Ақан сері Қорамсаұлының 175 жылдығына арналған «Мәңгілік әуені» Этноday іс-шарасы
2018 жылы суырып салма ақын Ақан сері Қорамсаұлы (1843-1913) 175 жасқа толады. Мерейтой жылы Ақмола облысының мәдениет басқармасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2018 жылдың 15 наурызында Қазақстанның облыстық тарихи-өлкетану музейлері директорларының, ғалымдар мен зерттеушілердің, ақынның кәсіби және халық әндерін орындаушыларының қатысуымен Ақан серінің шығармашылығына арналған«Мәңгілік әуені» Этноday іс-шарасын өткізуді жоспарлауда.
Іс-шараның мақсаты музей құндылықтары мен театр өнеріне, ұлттық дәстүрлерге, тарих пен мәдениетке, сал-серілердің музыкалық-поэтикалық шығармашылығына деген қызығушылықтары мен құрметін дамыту арқылы ұлттық тарих пен мәдениетті насихаттау болып табылады.
Іс-шараның негізгі тақырыбы: Шығармалары қазақ халқының музыкалық мұрасының асыл қазынасына енген, 2018 жылы 175-жылдығы аталып өтілетін ұлы суырып салма ақын Ақан серінің музыкалық шығармашылық мұрасын насихаттау.
Ақан серінің махаббат символына айналған «Балқадиша», адалдық пен беріктіктің бейнесі болған «Құлагер» әні, «Маңмаңгер», «Мақпал», «Көкжендет», «Сырымбет» және тағы басқа ұлтымыздың музыкалық-әншілік қазынасында өз орындарын алған әндері орындалады.
Осы іс-шараның ерекшелігі оған Ақан серінің сүйіктісі Ақтоқты сұлудың жиен немересі Орынбасар Токенова қатысады. Ол көшірмесі облыстық музей экспозициясында көрсетілген Ақан серінің Ақтоқты сұлуға сыйлаған жүзігінің тарихын баяндайды.
Ақан серінің өмірі мен шығармашылығын бейнелейтін «Ақан серінің адалбақаны» атты қысқаметражды фильм көрсетіледі, Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармониясының атақты солисты, сал-серілер туындыларының антологиясын жинақтаған Сәрсенбай Хасеновпен кездесу ұйымдастырылады. Сәрсенбай Хасеновтың орындауындағы Ақан серінің «Балқадиша» атты өлеңіне «Көкшетау» ұлттық би ансамблінің хореографиялық композициясы көрсетіледі.
Ш.Құсаинов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театры әртістері жазушы Ғабит Мүсреповтың 1941 жылы жазған шығармасының сарыны бойынша қойылған «Ақан сері-Ақтоқты» спектаклінен үзінді көрсетеді, бұл сол заманның тарихи уақытына енуге мүмкіндік тудырады. Ерекше назар аударатын жәйт, 20 жыл бұрын театрдың шымылдығы бас режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жақып Омаровтың қойған осы спектаклімен ашылған болатын.
Этномереке барысында атақты Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырайдың музыкалық аспаптары мен Ақан серінің өзі пайдаланған заттарынан құралған көрме дайындау жоспарланып отыр.
Мереке облыстық музей қорынан алынған қазақтың көне күміс әшекейлері дефилесінің көрсетілуімен аяқталады.
Этноday мерекесіне өнер саласының зиялылар өкілдері, оқу орындарының оқытушылары мен студенттері және баспасөз өкілдері шақырылады.
Іс-шараның медиялық міндеті: Қазақтың дәстүрлі ән орындаушылығын насихаттау, тарихи тұлғаның шығармашылығымен танысып, патриоттық рухты тәрбиелеумен қоса жас ұрпақтың рухани-саналы құндылықтарын қалыптастыру.
Құрылған күні: 13.03.2018 13:45
Жаңартылған күні: 13.03.2018 10:46
Қаралым саны: 6306