Ұлыстың ұлы күні – НАУРЫЗ мейрамы құтты болсын!
Қазақтар Ұлыс күнді «жыл басы» санайды . Бұл күн – аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңелетін, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық орнаған күн. Қазақ елі осы күнді «Ұлыстың ұлы күні – ұлыс күн» деп атаған, жаңа күнтізбе бойынша 21-нен 22-не қараған түн осы күнге сәйкес келеді. Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қызыр аралайды екен. Сол себепті осы түн «Қызыр түні» түні деп аталады . Қыдыр мұсылман елінде ел аралап жүрген адам бейнелі «әулие», адамға «қамқоршы», «дәулет» беруші. Діни наным бойынша әр бір нәрсенің иесі болады-мыс. Мысалы: «құт», «дәулет», «ырыс». Олар түрлі құс, адам, жәндік бейнесінде ел кезіп жүреді-міс. Солардың бірі Қыдыр дейді. Сондықтан бақ-ырыс Қыдыр дарыған жыл болсын!
Ақ құю – қадым замандардан бері қаймағы бұзылмай келе жатқан қасиетті ырым. Жалпы, «ақтың» өзі қазақ ұғымында аса қадірлі тағамдардың бірі саналады. Қазақ халқы сүтті, қымызды, шұбатты, айранды, тағы басқа сүт тағамдарын «ақ» деп атайды да, оны қасиетті, киелі санатына жатқызады. Сол сияқты ақ түсі де адалдық, тазалық ұғымын білдіреді.
Наурыз күні әрбір үйдің дастарқанына ақтан (сүт тағамдары), көк ырыстан (дән тағамдары мен жеміс-жидектер) және қызылдан (еттен істелетін тағамдар) жеті түрлі дән қойылса, Наурыз түні үйдегі барлық бос ыдыстар аққа толтырылатын болған. Бұл келер жылы берекелі, ырысты, молшылыққа толы жыл болсын деген ниеттен туған. Ағарып таң атқанда, яғни Наурыз күні таңертең ертемен ерлер қолдарына күрек, кетпен, ал қыз-келіншектер құрт, ірімшік, сүт, піскен ет алып далаға шығады. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп қаумаласқан жігіттер айнала төңіректегі бастаулардың көзін ашса, «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын!», «Бір тал кессең, он тал ек!» деген қариялар бұлақ басына тал егеді. Әйелдер атып келе жатқан Күнге тәу етіп, «Армысың, қайырымды Күн-Ана!» деп иіліп сәлем береді, «Кеудесі түкті Жер-Ана, құт дарыт, жарылқа!» деп ашылған бұлақ көзіне май құйып, жаңа егілген ағаштарға ақ бүркеді.
Осындай ырым-жоралғылардан музей ұжымы да құр қалмай ауладағы ағаштарға күтім көрсетіп, ақ құю рәсімдерін орындап, жаңа жыл бастауы Наурызға деген ырым-жоралғылары жасалынды.
Отпен аластау рәсімі, бұл дәстүрдің шығу төркіні тым ерте замандардан басталса керек. Көшпелі сақтар мен массагеттердің құт-береке, молшылық құдайы – Анайтис атты әйел жарылқаушысы болған. Ал ежелгі түркілердің мифологиялық көне түсінігі бойыншы жақсылық жаршысы – аспан шамшырағы, Күн бейнелі Ұмай Ана.
Қазақтар отты әулие деп санайды. Аса жоғары құрметтеудiң белгiсi ретiнде қазақтар отты ана деп атайды («От-ана»). Отта тазартушы қасиет бар деп түсiнедi, екi оттың арасынан өткiзiп тазартады. Оны "аластау" дейдi.
Ата-бабаларымыздың ұғымынша, «Күн», «Ана», «Құт-береке», «Молшылық», «Мейірім» - барлығы да бір ұғымға сиятындықтан музей ұжымы Наурыз мейрамында бұл рәсімді де орындады.
Отпен аластаудың себебі мен мәнісі, мына келе жатқан жаңа жыл бастауымызда, жеті қазынаның бірі саналатын ит жыланда ешқандай пәле-жала болмасын, ешбір жамандық болмасын деген ниетпен жасалды.
Бұл Наурыз мейрамын көргендер де бар, көрмей кеткендер де бар дегендей, шынымен бұл айда жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағына аман-есен жеткенімізге бір қуандық.
Атам қазақ айтқандай той қызығы байлықпен қарын тойдыруда емес, қайта көңіл көтеріп, рухани азық алуда. Көппен бірге көңілді отырып бір ұрттам қара су мен бір ыдыс-аяқ наурыз көженің нарқы есерлікпен өткізген 40 күндік саулық пен 40 жыл жинаған байлықтан артық деген жақсы-жақсы түсініктеріміз бар.
Осындай жақсы салт-дәстүр мен түсініктерді жүзеге асыру мақсатында музей ұжымы да қап түпінде қалған астарын жиып, әйелдер қауымы қазан-ошақтарын қайнатып, 7 түрлі тағамнан көже дайындап, көжеге арпа, бидай, қатық, туралған ет пен су-тұздарын қосып, бабалар дәстүрін жалғады.
Дән өсіп, өркендеуіміздің белгісіндей, су мен тұз ұжымның дәм-тұздары жарасып, мәңгі тату-тәтті өтуіне дәнекер болсын. Айран мен қатық – айрандай ұйыған отбасыларымызда бастарымыз бір болып, ақ көңіл адал ниетте болатындығымыздың куәсі болсын дегендей, ал қазан-ошақта пісірілген төрт жапырақ май мен еттеріміз төрт түлігіміз сай болып, бай бахытты тұрмыс кешуіміздің өмірлік бастамалары бола берсін, бүгінгі дәм-тұздан татқан үлкен-кіші буынның барлықтары рухани жасап қала берейік деген ниетпен басымыз жиылып армысың әз-Наурыз деп ас тартылып, қыстың ызғарынан жадап-жүдеген көңілдерімізді ұжым болып бір көтеріп тастадық.
Осындай жақсы жиын-тойлар жыл бастауы Наурызда, келген ит жылында азаймай, Тәуелсіз Қазақстанымызбен бірге бай қуатты өмір кеше берейік!
Наурыз баршамызға құтты болсын!
Құрылған күні: 20.03.2018 14:10
Жаңартылған күні: 16.04.2018 11:14
Қаралым саны: 3168