Ақмола облыстық тарихи – өлкетану музейінің Абылай хан залы жаңа туындымен толықтырылды
Ақмола облыстық тарихи – өлкетану музейінің Абылай хан залы жаңа туындымен толықтырылды. Музей атақты қазақстандық суретші Дулат Қоспановтың «Абылай хан»туындысына ие болды. Картина алғаш рет облыстық музейде суретшінің 70-жылдық мерейтойына арналған жеке көрмесінің барысында ұсынылған болатын. Абылай хан көрнекті мемлекет қайраткері, батыл қолбасшы және көреген саясаткер ретінде қазақ халқының есінде сақталған. Абылайдың образы Бұқар, Үмбетей, Шәди төре Жәңгірұлы жыраулардың күйлерінде, Көпбай Жанатайұлы, Мәжит Айтбаев поэмаларында, І.Есенберлин, Ә.Кекілбаев, К.Жұмаділов және т.б. шығармаларында көрініс тапты. Абылавй хан тұлғасы отандық және шетел ғалым-зерттеушілері – Ш.Уәлиханов, В.Бартольд, Н.Мынжани, Р.Сүлейменов, М.Мағауин, Дж.Уиллердің назарын аударды. Абылай образы әлі күнге дейін заманауи жазушылар мен суретшілердің қызығушылығын туғызуда, атап айтқанда Абылай тақырыбы Дулат Қоспановтың барлық шығармашылығының арқауы. «Абылай хан» картинасы жылы бояуы мен тұрақтылығымен сипатталады. Суретші басқарушының жауынгер мінезін шебер бейнелеген. Бұл жұмыс түстердің табиғи ауысуы пайда болатын мөлдір бояулардың бір-біріне жұқалап салынуымен сипатталатын мөлдірлету тәсілімен орындалған. Ханның қолында әмірші ресми салтанаттар барысында ұстап тұратын басқарушының жоғары билігінің символы – асатаяқ бейнеленген. Суретте ұлттық ою-өрнектің барлық элементтері ескерілген. Хандық ақсүйектер – төре-ақсүйектердің белгісі салынған. Шебер Д.Қоспановтың бояуы бойынша өресі биік жұмысы ХVІІІ ғасырдың халықаралық саяси сахнадағы ең маңызды тұлғалардың бірі болған ұлы ханның мінезін дәл көрсетеді.
Құрылған күні: 21.08.2018 10:23
Жаңартылған күні: 21.08.2018 10:23
Қаралым саны: 2489