Музейге жәдігер сыйла
Музей адамдарды өзіне тартатын жақсы қасиеті бар ма, әйтеуір осында бір келген адам қайтадан оралады.
Осыдан екі жыл бұрын Камбетова Күлбашира апай өз әкесінің ҰОС ардагері, 1915 жылы туылған Камбетов Каменнің саптама былғары етігін музей қорына тапсырған болатын. К. Камен бұрынғы Көкшетау облысының Қызылту ауданының Қаратеркек ауылында дүниеге келген. Сол ауылдан 1941 жылы майданға аттанады, атқыштар дивизиясы қатарында соғысады, жауынгерлік наградалары бар. Оң қолына жарақат алған соң үйіне демобилизацияланып оралады. Елге оралған соң көп уақыт бойы Киров атындағы колхозда мал шаруашылы бригадасының бригадирі болып жұмыс атқарады, кейін орманшы болған. Осы жерге ең алғаш келген тың игерушілерілер Украинаның Херсонский облысынан болған соң 1954 ж. Херсонский с/з болып қайта құрылады.
Камен және оның жары Күлжиянның (1922 ж.) отбасында 8 қыз бала дүниеге келген. 1978 жылы анасы дүниеден ерте озады, ал Камен болса және 11 жыл өмір сүріп 1989 жылы қайтыс болады. Балалары болса отбасылық тарихты жақсы сақтап құрметпен қараған. Солардың бірі ретінде Каменова Күлбашира біздің музейге өз ата-анасының марапаттау куәліктері мен құжаттардан тұратын кешенді жәдігерлерін сыйға тартты. Бұл отбасылық жәдігерлерді Зайра апасы қара шаңырақтан әкеліпті. 2017 ж. бастап Көкшетауда тұрып жатыр. Бұл кешенді жәдігерлердің қатарында анасы Күлжиянның түлкі-ішігі мен плюш шапаны да бар, 1960 жылдары ауылдағы ісмер-тігіншіге тіктірген екен. Бисермен өрнектеліп тігілген қара бархытты тақия және апалы-сілілеріне арнап жеңгесі тігіп берген түлкі кескінді бөрік те бар.
Біздің үлкен мемлекетіміздің тарихы осындай шағын отбасылардың тарихынан бастау алатыны белгілі. Өз қара шаңырақтары мен ата-аналарына жақсы сый-құрмет көрсете білген осындай адамдарға алғысымыз шексіз!
Құрылған күні: 03.03.2018 0:35
Жаңартылған күні: 03.03.2018 12:37
Қаралым саны: 2350