс майданында. 1943 ж. шілдесінде гвардия лейтенанты Николай Колбасов Дала майданының 69-шы армиясының 94-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 199-шы гвардиялық артиллерия полкінің взводын атқарды. Ол Курск ұрысында командирлік іскерлігін, ерлік пен батылдық көрсетті. 1943 жылдың 7 шілдесінде Белгород бағытындағы ұрыстарда Колбасов взводы зеңбіректерін ашық позицияға шығарып, немістердің 70 «Тигр» танкілерімен жекпе-жек ұрысқа кірісті. Жау үш рет шегініп, қайта шабуыл жасады. Колбасовтың взводы жаудың жаяу әскерлері тиелген 46 автомашинасын жойды. Сол жылдың 11 шілдесінде жау 150-ге жуық танкісі мен жаяу әскерін шоғырландырып, 288-гвардиялық атқыштар полкі қорғанысының сол қанатына лап қойды. Колбасовтың ержүрек артиллеристері жаудың 17 танкісіне оқ жаудырып, бірқатарын шығынға ұшыратты. Осы ұрыста жау взводтың расчетін қатардан шығарды. Колбасов жалғыз өзі әрі нысанашының, әрі оқтаушы мен снаряд тасушының міндетін атқарды. Жаудың 4 танкісін, 100-ден астам әскерін жойды. Колбасов қалған әскерлерімен қарсы шабуылға шығып, оларды қоршаудан алып өтті. Украинаны азат ету үшін болған соғыста ерлікпен қаза тапты. Ол Украина Полтава облысының Драбиновка селосында жерленді. КСРО Жоғарғы Кеңес Төралқасының Жарлығымен 1944 жылдың 22 ақпанында 199-шы гвардиялық артиллерия полкінің взвод командирі Н.Колбасовқа қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ленин ордені және “За боевые заслуги”, “За оборону Сталинграда” атты медальдармен мараптталған. Максимовка с. мектебіне Колбасов аты берілді.
Құрылған күні: 02.04.2020 13:20
Жаңартылған күні: 02.04.2020 13:21
Қаралым саны: 1768